• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 07 Сәуір, 2020

Кореядан келген қыз

8499 рет
көрсетілді

Осыдан екі жыл бұрын ауылға бір барғанымда «Пәленшенің қызы Кореяға жұмыс істеуге кетіпті» дегенді естіп, «Ер-азамат болса бір сәрі, қыз баланың жат елге барып жұмыс істегені қалай болар екен?» деп ойлаған едім. Сөйтсем ол жақта өзің тәртіп бұзбасаң, ешкім шеттетіп, күш көрсетпейді екен. Қарапайым жұмысшының өзіне біздің елдегі дөкейлердің түсіне кірмейтін жалақы беретін көрінеді. Содан ерлі-зайыптылар, тіпті, бала-шаға, отбасымен кетіп жатқандар да баршылық екен.

Ақпан айының аяғында Кореяға кеткен сол қыз телефон шалды. Алғашында +82 10 343... деген сандардан басталатын ұзын нөмірді танымай, тұтқаны көтермей қойған болатынмын. Артынша сол нөмірден WhatsApp-ыма дауыстық хабарлама кеп түсті. Сөйтсем біздің ауылдың қызы екен. Қанша дегенмен қыз бала бауырмал емес пе? Сәлемдесе сала ауылдың, елдің амандығын сұрап жатыр. Әрине қазіргідей интернет заманында айшылық алыс жерде тұрсаң да туған еліңнің жаңалықтарын біліп отыру еш қиын емес. Дегенмен де жат жер­дегі қазақтар өздері естіген әңгімелерін мың құбылтып, ол ауыздан-ауызға көшіп, ақырында «Самарқанды су алыпты» деп аяқталатыны белгілі ғой.

– Оңтүстік Кореяға келгеніме осы жыл­дың сәуір айында екі жыл болады. Бұл жақта коронавирусқа байланысты жағдай қиын болды. Карантин жарияланды. Бірақ шынымды айтсам, қалада анау айтқандай дүрлігіп, үрейленіп жүрген халықты көрмедім. Бәрі өте сабырлы. Корей халқы өте таза, тәртіпті халық қой. Бұрыннан көшеде беттеріне мас­ка тағып жүретін. Өйткені бұл жақта жел көп. Мен Сеулден 128 шақырым қашықта орналасқан Чхонджу́ деген қалада жұмыс істедім. Мына жақтағы адамдардан небір сұмдықтарды естисің... Одан ютубтан Қазақстан туралы әр түрлі ақпараттарды көрдім.

Көшеде көргенім – әр бағдаршамның түбінде ақ желеңді жандар тұрды. Өтіп бара жатқан кей адамдарды тоқтатып, дене қы­зуын өлшейді. Өзіңіз барып, өлшетіп алсаңыз да болады. Қай мекемеге кірсеңіз де, қол шаятын спирт, маска, бәрі дайы­н тұр. Медицинасы дамыған ел ғой. Адамдары да өте жақсы. Халыққа барлық жағдай жасалған. Алғаш келгенде ауыл шаруашылығы саласында еңбек еттім. Кейін кір жудым. Корейлер үшін ұлу қабыршағы өте жеңсік ас. Теңіздің астынан шығатын қабыршақты да тердік. Тамыз айынан бастап мейрамханада жұмыс істей бастадым. Карантин кезінде клиенттер өте аз болды. Енді елге қайтсам деймін. Әрине бұл жақта жақсы табыс табасың. Бірақ бәрібір туған елде жүргенге не жетсін? – деді ол.

Арада үш апта өткенде ауылдың қызы елордаға ұшып келді. Бастапқыда Нұр-Сұлтан қаласында төтенше жағдай жариялануына байланысты елге кіргізбей қоя ма деп қауіптенген. Жоқ, ешқандай кедергі болмады. Шығар кезде «Аға, елордада жақын ағайын-туысым, танысым жоқ. Барған соң қайда барамын, қайда қонамын?» деген болатын. Шынымды айтсам, өзім де сасып қалдым. Қанша дегенмен індет өршіп тұрған елден келе жатқан адамды танысы түгілі жақын ағайыны үйіне кіргізе ме? Дегенмен де «Келе бер... Бір жөні болар» дедім сабыр сақтап. Екі күннен кейін WhatsApp арқылы «Келдім, бізді арнайы автобусқа мінгізіп, «Турист» қонақ үйіне апарып орналастырды. Қан сынамасын тапсырдық, осы жерде біраз күн болатын сияқтымыз», деп жазды.

Енді әрі қарай не болады? Жолықсам, ауру жұғып кететіндей өзімнен-өзім қуыстанып жүргенде «Қан сынамасы дұрыс шықты. Бізді автобуспен Қарағандыға алып бара жатыр. Сол жерден Шымкентке қарай пойызға салып жіберетін болды» деп хабарласты. «Ойбүй, ең болмағанда үйге кіріп, дәм ауыз тиіп шықпадың ба?» деп мен де сыпайылық танытып жатырмын.

«Екі жылда елдің жағдайы әжептеуір өзгеріпті. Ұшақтан түскеннен, одан қонақ үйде де дәрігерлер тік тұрып қызмет етті. Барлық жағдай жасалған. Бес мезгіл тамақ берді. Төсек орындары да тап-таза. Елдің жағдайын көріп қуанып қалдым» деді автобуста кетіп бара жатқан қыз.

«Жолың болсын! Ауылға аман-есен жетіп ал!», дедім ауылдасыма. Әрине елі­мізде індетті жеңу үшін орасан еңбек атқарылып жатыр. Алайда, Кореядағыдай біздің елде кез келген дәріханадан маска мен қол жуатын спиртті таба алмайтынымызды ауылдас қызға айтпадым. «Елге барған соң өзі де біледі ғой...».