Аудан әкімдігінің мәліметінше, аудан әкімінің ауыл жөніндегі орынбасары Ернұр Жәутікбаев бастаған мониторингтік топ аудандағы 6 ауылдық аумақтың дүкендері, дәрігерлік бөлімшелеріне арнайы рейд жүргізуде.
Рейд елдегі төтенше жағдайға орай дүкендер мен бөлімшелерде індетке қарсы бетперде кию, антисептиктердің бар-жоғына арналды.
Осы аптада Шақат, Толыбай, Кемеңгер ауылдарының дүкендері мен амбулаториялары тексерілсе, екінші күні Заңғар, Ефремовка, Розовка, Рождественка және Луганск ауылдарындағы әлеуметтік нысандар назарға алынды.
Ал, Тауарлар мен қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін қадағалау жөніндегі аудандық басқармасының бас маманы Сайран Айтбаеваның айтуынша, әр тексеріс сайын маниторингтік топ дүкен сатушылары және сатып алушылардың бетперде тағып, қауіпсіздік талаптарын орындайтындарын байқаған.
Тіпті, дүкендерде жергілікті қолөнер шеберлері тіккен бетперделер сатылуда.
Мәселен, Заңғар ауылындағы «Аңсар» дүкенінде, Кемеңгер ауылындағы сауда дүкендерінде бетперделер сатылады.
Кемеңгердегі «АсАй» дүкенінде ересектерге арналған, балалар үшін түрлі ашық түстермен жасалған бетперделер де бар.
Дүкендерде «Тек бетпердемен кіруге рұқсат!» деген жазулар ілінген.
Ауыл тұрғындары қауіпсіздік талаптарына қазір түсіністікпен қарауда.
Сондай-ақ, дүкендер мен дәрігерлік бөлімшелерде індетпен күресте алдын-алу шаралары жайлы жадынамалар ілінген.
Рейдтер барысында мониторингтік топ дәрігерлік бөлімшелердің ауру жұқтырған науқастарды қабылдау әзірлігін тексерді.
Ауыл дәрігерлері термометрлер мен жоғары температурасы бар науқастарды жедел қабылдау үшін фильтрі бар кабинеттерді көрсетті.
Павлодар облысы,
Павлодар ауданы