• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қоғам 07 Сәуір, 2020

Төтенше тоқсан

564 рет
көрсетілді

Бұл тоқсан – бұрынғы тоқсаннан өзгерек. Иә, кеше, яғни 6 сәуірден бастап мектеп оқушылары IV тоқсанды бастады. Төтенше жағдайдағы тоқсанның бұрынғыдан бөлектеу болып тұрғаны – балалар қашықтан білім алуға көшті. Жаңа форматтағы оқудың бастамасы қалай? Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинте баяндады.

Министр әріптестерінің қыс­қа мерзімде үлкен іс атқарып, жаңа форматқа бейімделіп, негізгі дайын­дықты жүргізгенін атап өтті.

– Төтенше жағдайдағы жаңа тоқсан – бәріміз үшін үлкен емтихан, сонымен қатар тамаша мүмкіндік. Осы тәжірибеден кейін еліміздің білім беру саласы өзгеретіні айдан анық. Алғашқы күннің басты нәтижелеріне тоқталсақ, бүгінде 3,2 млн оқушы қашықтан білім алуды бастады. 2,4 млн оқушы интернет арқылы қашықтан сабақ оқыды. Kundelik.kz жүйесін 2,2 млн білім алушы пайдаланды. Daryn.online платформасына 300 мыңнан аса оқушы тіркелген. Бұл платформада дайын видео сабақтарды қарап, сол сабақ бойынша берілген тапсырмаларды орындауға болады. Ал BilimLand білім беру платформасын қашықтан оқудың бірінші күні 400 мыңға жуық білім алушы қолданды. Телеарналардағы сабақтарды тыңдаған соң, үш деңгейлі тапсырмаларды орындап, форумдар арқылы мұғаліммен түсінбеген тұстарын талқылай алады. Бір ғана Kundelik.kz жүйесінде 32 млн рет секция болыпты, яғни осынша рет сайтқа кіру әрекеті тіркелді. Бұл – рекорд. Біз Egov порталындағы 15 млн секцияны көп дегенбіз. Сонымен салыстырғанда білім беру саласының бір ғана жүйесіндегі секцияның екі есе көп екенін ескерсек, жұмыстың жоғары қарқынмен басталғанын білуге болады, – деді ведомство басшысы.

Оның айтуынша, интернетке қатысты проблемалар, техникалық ақаулар бар, оны жасыруға болмайды. Техника, интернетке жауапты министрліктер мен мамандардың нәтижелі және белсенді жұмысының нәтижесінде мұндай мәселелер уақытында шешіліп жатыр.

Қашықтан оқытудың бір тетігі – теледидар арқылы білім беру. Осы орайда «Балапан», «Ел арна» телеарналары кесте бойынша телесабақтар беруді бас­тады. Бұл жөнінде А.Аймағамбетов:

– Теле-сабақтар оқу жоспарына сай әзірленген. Біз жүргізген сауалдаманың қорытындысында интернетпен жұмыс істе­ген балалардың өзі қосымша теле-сабақтарды қарағанын білдік. Ең бас­тысы, біз көбірек уайымдаған ауылдық, шалғай жерлердегі оқушылар телеса­бақтар арқылы уақтылы білім алып отыр. Түске таяу өзім арнайы бірнеше ауылдың мұғалімдерімен, ата-аналары­мен хабарластым. Сонда олар телеарнадағы сабақтарға қатысты жағымды ой-пікірлерін жеткізді. Бұл біз үшін аса маңызды,  – деді. Министрдің мәлімдеуінше, барлық білім басқарламары мен білім бөлім­деріне, сонымен қатар мұғалімдерге қа­шықтан оқытудың ұсынымы жолданған.

Онда мұғалім қашықтан оқыту процесін ұйымдастыру барлық мектеп үшін қатаң бекітілген дәстүрлі кесте бо­йынша емес, икемді, жеке кес­теге сай өтетіні; бір пән бо­йынша сабақтың ұзақтығы көрсетілмейтіні, бұл білім алу­шылардың оқу мақсаттарына қол жеткізуіне және тапсырмаларды орындауына байланыс­ты болатыны; телесабақтарды кез келген ыңғайлы уақытта BilimLand платформасынан, youtube арналарынан қайтадан көре алатыны; әр күнге оқу тапсырмасын алу әдістері мен құралдары және оларды білім алушыға ыңғайлы уақытта орындау; электронды күнделікке сабаққа қатысу туралы ақпарат енгізілмейтіні, қашықтан өткізілетін сабақтар ата-аналардың қол­дауын және қатысуын, білім алушының тап­сырмаларды өздігінен орын­дауын талап ететіні туралы ата-аналарды хабардар ету ке­ректігі жазылған.

Ведомство басшысы осы­ған қоса ата-аналардан білім алушылардың тапсырмаларды орындауын фото, бейне арқылы растауын талап етуге болмайтынын, оқу тап­сырмаларының көлемі Білім және ғылым министрлігі ұсын­ған көлемнен аспауы тиіс екенін және мұғалімдердің жур­нал толтырудан өзге қо­сымша есеп беруге міндеттел­мей­тінін ескертті.