Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов пен білім беру басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиев тікелей эфирге шығып, облыстың қашықтан оқыту тәсіліне көшуге дайын екенін мәлімдеді.
Оқушылардың басым бөлігі ІV тоқсанды онлайн режимінде бастайды. Бұл бағытта олар гаджеттермен және интернетке қолжетімділікпен қамтамасыз етіліпті.
Ал алыс ауылдардағы шағын мектептер бұрынғыша жұмыс істей беретін көрінеді. Бұл санатқа енетін 123 білім ошағында 7 624 бала оқиды екен. Төртінші тоқсан басталысымен, аталған мектептер екі ауысымда жұмыс істейтін болады. Сыныптардың толымдылығына қарамастан, кабинеттік жүйе алынып тасталады. Бұдан бөлек, бұл мектептердегі санитарлық режим күшейтіледі.
– Сәуірдің 6-нан бастап оқушылар арасында қашықтан оқыту басталады. Бұл Қазақстан үшін, біз үшін тың тәжірибе. Сондықтан, біз осы жаңалыққа, әсіресе, ата-аналар тарапынан түсіністікпен қарауды сұраймыз. Дәл қазіргі уақытта ата-аналардың басты міндеті – балалармен, мектеппен және мұғалімдермен бірге ақпарат пен білімнің пайдалы және өнімді көздерін іздеу және қолдану деп ойлаймын. Бұл бағытта біз бірлесіп жұмыс істеуіміз керек. Құрметті ата-аналар, біз біргеміз! Осы қиындықтарды бірге өткереміз. Ең бастысы – өздеріңіз бен жақындарыңыздың денсаулығына жауапкершілікпен қарап, карантиннің барлық талаптарын сақтаңыздар, – деді Абзал Нүкенов.
Облыстық білім беру басқармасының басшысы Есенғазы Иманғалиев өңірдегі онлайн-оқыту жүйесінің қалай іске асырылатыны туралы айтып берді.
– Облыстағы 187 198 оқушы, яғни жалпы санның 94%-ы интерактивті платформаларда оқитын болады. Бұл санаттағы балалар компьютерлермен, гаджеттермен және интернет желісіне қосылу мүмкіндігімен толық қамтамасыз етілген. Оқушылардың 2% немесе 4 619 бала үшін қашықтан оқыту «Ел арна» және «Балапан» республикалық арналарында телевизиялық сабақтар арқылы ұйымдастырылады. Бұл сабақтар тек телеарналарда ғана емес, интернетте де, радиода да қолжетімді болады, – деді ол.
Сондай-ақ Есенғазы Иманғалиев телесабақтар арқылы білім алған оқушыларға материалдар мен тапсырмалар поштамен жіберілетінін атап өтті.
Қарағанды облысында мектебі жоқ 125 ауыл бар екен. Онда тұратын 2 105 оқушының 1 477-і қашықтан білім алатын болды. Бүгінгі күнде олар гаджеттермен және интернетке қолжетімділікпен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, 105 бала оқуды теледидардың көмегімен жалғастырады, ал оларға тапсырмалар пошта арқылы жіберіледі. Тағы 453 оқушы жақын маңдағы ауылдардағы мектептерле оқитын болады. 70 бала туыстарына уақытша көшіріліп, олардың 15-і қашықтан және 55-і дәстүрлі түрде білім алады.
Қашықтан оқыту кезеңінде аймақтың интернет-провайдерлерімен арада пайдаланушыларды нөлдік теңгерімде болса да желіден ажыратпау туралы келісім бар. Сонымен қатар, BilimMediaGroup және DarynOnline білім беру платформаларына кіру тегін болады.
Спикерлердің айтқанына сенсек, қазіргі уақытта облыс бойынша 12 мың оқушы мен 2 мың ұстаз гаджеттермен қамтамасыз етілген екен. Сондай-ақ, оларға 14 мыңға жуық мектеп компьютері уақытша пайдалануға беріледі. Бұған қосымша 1049 планшет пен 150 компьютер сатып алынған.
Көпбалалы және аз қамтылған отбасылар да ұмыт қалмады. Бұл санатқа енетін 1915 оқушы демеушілердің қаражаты және бюджет есебінен интернет-байланыспен қамтамасыз етілді.
Еске салар болсақ, облыста 1 сәуір күні 16 мың онлайн-сабақ өтіп, оған 166 мың оқушы қатысқан болатын. Яғни, өңір педагогтарында аз да болса бұл бағытта тәжірибе бар.
Жалпы, қашықтан оқыту кезеңінде мұғалімдерге скриндер жасап, өткізілген сабақтар туралы есептерді тапсырудың қажеті жоқ және оқушыларға баға қойылмайды.
Брифингке қатысқан спикерлер мектеп түлектеріне арналған емтихан пішімі мен тестілеу кезеңі бұрынғыдай қалатынын жеткізді. «Әзірге бұл мәселеге қатысты өзгерістер болатыны туралы әңгіме айтыған жоқ», деп атап өтті олар.
Қарағанды облысы