Мектеп директорларының тәртіптік жазаға тартылуына пандемия кезеңінде мұғалімдерді жұмысқа шығуға міндеттегеуі себеп болған. Көктемгі демалыс уақытында педагогтердің қашықтан қызмет ететіні және еңбек ақысының толық сақталатыны туралы бұған дейін сөз еткенбіз.
COVID-19 жұқтыру қаупін азайту бойынша шараларды күшейту аясында қабылданған Білім және ғылым министрінің бұйрығына сәйкес, 16 наурыздан бастап еліміздегі барлық педагог көктемгі демалыс уақытында қашықтық режимінде жұмыс істейді. Алайда кейбір мектеп басшылары мұғалімдерді жұмысқа шығуға міндеттеген.
«Мұндай жағдай, әсіресе, Түркістан және Алматы облыстарында бой алғаны анықталды. Ұстаздарды жұмысқа шақыртқан мектеп басшыларына тәртіптік жаза қолданылды.
Педагогтер әдістемелік және каникулдан кейінгі сабаққа дайындық жұмыстарын қашықтан атқаруы тиіс. Сондай-ақ, пандемия кезеңінде педагогтердің еңбек ақысы толық көлемде сақталады, яғни үйден жұмыс істеу ұстаздардың айлығына әсер етпейді», делінген Білім және ғылым министрлігі баспасөз қызметінің хабарламасында.
Айта кетейік, төтенше жағадай жарияланған 16 наурыздан бастап ЖОО мен колледждердегі оқытушылар да қашықтан жұмыс істеуге көшкен болатын. Сондықтан олар да пандемия кезінде оқу орнына қатынамауы қажет.