Қазақстан экологиялық мәселелерді оңтайлы шешу ісінде көптеген шара қабылдап, оны нақты іске асырғаны белгілі. Бұл сөзімізге еліміздегі Семей полигонының жабылуы, Арал теңізін сақтап қалу қадамдары, Каспий теңізін қорғау шараларын халықаралық ауқымда ынталандыру және басқа да жұмыстар дәлел бола алады.
Салаға серпін беретін заң қажет
Қазақстан экология мен даму салаларындағы отызға жуық халықаралық конвенция мен хаттамаларды ратификациялаған. Соңғы кезеңдерде еліміздің Париж келісіміне қосылуы, Парламент Сенатының Ақпаратқа кіруі, шешімдер қабылдау процесіне жұртшылықтың қатысуы және қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша сот әділдігіне қол жеткізу туралы конвенцияға Ластауыштардың шығарындылары мен тасымалдарының тіркелімдері туралы хаттаманы ратификациялауы Қазақстанның халықаралық экологиялық қауіпсіздік саласындағы үдеріске белсене қатысуын одан әрі арттыра түскені сөзсіз. Дегенмен, тиісті құжаттар қабылданса, сонымен мәселенің бәрі шешіле қалады деу қисынсыз…
Бүгінде мемлекет тарапынан тиісті жұмыстар атқарылып жатқанымен, еліміздегі экологиялық жағдай өзінің мүшкіл халінен арылар емес. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің президенттік қызметіне кірісуіне арналған ұлықтау рәсімінде нақты тоқталып өткені белгілі. Президент сол сөзінде: «Қоршаған ортаның қазіргі мүшкіл халі – көпшіліктің көкейіндегі мәселе. Сондықтан елімізге бірыңғай экологиялық саясат қажет. Қоршаған ортаны қорғау жүйесіне серпін беретін жаңа Экологиялық кодекс қабылдау керек», деген болатын.
Әрине экология, қоршаған ортаны қорғау саласындағы түйткілдерді бірден шешіп тастау мүмкін емес. Бірақ қоғамды мазалаған мәселелер қордалана түспеуі үшін кезең-кезеңмен нақты шаралар қабылдап, оларды жүзеге асыруға заңнамалық тұрғыда жағдай жасау өте маңызды.
Басқасын айтпағанда, бүгінде ел аумағындағы полигондарда 120 млн тоннаға жуық қатты тұрмыстық қалдық жинақталған. Сондай-ақ тиісті министрлік тарапынан 2030 жылы елімізде ластаушы заттардың эмиссиясы 3,6 млн тоннаға дейін өседі деп болжанып отыр. Бұл деректер елімізге тиімді шараларды қолға алу қажеттігін көрсетеді.
Қазіргі таңда Үкімет тарапынан жаңа Экологиялық кодекс әзірленгені белгілі. Халық бұл кодекстің уақыт сұранысына сай қолданысқа енетініне сеніммен қарайды. Бұл орайда Парламенттің жауапкершілігі айрықша екені даусыз.
Айта кетейік, жаңа Экологиялық кодекстің басты қағидасы – ластаушы төлейді, ластаушы қалпына келтіреді. Кодексте қоршаған ортаға зиянын тигізгені үшін айыппұл төлегенше кәсіпорындарға жаңа технологияларға қаражат салуға жағдай жасауды көздейді. Сондай-ақ кодекс жобасында ластаушы кәсіпорындар шығаратын зиянды заттар көлемін үнемі қадағалап отыруға мүмкіндік беретін автоматтандырылған платформа құру қарастырылған.
Ұсыныстар ескерілуге тиіс
Жалпы, табиғатты қорғау, экологиялық түйткілдерді еңсеру ісіне өзіндік кедергісін келтіріп отырған жайттарға талдау жасау, олардың туындау себептерін анықтау өте қажет. Бұл бағытқа заңнамалық тұрғыда қолдау көрсету қалыптасқан кедергілерді жоюға мүмкіндік берер еді.
Бүгінде, басқасын былай қойғанда, экологиялық реттеу, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жеткілікті.
Осы жылдың ақпан-наурыз айларында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің комитеттері саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне қатысты сыртқы талдау жүргізген-ді. Онда анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін 2 тармаққа бөліп қарастырған. Бұл тәуекелдер экологиялық заңнамаларды қолдануды тексеруге және әкімшілік жауапкершілікке тарту кезінде бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыруға байланысты көрінеді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Превенция департаментінің басшысы Анар Жарованың айтуынша, бірінші тармақ бойынша, анықталған бұзушылықтарды жою және шығындарды өтеу жөнінде ұйғарым беруге нақты уақыттың болмауы сыбайлас жемқорлық үшін маңызды алғышарт болып табылады.
Мәселен, 2015 жылдың 21 шілдесінде Жамбыл облысының Экология департаменті экологиялық заңнаманың сақталуына байланысты бір жеке кәсіпкерге жоспардан тыс тексеру жүргізіп, оның барысында пайдалы қазбаларды (балшық) заңсыз өндіру фактісін анықтайды. Шығын келтіру фактісі 2015 жылдың шілдесінде белгілі болғанына қарамастан, әлгі жеке кәсіпкерге оны өтеу туралы талап 4 жылдан кейін, яғни 2019 жылдың тамызында қойылған. Екінші тармақ бойынша айтар болсақ, әкімшілік іс жүргізу аясында сыбайлас жемқорлық тәуекелдері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің баптарында жазаның қосымша түрлерін қолдану немесе қолданбау мүмкіндігімен байланысты дискрециялық нормалардың болуына байланысты туындайды екен.
Мысалы, кодекстің 326-бабында экологиялық рұқсатта көрсетілген табиғатты пайдалану шарттарын орындамау – экологиялық рұқсаттың қолданысын уақытша тоқтату немесе оның болмауынан айыппұл салуға әкеліп соғады. Ұқсас нормалар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің басқа баптарында бар (мысалы, кодекстің 333-бабы (2-бөлігі), 399, 464).
Бізге белгілі болып отырғандай, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері негізінен орман қорын, балық ресурстарын қорғау, аңшылық субъектілердің инспекциялық қызметі бағытындағы бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асырумен байланысты.
Орман шаруашылығы саласындағы бақылау өкілеттіктері мен жалақының төмендігі заңсыз әрекеттер жасауға мүмкіндік туғызбай қоймайды. Сондай-ақ орман алаптарының қашықтығы да сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасайтын объективті фактордың бірі. Бұл қоғам тарапынан тиісті бақылаудың болмауына және осы саладағы қылмыстардың жасырын қалуына әкеліп соғады.
Балық ресурстарын қорғау жөніндегі бақылау-инспекциялық қызметте құқық бұзушылық құралын тәркілеу рәсімі реттелмеген, соған байланысты бұл процесс тексерушінің қалауы бойынша жүреді, бұл дискреция болып табылады. Тексерушілерде бейнетіркеуіштердің, қатаң есеп бланкілерінің (әкімшілік хаттамалардың) және әкімшілік рәсімдерді электронды форматта жүргізу мүмкіндігінің болмауы жағдайды күрделендіре түседі. Аңшылық шаруашылығы субъектілерінің бақылау-инспекциялық қызметінде бұрын берілген ұйғарымның орындалуын тексеру бойынша жоспардан тыс іс-шаралар жүргізу тәртібі реттелмеген.
Әрине мұның барлығы экологиялық мәселелерді оңтайлы шешуде анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін, сонымен қатар басқа да түрлі кедергілерді жою бойынша нақты ұсыныстарды терең саралап, оларды заңнамалық құжаттарға енгізу қажеттігін айқындайды.
Қорыта айтқанда, еліміздің экологиялық саясатын тиімді жүргізу үшін бірінші кезекте қолға алынған іс-шараларды өз деңгейінде атқаруға кері әсерін тигізетін барлық кедергілерге талдау жасалып, оны жою ісіне назар аударылуы тиіс.