Сыр өңірінің Арал теңізі маңайындағы көнекөз қариялардың ақжолтай іске тілек қосып, бата бергенде лебізін «Ақиректе Арыстан баб..» деп бастайтыны бар. Ұлы далаға мұсылман дінін таратушы Арыстан баб кесенесінің тарихи қатпары қалың Отырар жерінде жатқанын білеміз. Ал Ақирек деген қай тұс? Әйгілі Қожа Ахмет Ясауиге ұстаз болған бабтың батада айтылатын Ақирекке қандай қатысы бар? Осы сауалдың тіні соңғы жылдары тарқатыла түсіп, Арыстан бабқа қатысты тағы бір көне сөздің сорабы айқындалды.
Ақирек – Қазалы мен Арал ауданы шекарасындағы жатаған тау. Анталаған жаудан жұртын қорғаған Жанқожа батырдың атойлап кірген талай майданына куә болған қасиетті өңір. «Осы тауда әйгілі Арыстан бабтың жұмыр жердегі жеті жайының бірі орын тепкен» деген аңыз айтады жергілікті жұрт. Осы дерек қызықтырып, былтыр Аралға барған сапарымызда тауға арнайы соқтық.
Жатаған тау басына қарай өрмелеп келеміз. Сырттай қарағанда жайдақ көрінетін Ақиректің төбесі жеткізер емес. Сәлден соң алдымыздан ескі қорым көрінді. Бізді бастап жүрген жергілікті азаматтар қасиетті орынға келетіндер қатары көп екенін айтады. Әсіресе, бейсенбі, жұма күндері адам аяғы үзілмейтін көрінеді. Қорым басына осы елден шыққан кәсіпкер азаматтар түнеухана салып, келетіндерге қолдан келгенше жағдай жасап қойыпты.
Әлемде «Арыстан бабтың кесенесі орналасты» деген жерлер баршылық. Солардың қатарында Иран, Сауд Арабиясы, Қырғызстан, Израиль және біздің еліміз бар. Көршілес Түркістан облысы аумағындағы баб кесенесі жайлы әркім-ақ біледі. Ал Аралдағы мына кесене көп уақытқа дейін беймәлім болып келген.
Аңыз бойынша Арыстан баб дүниеден өткен уақытта оның денесін өз жеріне қоймақ болған мұсылман баласы арасында келіспеушілік болған деседі. Дау-дамайдың оңайлықпен оң шешімін таба қоймайтыны анық болып, бабаның мүрдесін түйелер керуеніне артып жолға шығады. Олардың барлығының түр-түсі бір-бірінен аумайды екен. Мүрде қай түйенің үстінде екенін ешкім де білмейді. Түйелер Арабия, Иран, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан аймақтарын басып өтеді. Оның әрқайсысында бір-бір түйеден шөгіпті. Соңғы екеуі қазақ даласына дейін жеткен көрінеді. Бірі Отырар алқабындағы қазіргі Арыстанбаб кесенесі орын тепкен жерге шөксе, соңғысы Арал топырағындағы осы Ақирекке дейін келген.
Ескі қорым басында оның мемлекеттік қорғауға алынғанын білдіретін тақтайша орнатылыпты. Мұндағы бұлақ та есте жоқ ескі заманнан бері ағып жатыр. Тау басынан етекке жылғаланып түскен суы кей жылдары әжептәуір көлге айналады.
Әулие басындағы тасқа түскен сәбидің ізі, тарақ таңбасы көзге тайға таңба басқандай анық көрініп тұр. Осы өңірде Бала әулие, Қыз әулиеге қатысты айтылатын аңыз бен қойылған белгі тау төбесінде талай қазына көміліп жатқанын айғақтайды. Осының өзі осы өңірдегі қариялар батасында айтылатын «Ақиректе Арыстан баб...» сөзінің тектен-тек шықпағанын дәлелдеп тұрғандай.
Жекелеген азаматтар ешкімге жалтақтамай-ақ қорым басына жиылатын жұртқа жағдай жасап жатыр. Бірақ күре жолға тиіп тұрған кешеннің инфрақұрылымын ретке келтіру үшін үлкен күш керек. Былтыр «Рухани жаңғыру» бойынша қасиетті жерлерге экспедиция ұйымдастырған «Сыр медиа» серіктестігіндегі әріптестеріміз де кешенге көңіл бөлу керектігін жергілікті басшылық назарына тағы салды.
Арал ауданындағы Ақбай елді мекенінен небәрі 9 шақырым жердегі тау төбесіне заманауи кесене тұрғызып, жол тарту, су жеткізіп, жарық жүргізу баба рухына көрсетілген үлкен құрмет қана емес, туризмді дамытудың бастауы болар еді. Бұл көне заман күмбіріндей болған аңыздың кейінгіге арқауы үзілмей жетуі үшін де керек.
ҚЫЗЫЛОРДА