Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында төтенше жағдай кезіндегі еңбек қатынастарын ұйымдастыруға байланысты онлайн баспасөз мәслихаты өтті. Шараға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов қатысты.
Жиын барысында министр елімізде 42 500 теңгелік төлемді алу үшін ешқандай құжаттың қажеті жоқ екенін айтты.
«Біз жұмыс берушілерді жұмыс орындарын, жұмысшылардың жалақысын сақтауға, қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндік беруге және ақылы еңбек демалысына жіберуге шақырған болатынбыз. Бірақ өкінішке қарай, көпшілік мекеме, әсіресе орта және шағын бизнес өкілдерінің бұл талаптарды орындауға мүмкіндігі болмай отыр. Олар жұмысшыларын ақысыз демалысқа жіберуге, тіпті қысқартуға мәжбүр. Оның үстіне елімізде өз бетінше жұмыс істеп жүрген азаматтар да табысынан айырылуда. Елімізде статистика бойынша өзін өзі жұмыспен қамтыған 2 млн адам бар. Осыған байланысты Президенттің 23 наурыздағы тапсырмасына сәйкес төтенше жағдайда Мемлекеттік сақтандыру қорынан табысынан айырылған азаматтарға 42 500 теңге әлеуметтік төлем енгізілді. Қазір 1 мыңнан астам адам оны ала бастады», деді Б.Нұрымбетов.
Министрдің мәліметінше, Мемлекет басшысы осы әлеуметтік төлемді алу мәселесін жеңілдетуді тапсырған.
«Осыған байланысты тәртіпті өзгертудеміз. Сонымен бүгін Мемлекеттік сақтандыру қорынан 42 500 теңгені кім алады? Ол біріншіден жалдамалы қызметкерлер – орта және шағын кәсіпорындарда ақысыз демалысқа жіберілген жұмысшылар. Карантин жарияланған қалаларда бұл санатқа ірі кәсіпорындар да жатады. Екіншісі – жеке тұлғалар, өз бетінше жұмыспен қамтылғандар. Олардың ішінде жеке кәсіпкерлер бар – 1,5 млн азамат. Жеке практикамен айналысып жүрген (жеке адвокаттар, сот орындаушылар, нотариустар) 2 мыңнан астам азамат, 180 мың фрилансер бар. Олар да табыстарынан айырылуда. Соңғы 12 айда Бірыңғай жиынтық көлемін төлеген 316 мың адам бар», деді ол.
Әлеуметтік төлемді алу үшін азаматтарымыз не істеуі керек? Қайда және қандай құжат тапсыру керек?
«Біріншіден, енді ешқандай құжатты тапсырудың қажеті жоқ. Тек өтініш беріледі. Жұмыс беруші өзінің өтінішінде жұмысшыларының тізімін қосады. Бұл жерде табыстан айырылғанның төтенше жағдайға байланысты екенін ешкімге дәлелдеудің қажеті жоқ. Өтініште көрсетілген мәліметтер қабылданады. Екіншіден, бәрі электронды түрде болады», деді министр.
Сонымен қатар ол төлемді алуға болатын арнайы сайттың ашылатынын мәлімдеді.
«42 500 теңгені алу бойынша халықтан сұрақ көп келіп жатыр. Egov.kz порталына көп адам кіре алмайтынын айтуда. Сол үшін осы күнге дейін келе жатқан egov.kz порталындағы электронды өтініш сервисінде өтінішіңізді толтыруға мүмкіндік бар. Бұл жерде файлды тіркеу туралы талап алынып тасталады. Электронды өтінішке тек қана өзіңіз туралы мәліметті, жеке нөміріңіз бен карточкалық есепшотыңызды енгізесіз», деді Б.Нұрымбетов.
Министрдің айтуынша, ЭЦҚ-мен қатар СМС арқылы пароль алып, өз қолтаңбаңызды қоюға болады.
«Электронды үкімет порталына қазір көп адам кіре алмай жатыр. Сондықтан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі БТС компаниясымен бірлесе отырып, 42 500 теңгені алуға арналған арнайы сайт ашамыз. Бұл сайтта азаматтар өз өтініш қалдыра алады. Сайт ертең іске қосылады», деді ол.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі ай сайын азық-түлік топтамасын алатын азаматтардың санатын атады
«Мемлекет басшысы азық-түлік топтамасын алатын азаматтардың санатын белгілеу жөнінде міндет жүктеді. Азық-түлік топтамасын алу мүмкіндігі кімге беріледі? Оны атаулы әлеуметтік көмек алып жүрген отбасындағы барлық бала алады. Барлық топ бойынша мүгедектер (елімізде 695 мың) де, мүгедек баланы қарап отырған ата-ана, ресми түрде тіркелген жұмыссыз адамдар да азық-түлік топтамасына ие болады. Қазақстанда айына шамамен 1,5 млн адамға азық-түлік топтамасы беріледі. Оны іс жүзіне жергілікті әкімдер іске асырады», деді Б.Нұрымбетов.