Әлем жұртшылығын дүрліктірген үрейлі індет Еуропаға, оның ішінде Италия мемлекетіне ауыр соққы болып тиіп отыр. Италияда COVID-19 коронавирусына шалдығып қайтыс болған дәрігерлердің санының өзі 61 адамға жеткен. Бұл ретте 11 дәрігер екі күннің ішінде көз жұмған. Бұл туралы ANSA агенттігі хабарлады.
FNOMCEO Ұлттық дәрігерлер гильдиясы федерациясы өлімге апарған соңғы оқиғалардың қайда болғанын хабарламаған. Дегенмен бұл оқиғалар коронавирустан ең көп зардап шеккен Ломбардияда болуы мүмкін. Соңғы мәлімет бойынша, Италияда коронавирус індетінен 10 779 адам қайтыс болған.
Агенттік таратқан мәліметке сәйкес, АҚШ-тағы Джон Хопкинс универститеті әлемде соңғы күндері қауіпті індетке шалдыққандардың саны күрт көбейгенін хабарлаған. COVID-19 атауымен белгілі коронавирус бүгінде 177 мемлекетке таралып, 35 мыңнан астам адамның өмірін қиған.