Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, Атырау облысы тұрғындарының көпшілігін төлеу мерзімі шегерілген несиелер, салықтан босату, сондай-ақ, әлеуметтік төлемдерге қатысты мәселелер толғандырады.
Диспетчерлік орталыққа 2 аптада тұрғындардан 10 мыңға жуық өтініш түскен. Оның ішінде байланыс орталығына 7 мыңға жуық жуық сауал, 87750006109 WhatsApp нөміріне 2 мыңдай хабарлама, 109 телефон нөміріне шамамен 1 мың қоңырау қабылданған.
«Халықтың жиі қоятын сұрақтарының бірі – несие төлемдерін кейінге қалдыру, салықтан босату, әлеуметтік төлемдерді төлеу. Осыған орай тұрғындардан түскен 3700 сауал өңделді.
Екіншісі – коронавирустың алғашқы белгілерін түсіндіруге қатысты. Алдын алу, төтенше жағдай кезіндегі карантин және шектеу шаралары жөнінде 860 сауал түсті.
Үшіншісі – әуе және теміржол қатынасы, жолаушылар тасымалы мәселесі. Тұрғындар осыған орай 840 сұрақ қойды» -деп хабарлады өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жұмасат ҒАЗИЗ