Еліміздің Ата Заңы өзінің ең алғашқы бабын Қазақстанның ең қымбат қазынасы адам және адамның өмірі, құқықтары, бостандығы деп бастайды. Жер бетінің әр адамы үшін бұл құндылықтардан асқақ не бар? Ата-бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ бiлектiң күшiмен белдескендегі қол созған ақ арманы осы тәуелсiздiк, бостандық болатын. Ендеше, тәуелсіздігімізді паш ететін ең басты құжатымыз аты айтып тұрғандай – Ата Заңымыздың туылған күні бәрімізге құт әкелсін дейік!
Еліміздің Ата Заңы өзінің ең алғашқы бабын Қазақстанның ең қымбат қазынасы адам және адамның өмірі, құқықтары, бостандығы деп бастайды. Жер бетінің әр адамы үшін бұл құндылықтардан асқақ не бар? Ата-бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ бiлектiң күшiмен белдескендегі қол созған ақ арманы осы тәуелсiздiк, бостандық болатын. Ендеше, тәуелсіздігімізді паш ететін ең басты құжатымыз аты айтып тұрғандай – Ата Заңымыздың туылған күні бәрімізге құт әкелсін дейік!
Кейде мемлекетіміздің қолданыстағы заңдарына жете көңіл бөле бермейтін азаматтардан Ата Заңымызға күмән тудырып, халыққа теріс пікір айтып, ақ тер, көк тер болып, өз ойымен өзі шатасып жататындарды естиміз де, көреміз де. Мысалыға, жеке қабылдауға келген жоғары білімді дейтін азаматтардың кейбірі өкінішке қарай, «Бұл заңдар кімге керек? Ол бәрібір бізде жұмыс істемейді» деп шолақ кесе салады. Әрине, оларға заңдардың мәнін түсіндіріп беруге тырысамыз. Бірақ қанша тырысқанымызбен зиялы қауым өкілдері өздерінің жаңсақ пікірлерін жалғастырып жатады.
Өз басым мұндай азаматтарды қазақ елінің болашағына күмән келтірушілер мен болашақта дамыған қазақ елін көруге құштарлығы мен аңсары аумайтындардың қатарына жатқызар едім. Алаш ұлы Жүсіпбек Аймауытов өзінің «Ұлтты сүю» деген еңбегінде «Қазақты тура жолға бастайтыны да, адастыратыны да оқығаны» дейді. «Ұлты үшін құрмет қылмай, бас қамын ойлап жүрген азаматтардың елі артта қалады...» дейді Жүсіпбек ағамыз тағы да. Қол қусырып отырғанымен қоймай заңдардың «мүлде жұмыс істемейтіні» туралы дәлел-дәйексіз іші қуыс әңгіме айтатындарға бұл сөз жігер салуы керек-ақ. Әйтпесе, «Жер жүзінде екі мың миллионнан көп артық адам бар, екі миллиондай қазақ бар. Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, өнер іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды. Бірімізді біріміз аңдып, жаулап, ұрлап, кірпік қақтырмай отырғанымыз...» деп Абайша бәріміз күңіренетін боламыз.
Әрине, келісемін, кейде бізде халыққа өздерінің заңды құқықтарын түсіндіру сияқты ақпараттық-насихат жүргізу жағы ақсап жатады. Бұл мүлде бөлек әңгіме. Бізге әлі де осы бағытта көп жұмыстар жасау қажет. Сөзімнің тоқетері Ата Заңның тілімен айтсақ мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық, сондықтан заң да, билік өкілдері де тек халық пайдасына еңбек ету керек. Ал халық өзінің бар білімі мен ілімін мемлекеттің күшеюіне ғана жұмсауы керек. Ал мемлекеттің күшеюінің басты белгісі Ата Заңымыздың тұғырлығына күмән келтірмеу! Біз «өзімізді-өзіміз сыйласақ қана жатты жанымыздан түңілдіретінімізді» естен шығармауымыз керек.
Енді сот төрелігінің маңызы туралы бірер сөз. Сіз өзіңізге қарсы бағытталған заңсыздықты байқасаңыз сотқа жүгінуге құқылысыз! Мұны есі кірген әр азамат біліп жүргені дұрыс. Өйткені, біздің елде бұзылған құқықты тек сот арқылы ғана қалпына келтіруге болады. Ал сот тек Конституцияға және заңдарға жүгініп шешім қабылдайды. Бұл құқық Ата Заңымыздың соттар және сот төрелігіне арналған 7-бөлімімен реттелген. Демократиялы елді сот жүйесінсіз елестету қиын. Бірақ та елестетіп көрелік.
Жер бетінің әрбір алтыншы тұрғыны үндістандықтар екен. Сол Үнді елінде 60 миллиондай адам діни сенімдеріне байланысты «қол сұғылмайтындар» қатарында, яғни төменгі каста мүшелері болып өмір сүреді. Зерттеушілер оларды «сот жоқ каста» деп те атайды. Олардың өмірлерін адам басына бермесін, өмір дей алмайсыз. Мысалыға сіз Үндістанда тұрасыз делік. Сіздің ата-бабаларыңыз осыдан екі мың жыл бұрын индуистік діни наным канондары бойынша шалт басып, қарғысқа ұшыраған. Сіз солардың ұрпақтары ретінде күні бүгінге дейін ата-бабаларыңыздың күнәсін мойныңызбен көтеруге мәжбүрсіз. Өміріңіз нағыз тамұқ сияқты. Ешкім сізге жұмыс бермейді. Тіпті бүкіл ауыл болып ішетін судан да су іше алмайсыз, сізге шалшық су ғана бұйырады. Дүкенге кіре алмайсыз, сі зді аяп біреу нан лақтырса, соны ғана қанағат тұтасыз. Егер балаңыздың аты бір құрметті азаматтың атымен сәйкес келсе, сәбиіңізді өлтіріп кете алады. Ұрпағыңыздың құны жоқ. Ол әрекеттері үшін ешкім жазаға да тартылмайды, демек, оларды сотқа да бере алмайсыз. Үндінің саяси қайраткері, ұлы жүректі Махатма Ганди мемлекет басқарғанда осы касталарды жоюға көптеген әрекеттер жасаған. Бірақ, ештеңе де істей алмаған деседі. Қолынан бар келгені сол кастаның аш-жалаңаш бір сәбиін алып, өзінің атына жаздырып, туған қызындай бағып қаққан. Америка ғалымдары бұл касталардың сотқа жүгіне алмауын ең сорақылық түріне жатқызған екен.
Біздің елімізде әрбір туылған азамат елдің байлығы. Оның туа бітті құқығының қорғалуы Ата Заңмен реттеледі және әрбір азамат сотқа жүгініп қана қоймай, сотта өз сөзін тыңдатуға, өзінің заңды құқықтарын қалпына келтіруді талап етуге құқылы.
Сөзімнің соңында әрдайым егемендiгiмiз еңселi, тәуелсiздiгiмiз тұғырлы, Ата Заңымыз ғұмырлы болсын деймін!
Ақжан ЕШТАЙ,
Ақмола облыстық сотының
төрағасы.