Елорда әкімдігінде блок-бекеттер арқылы кәсіпкерлерге Нұр-Сұлтан қаласының аумағына өту үшін қандай құжаттардың қажет екендігі айтылды, деп хабарлады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
«Блок-бекеттер арқылы Нұр-Сұлтан қаласының аумағына кіру немесе оның аумағынан шығу мына құжаттарды көрсету кезінде ғана жүзеге асырылады: тауарларды жеткізушілердің жеке басын куәландыратын құжат немесе олардың төлқұжаты, тауарға (азық-түлік тауарлары, құрылыс материалдары, дәрі-дәрмек мен темекі бұйымдары) арналған тауар-көлік жөнелтпе құжаты. Сондай-ақ, тауарларды жеткізушілердің жеке санитарлық қорғаныс құралдары, санитайзерлері мен гигиеналық құралдары (қосымша бетперделер мен резеңке қолғаптар) болуы қажет», – делінген хабарламада.
Мұнымен қоса, ұзақ мерзімге қала аумағына келген көлік құралдары есепке алынатын болады. Аталмыш жүк көліктерінің қозғалысына штабтың келісімінсіз жол берілмейді.