Бұл процесті арзан мұнай мен қымбат АҚШ доллары тездетіп жіберді. Қысылтаяң уақытта қаржы үнемдеуге һәм білікті мамандарын сақтап қалуға тырысқан қаржы сегменті fintech-пен интеграцияны жеделдетуге мүдделі екенін ашық айта бастады. Бұл фактор банктер арасындағы бәсеке тек клиент үшін ғана емес, қаржы технологиясының соңғы үлгілері үшін де жүретінін, кім алда болса, соның бәсі басым боларын байқатты.
Сенімсіздік синдромы
Қаржы секторындағы қазіргі жағдай шегінетін жол жоқтығын, ақпараттық технологияның мүмкіндіктерін бүгін қолданбаса, ертең кеш қаларын аңғартты. Себебі Ресей басылымдары Орталық банктерінің «cryptocurrencies» тестілеуді және цифрлы рубльді шығару мүмкіндігін зерттей бастағанын хабарлап жатыр.
Біздің ел де бұл бағытта қара жаяу емес. Қазақстанның қаржы секторының өз жетістіктері бар. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің хабарлауынша, елдегі ең танымал fintech бағыттар – электронды төлемдер, аударымдар, валютаны конвертациялау және онлайн-сақтандыру сегменттері IT-мен интеграциялануға ниеттене бастады. «Қазақстан нарығында интернеттік және қаржылық технология стратегиясының операторына айналған ойыншылар бар. Екінші жағынан, онлайн-құралдар бизнесті жүргізудің классикалық тәсілдеріне қосымша ретінде дәстүрлі тәсілмен қатар жүре береді. Мұны саяси тілмен бейбіт қатар өмір сүру дейді. Қазір екі бағыттың қайсысының жоғалатынын немесе қайсысының жеңіп шығатынын айта алмайсыз», дейді Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының Қаржылық технологиялар мен инновацияларды дамыту орталығының директоры Константин Пак.
Бүгінгі таңда цифрлы технология барлық банктік қызметтерді онлайн-режімде жүргізуге мүмкіндік береді. Сарапшылар бұл фактордың қаржы ұйымдарының ресурстарын үнемдегенін айтады. Бірақ азаматтардың консервативті көзқарастан арыла алмауы банк секторының технологиямен интеграциялануына кедергі келтіріп жүр.
Өткен аптаның соңғы жұмыс күнінде банк және сақтандыру сегменті өкілдерімен онлайн-жүйе бойынша өткен кездесу кезінде «Хоум Кредит Банкі» өкілдері қазақстандықтардың 70%-ы смартфон ұстаса да, банктердің кеңсесіне баратынын айтты. Демек, технологиялық жабдықталу тұрғысынан алып қарағанда, IT-мен интеграциялануға дайынбыз. Бірақ тағы да сенімсіздік синдромы кедергі келтіреді. «Смартфонмен жасалған операциялар тиісті жерге жетпейді, сол себепті банк филиалына барып, қолмен тапсырғаным дұрыс» деп ойлайтындардың қатары әлі де көп.
Цифрлы технологияның дамуы мен енуіндегі локомотивтердің бірі – биометрия. Шетелдерде ол 1990 жылдардың ортасынан бастап қолданыла бастаған. «Қазір Ұлттық банк тарапынан қаржы институттарының клиенттеріне биометриялық сәйкестендіру механизмі арқылы қаржылық қызмет алуға мүмкіндік беру жұмыстары жүргізілуде. Жүйенің жұмысын тексеру үшін 20 шақты банкте сынақтан өткен платформа жасалды», дейді Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының өкілдері. Қауымдастық баспасөз қызметіне хабарласып, «Хоум Кредит» және «Халық банк» жаңа технологиялар мен цифрлы өнімдерді сынақтан өткізетінін білдік.
Қалай болғанда да, елдегі барлық банк цифрлы жүйелерді енгізіп жатыр. Бір жерде қызметтердің енуі терең, ал кейбір қаржы институттары әлі де одан қаржы үнемдейді, шығындарын ұлғайтып немесе кемітіп көрсетуге тырысады. ВТБ өкілдері осы жиында шығындарды жасырмайтынын, мұның пайдасынан зиянының көптігін ашып айтты. 2018 және 2019 жылдары осы банкте жылдық бюджеттің үштен бір бөлігі IT-ге бөлініп, ақшаның көп бөлігі ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жұмсалған екен. «Біздің несиелік қызметті автоматтандыру жүйесі несие алуға өтінімдер ағымын 4 есеге ұлғайтты, несие беру туралы шешім қабылдау мерзімі 3 есеге қысқарды. Нәтижесінде банктің бөлшек саудадағы несие портфелі 17%-ға өсті», дейді ВТБ-ның басқарма төрағасы Дмитрий Забелло.
Кез келген технологиялық инновацияны енгізу туралы шешім қабылдаған кезде ВТБ оны үш негізгі критерий бойынша бағалайды. Ол – қызмет қауіпсіздігі, функционалдылық және қаржылық тұрақтылық. «Біз мүлдем жаңа технологиялар нарығын ұсынбаймыз. Тек қана ақпараттық қауіпсіздік қалқанын құруға, клиенттеріміздің жеке дерегін қорғауға және бизнестің тиімділігін арттыруға бағытталған жобаларға артықшылық береміз», дейді Д.Забелло.
«Хоум Кредит Банкі» өкілдері болса елімізде алғашқылардың бірі болып смартфондағы қосымшаның көмегімен несиені өңдеу және өтеу үшін толыққанды өзіне өзі қызмет көрсетуді жетілдіріп жатқанын айтты. Бұл жүйе бойынша онлайн- режімде депозит ашуға, кез келген банк карточкаларына ақысыз аударым жасауға, телефон нөмірі бойынша аударым жасауға да мүмкіндік бар. Сондай-ақ үйде отырып карточкаңыздың нөмірі арқылы валютаны айырбастауға болады. «Жалпы алғанда, банктік fintech-тің төрт негізгі бағыты бар: онлайн несие беру, электрондық коммерция, интернет-қызметтер және транзакциялық қызметтер. Статистикаға келетін болсақ, мобильді қосымшамыз желіде 50 мыңға жуық ақшалай несие береді, айына 1 миллионнан астам пайдаланушыны қабылдайды, жылына 28 миллионнан астам ақпаратты қайта өңдейді», дейді осы банктің өкілдері.
«Жусан банктің» мобильді қосымшасы арқылы төлемдер мен аударымдарды, банк карточкасымен депозит ашуға болады. Сонымен қатар бұл банк саяхатшыларға арналған карта, жеке мобильді қосымшасы бар балалар карталарын айналымға енгізді. Бұл жобаны әзірге өзге банктер қолданысқа енгізіп үлгерген жоқ. Сондықтан жаңа жобаның банк үшін тым қымбатқа түскенін IT-мамандар растайды. Ақпарат көздерінен анықтағанымыздай, «Жусан банк» бұған дейін қолданыста болған ақпараттық-цифрлы жобалардан бас тартып, тек өздерінің экожүйесіне басымдық берген. «Біз клиенттеріміздің қаржылық-цифрлы қажеттіліктерін қанағаттандыратын жекеменшік экожүйені қалыптастырамыз. Сол арқылы тәуліктің кез келген уақытында қызмет көрсете алатынымызды дәлелдегіміз келеді», дейді «Жусан банк» өкілдері.
Сақтандыру секторы да көштен қалмауы тиіс
Сақтандыру сыйақыларының жалпы көлемінде сақтандырушылардың корпоративті ресурстары арқылы онлайн-режімде жасалған келісімшарттар үлесі әлі де аз. Сарапшылар мұның бәрі қазақстандық клиенттердің төлем қабілетінің төмендігімен түсіндіріп келген болатын. Сақтандырушылар аз ақша төлеп, көп салым алғысы келеді. Сол себепті компаниялар да жаңа технологияларды аса сақтықпен енгізіп жатыр. Мәселен, «Коммеск-Өмір» клиенттеріне апат кезінде жедел көмек көрсету үшін жағдайды онлайн-режімде бақылауға және олардың қызметін үйлестіруге мүмкіндік беретін мобильді қосымша ұсынады. «Жыл аяғына дейін онлайн-төлем қызметі енгізіледі, яғни веб-сайт арқылы сақтандыру жағдайы туралы хабарлауға, одан кейін банктік карточкада сақтандыру төлемін ала отырып, залалды бағалау туралы өтініш жіберуге болады», дейді осы компания өкілі Олег Ханин.
«Фридом Финанс» сақтандыру компаниясы бөлшек нарыққа жалғыз өнім – OGPO автокөліктерін міндетті сақтандыру арқылы кірді. «Біздің міндетіміз, сақтандыруды толығымен онлайн-режімге ауыстыру. Бірінші қадам – полистерді онлайн-тіркеуді енгізу. Екінші кезең – қашықтан қайта шығару және полисті тоқтату мүмкіндігін енгізу. Үшінші кезең – онлайн-төлемдерді жүзеге асыру және сақтандырудың басқа түрлерін осы форматқа бейімдеу», дейді аталған компанияның басшысы Дәулет Ақыжанов.
Кез келген технологияны енгізу инвестицияны қажет етеді. Саланы алға ілгерілететін технологияға басымдық берілгенде бизнесті жүргізу оңтайланады. Өткен жылы «Фридом Финанс» эко-жүйеге басымдық беріп, терминалдар желісінен аккаунт ашқан. Алғашқы жылы мұның шығынын сақтандыру агенттіктері немесе филиалдар кеңсесін ұстап тұруға жұмсалған шығыннан екі есе көп болыпты. Бірақ екінші, үшінші жылы экожүйе компанияның 5 млрд теңгесін үнемдеген. Дәулет Ақыжанов бізбен әңгімесінде қаржы институттарының басым көпшілігі биометриялық мәліметтер ресми мәртебеге ие болады деп күтетінін, қаржылық қызметтерді интернеттен алуға болады деген үмітпен өмір сүретінін айтты. «Біз Ұлттық банктің, Қаржыгерлер қауымдастығының ақпаратты технологияны батыл енгізу керек деген бастамасын қолдаймыз. Таяу болашақта ақпаратты технологиялардың көмегімен кез келген терминалдан немесе әлеуметтік желіде аккаунт ашу технологияларды іске қосуды тездетуге көмектеседі», дейді ол.
«Nomad Insurance» сақтандыру компаниясының басшысы Дәурен Иманжанов та онлайн-сақтандырудың артықшылықтары көп екенін айтты. «Интернетті пайдалану өнімнің құнын төмендетуі мүмкін. Шығындардың өзі ақпараттық жүйелер мен маркетингтің дамуының деңгейіне байланысты. Оның деңгейі көтерілген сайын баға да төмендей береді. Қазір бұл сегмент арзан емес, бірақ сатудың дәстүрлі арналарына қарағанда жинақтау маржасын үнемдеуге болатынын клиенттер білді. Сондықтан олар онлайн-сақтандыруға басымдық бере бастады», дейді ол.
Оның айтуынша, сақтандыру секторында көп мәселе мемлекеттік дерекқорларға, сондай-ақ түрлі реттеуші органдардың дайындығына байланысты. Дәл қазір компаниялар мен реттеуші органдардың бір-бірін қатты асықтыруына да болмайды. Бірінші кезекте сақтандырушылардың төлем қабілеті ескерілгені жөн. Сондықтан шығынға қарамастан, төлем түрлерін клинеттердің жағдайына бейімдесе, нарықтағы орны нығая түседі.