Коронавирус індетінің таралуына тосқауыл қою мақсатындағы кешенді шаралар Еуразиялық Топтың (ERG) құрамындағы «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ кәсіпорнында да жүзеге асырылуда.
Зауыттың корпоративтік коммуникациялар қызметінің басшысы Анастасия Брецтің мәліметінше, бұл шаралардың іске асырылуын кәсіпорын президенті Андрей Батраченко басқаратын арнайы құрылған жедел топ бақылауда.
Елдегі төтенше жағдайға байланысты кәсіпорында ерекше тәртіп орнатылған. Өндірістік жұмыстарға жұмылдырылмаған қызметкерлердің бір бөлігі қашықтан жұмыс істеуге көшірілді
Кәсіпорынның бақылау- өткізу бекеттерінде тепловизорлар жұмыс істеп тұр. Заманауи құрал зауытқа кіретін жұмысшы-қызметкерлердің дене қызуын өлшейді.
Ал бақылау өткізу бекеттері арқылы күніне зауыт цехтарына, әкімшілік орындарына 850-ай адам өтеді.
– Тепловизор адамдардың термограммасын экраннан көрсетіп, оның дене қызуы белгіленген шектен жоғары болмауын бақылайды. Егер адамның дене қызуы жоғары болса, жабдықтың өзі дыбыстық және визуалды белгі береді,– дейді өндірісті автоматтандыру цехының басшысы А. Слюсаренко.
Кәсіпорын қашықтықтан жұмыс істейтін тепловизорлар орнатылған пилоттық алаңға айналды. Осындай жабдықтар таяу арада Еуразиялық Топтың (ERG) өңірдегі өзге де кәсіпорындарында орнатылмақ.
Бақылау өткізу бекеттері, операторлар бөлмесі, санитарлық-тұрмыстық ғимараттарда түгел тұрақты дезинфекция шаралары жүргізілуде. Кәсіпорын қызметкерлері бірнеше мәрте қолданылатын бетперделер пайдалануда. Жұмысшыларды тасымалдайтын көліктер де дезинфекторлар ерітіндісімен тазартылады. Қазір алып кәсіпорын тұрақты жұмыс жасауда, өндіріс ырғағы бұзылған жоқ. Ал іске қосылғалы 15 жыл ішінде 2 миллион тоннадан астам бастапқы алюминий шығарды.
Павлодар облысы