Алматы облысында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында бөлінген қаражаттың 54 пайызы өңірдегі әлеуметтік-мәдени саланың мәселесін шешуге бағытталмақ. Мәселен, осы қаржыға өңірдегі мектеп жетіспеушілігін жоюдың сәтті мүмкіндігі туатын сияқты. Өйткені, аймақ бойынша салынып жатқан 16 мектепке қосымша тағы 7 мектептің құрылысы басталамақшы. Бұл қосымша 10,2 мың баланы орынмен қамтымақ.
Жалпы, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында бөлінген қаражатты тиімді игерген жағдайда биыл Жетісуда 23 мектепті іске қосуға болады екен. Ал бұл үш ауысымды мектеп санын азайтуға жол ашпақ. Қазір облыста 32 үшауысымды мектеп бар.
Айтпақшы, бөлінген қаржы мектеп құрылысынан бөлек жергілікті жердегі медицина мекемелерін жаңа ғимаратпен қамтуға мүмкіндік бермек. Бүгінде аймақтағы 5 ауылда дәрігерлік амбулатория салу жоспарланыпты. Сондай-ақ «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында өңірдегі 53 елді мекеннің сумен жабдықтау нысандары қайта жаңартылып, жөнделмек. Тағы 84 елді мекенде абаттандыру жүргізіп, 220 елді мекеннің 500 шақырым жолын жасау да осы қаражаттың есебінен жоспарланған екен.
Алматы облысы