Жалпы, республикалық «Мектепке жол» акциясының аясында облыстық балалар құқықтарын қорғау басқармасының ұйымдастыруымен Ақтөбе қаласындағы «Тұран» мейрамханасында көпбалалы және аз қамтылған отбасылар балаларына дастарқан жайылды.
Жалпы, республикалық «Мектепке жол» акциясының аясында облыстық балалар құқықтарын қорғау басқармасының ұйымдастыруымен Ақтөбе қаласындағы «Тұран» мейрамханасында көпбалалы және аз қамтылған отбасылар балаларына дастарқан жайылды.
Бұған дейін «Патриций» мейрамханасында өткен шарада 17 балаға киім-кешек таратылса, осы жолы қала кәсіпкерлерінің және облыстық басқармалардың, жастар ұйымдарының қолдауымен 30 балаға мектеп киімдері мен оқушы құралдары берілді. Облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатованың арнайы сыйлығы бірінші болып биыл мектеп табалдырығын аттайтын Әлішер есімді бүлдіршінге тапсырылды. Оның өзінен басқа отбасында алты бауыры бар екен. Оқушыға қажетті заттарды сыйлыққа алған апасы Анаргүл екеуінің қуанышы шексіз. Балаларға сыйлық жасауға «Жас күш», «Жас қуат», «КВН одағы», «Жаңа толқын», «Атамекен» сияқты жастар ұйымдары үлес қосқан.
Облыстық балалар құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Күлпаршын Айдарханованың айтуынша, мұнда алты жыл қатарынан осындай шаралар өткізіліп келеді екен. Бұл жолы балаларды «Тұран» мейрамханасы жайған дастарқанға шақырған. Осы шараға 16 мекеменің, жеке ұйымдардың және қайырымдылық қорлары қолдау көрсетіпті. Мұндай имандылық шарасына ұйтқы болуды дәстүрге айналдырған басқарма ұжымы олардың акцияға атсалысып, балаларды қуантқандарына ризашылықтарын білдірді. Басқарма атына сай тағы бір игі іс тындырып, ата-аналар мен балалардың алғысына бөленді.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.