Конституция күні қарсаңында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының «Қала маңындағы тасымал» АҚ Астана-Павлодар бағдарына жаңартылған, жайлылығы жоғары электр-пойыз шығарды.
Конституция күні қарсаңында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының «Қала маңындағы тасымал» АҚ Астана-Павлодар бағдарына жаңартылған, жайлылығы жоғары электр-пойыз шығарды.
Пойыз «Қала маңындағы тасымал» АҚ жаңадан сатып алған жайлылығы жоғары вагондардан құралған. Ол бейсенбі, жұма, сенбі, жексенбі күндері «Астана-Павлодар» бағыты бойынша қатынайды.
«Демихов машина жасау зауыты» ААҚ жасап шығарған ЭД9Э сериялы электр-пойызы «Қала маңындағы тасымал» АҚ талаптарына сәйкес вагондардың техникалық және қуат үнемдеу қасиетін жақсартып, жетілдірілген. Әр вагонға бейнебақылау орнатылып, ауа баптау жүйесі енгізілген.
Электр-пойыз Астанадан 18 сағат 40 минутта шығып, 00 сағат 50 минутта Павлодарға келеді. Керекуден кері жөнелуі 9 сағат 29 минутта. Ол елордаға 15 сағат 30 минутта келеді. Небәрі алты сағатта арқадағы екі қаланы қосады. Жолшыбай Ерейментау мен Екібастұз стансаларында аялдайды.
Электр пойыз жайлы креслосы бар 10 вагоннан тұрады. Осының төртеуі бірінші санатты. Онда 206 жолаушыға орын бар. Ал, екінші санаттағы екі вагонға 92, үшінші санаттағы вагондарға 194 адам жайғаса алады. Аталған пойызбен барлығы 492 жолаушы жол жүре алады. Бірінші және екінші санатты вагондардың ішінде теледидар мен бар орналасқан.
Жол жүру құны Астанадан Павлодарға дейін бірінші санатты вагонда – 1956, 2 санатты вагонда – 1822, үшінші санатты вагонда 1514 теңге тұрады.
Қазіргі таңда «Қала маңындағы тасымал» АҚ республика бойынша 21 бағдарға 24 электр-пойызын шығарды. Соңғы жылдары аса жайлы 24 вагон сатып алынды. Шымкент пен Түркістан аралығына дизельді рельсті жылжымалы құрам қатынайды. Болашақта вагондардың жаңғырту ісін үздіксіз жалғастыратын боламыз, деді Астанадан жаңа жылжымалы құрамды шығарып салу рәсімінде «Қала маңындағы тасымал» АҚ президенті Баян Сүннатова.
«Егемен-ақпарат».