• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Руханият 10 Сәуір, 2020

Қаруды қаламға айырбастап...

838 рет
көрсетілді

Оңтүстік Қазақстан облысының (қазіргі Түркістан облысы) Созақ ауданын­да туған Қазақстанның халық жазушысы Сәуірбек Бақбергенов алдағы 15 сәуірде 100-ге толар еді. Қарымды қаламгер кезінде «Социалистік Қазақстан» газетінде 10 жылдай өнімді еңбек етіп, өз қолтаңбасын қалдырған болатын. Біз бүгін жазушының туған күні қарсаңында осы мақаланы оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Жастайынан қозы-лақ бағып,ауылдың жұпар шашқан мақпал ауасын, салқын самалын жұтқан өрен еңбекпен қатайып өседі. Шығармасының бірінде, ол қозы-лақ бағып жүріп, бөркін сағыз шөптің басына кигізіп, оны даулап келушіге өзін Шойынбет би атасының орнына қойып билік айтатын жері бар. Балалық арманы орындалып, аға­мыз кейін елімізге танымал, даңқы аспан­даған қаламгер атанып, өзінен кейінгі жас қаламгерлерге олардың шығармаларымен таныса отырып сын көзбен қарап, ақыл-кеңесін айтқан сәттерінде баяғы Шойынбет би атасы мен сағыз басындағы жел тербеген бөркі көз алдына келген болар. Сәуірбектің атасы Дос атыс-шабыс­ты аласапыран заманда жауға қарсы шығатын, батыр болған екен. Әкесі Теріскейге танымал «бапкер Бақберген» атанған кісі. Содан болар бала Сәуірбек жастайынан жылқыға құмар болып өсті. Соның айғағындай бір шығармасында автор жылқыны былай суреттейді:

«Қарақұлақ» жылқы тұқымы болға­ны­мен ақылды. Ал оның денесінің сұлу­лығын айтып жеткізу, тілмен айту мүм­кін емес. Ақ жалпошты үстінен сыпы­рып алғанда көз алдыңа ат емес, ең бір асыл тастан қашаған, немесе алтын мен кү­містің қосындысынан құйылған ғажап бір сурет тұратын. Кеуде кең де биік. Мойыны жұмыр. Жалы сұйық. Құлағы құрақтай тік. Шоқтығы биік те тұтас. Ал белі мен бөксесі ше! Қақпан белдеу келгенімен сауыры мінсіз жұмыр дөң­гелек еді. Артқы аяғы ботаның тірсе­гін­дей иіліп тұратын. Құйрығын өмірінде дене­сіне тигізіп ұстаған мал емес. Төң­кер­ген кеседей құйма тұяқ, көбесі мық­ты, шашасы биік, шашалық жүні сирек, әлпі ұзын еді. Жемді де, шөпті де, суды да құнығып көп ішпейтін. Содан да іші тартыңқы, бүйірі салыңқы келетін».

Неге екенін қайдам, теміржолшы болуды армандаған Сәуірбек бала болып ойнауды аса ұната бермейді екен. Кішкентай кезінде елдің сыйлы азаматтарына еліктеп, солардай халық қадір­лейтін қалаулы тұлға болсам ғой деп қиялдайтын. Ол Түркістан каласыңдағы балалар үйінде тәрбиеленіп, әуелі осындағы теміржол, кейіннен педагогика училищесін бітірген соң Шымкент мұғалімдер институтына түседі.

 С.Бақбергенов 1939 жылы Кеңес Армиясы қатарына шақырылып, Подольск жаяу әскер училищесін бітірі­сі­мен атақты И.В.Панфиловтың №8 гвар­­дия­лық дивизиясының атқыштар взво­дының командирі болып, Мәскеу түбін­дегі ұрыска қатысады. Ұлы Отан соғысына бастан- аяқ қатысып, елге жеңіспен оралған соң республикалық «Социалистік Қазақстан» газетіне әдеби қызметкер болып орналасып,осы қара шаңырақта журналист-жазушы ретіндегі таныла бастайды. Көп жылдар бойы республикалық басылымдарда қызмет атқарып, замандастары жайлы көптеген очерктер жазып, еліміздің экономикасын дамытуға шығармашылығы арқылы үлкен үлес қосты. Ол өз шығар­маларында заманның, қоғамның өзекті проб­лемаларын көтеріп,оны терең тал­дау арқылы ,шешу жолдарын көрсе­тіп абыройға ие болған қаламгер­лердің бірі. 1950 жылы «Жазу­шы» баспасынан алғашқы очерктер мен әңгімелер кітабы жарық көрді.

 Сәукең өзінің шығармашылық жолға қалай келгені туралы былай дейді: «Жас оқушылар өте әуесқой халық, жазушылармен кездескенде олар ең алдымен: Сіз қалай жазушы болдыңыз? – деп сұрайды. Атап айтсақ, бұл өте қиын сұрақ. Қиындығы сол, оған бір – екі сөзбен жауап беру қиын, өйткені жазушы әдебиетке түрлі жолмен келеді ғой. Мен әдетте былай жауап беремін. Мен жазушы болмаған болар едім, өйткені балалар үйінде болғаннан кейін теміржолшы болғым келген еді. Түркістан теміржол училищесінде оқыдым. Ал содан кейін педагогикалық училищеге түстім, кейін оқытушылар институтын бітірдім. Бірақ теміржолшы да, оқытушы да болмадым, мен солдат болдым. Соғыс басталды. Оның алғашқы күндерінен бастап ұрысқа қатыстым. Майданнан қайтқаннан кейін менің өзімнің майдандас достарым туралы, басымнан өткеннің бәрі жайында жұртқа айтқым келді. Сөйтіп мен журналист болдым. Республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінде істедім. Очерктер, әңгімелер жаздым. 1945 жылы мен екі мәрте Батыр атағын алған Талғат Бигел­диновпен кездестім. Мен осы даңқты ұшқыш туралы оқушыларға айтып бергім келді. Бірінші повесімді ұзақ жаздым, әрі қиынға түсті. Жазушы болу оңайға түсе қоймайтынын бірінші рет бастан өткеруге тура келді. Естен кетпес Талғатпен алғашқы жолыққаннан кейін бес жылдан соң менің ол туралы бірінші кітабым шықты»

Сұрапыл соғысқа бастан аяқ қатысып, елге оралғаннан кейін қолына қалам алған С.Бақбергенов шығармашылық жолын кешегі полктас достарының ерлігін жырлаудан бастады. Бұл заңды да. Өйткені, ол атақты И.В.Панфилов атындағы 28-ші гвардиялық дивизия­да атқыштар взводының командирі, бай­ланысшы офицер болып қызмет етті. Содан өз көзімен көрген сұрапыл соғыс­тың салдарынан қираған қалалар мен ауыл­дар, ұлдарынан айырылып аңыраған ана, жетім қалған бала, жесір қалған жар, халық мойнына түскен соғыс зардап­тары, майдан даласындағы ажалмен арпа­лысқан өмір, отан үшін жан қиған әр­бір жауынгердің ерліктері мәңгі есінде қа­лып, творчествосына да үлкен әсер етті.

Әскери тақырыптағы туындыларында С.Бақбергенов өзі құрамында болған атақ­ты дивизияның жорық жолдарын, жауын­гер достарының ерлік тағдырын бей­не­лейді. Өзі тікелей қатысып, куәсі бол­ған оқиғалардан сыр шертеді. Ұлы жеңіс үшін құрбан болған жандардың аты-жөнін ел есінде мәңгі қал­дыруды мақсат етеді. Оның соғыс тақы­ры­­бындағы алғашқы туын­дылары екі дүркін Совет Одағының Ба­тыры ата­ғын алған атақты ұшқыш Тал­ғат Бигель­динов жайлы жазылған очерк­­тері еді. Соғыстан кейін іле-шала жа­зыл­ған бұл мақалаларды көзі қарақты көп­шілік іздеп оқыды. Бұл шығарма ар­қылы қыран қазақ­тың ерліктері бүкіл рес­пуб­лика жұрт­шылығына әйгілі болумен бірге, жас­тары­мызды отансүйгіштікке тәрбиеледі.

Ұлы Отан соғысында ерекше ерлі­гімен көзге түскен қазақстандықтар көп. Соның ішінде аты аңызға айналған батыр­ларымыздың бірегейі – Бауыржан Момыш­ұлы. Баукең туралы көп жазыл­ды. С.Бақбергенов те Баукең туралы терең тебіреніспен жазды. Соның бірі – «Ат жалында» портреттік очеркі. Жазу­шы Бауыржан Момышұлын мадақтап, тым әсірелеп жатпай-ақ, қарапайым тіл­мен оның образын өмірдің өзіндегі­дей нанымды етіп, соғыстағы қазақ коман­­дирінің типтік образын сомдады. Әсіресе кейіпкердің ерлік істерінің оның ішкі жан дүниесімен ұштасуы шығар­маны әрлендіріп, әсерін күшейте түседі.

«Менің достарым» атты кітабында да Сәукең майдандас достарының ерлікке толы патриоттық бейнелерін жасады. Шығармада жалпы соғыс туралы, майдан эпизодтары, жауынгерлердің ауыр халі, өмір мен өлім арасындағы арпалыс арқылы соғыстың қасіреті мен оның қиындығынан мойымай отаны үшін жанын пида еткен жауынгерлердің жанқиярлығын паш етті.

Қара сөз шеберінің тақырып ауқымы кең. Ол Ұлы Отан соғысы жайында да, өндіріс озаттары, еңбек ерлері, ғылым қайраткерлері, өнер адамдары, спорт шеберлері туралы да жазып, оларды елге танымал етті. Жазушыға елімізге еңбегі сіңген, атақты адамдардың образын жасау үшін табиғи талантпен бірге жан-жақты білім мен жоғары мәдениеттілік керек. Кешегі сұрапыл соғыстың басынан аяғына дейін өткен батыр жауын­гер, талантты жазушы Сәуірбекте осы қасиеттің бәрі де болды. Еліміздің елеу­лі адамдары жайлы жазылған туын­дылары баршамыздың сүйіп оқитын шы­ғармаларымызға айналды. Оның очерктері барынша нанымды, тартымды болып келеді, себебі ол тақырыпты егжей-тегжейлі зерттеп, зерделеп, толық игеріп, көзі әбден жеткеннен соң ғана жазатын.

Сәуірбек Бақбергеновтің «Дина», «Бозторғай» деген повестеріндегі басты кейіпкерлердің бірі – атақты күйші Дина Нұрпейсова, бірі – халық ақыны,әнші-сазгер Кенен Әзірбаев болды. Ол өз шығармаларында өнер адамдары – Әсет Найманбаевты, Дәнеш Рақышевті, Роза Бағланованы суреттеп, өз алдына өнер адамдарының галереясын жасады.

Жазушының ең көп зерттеп жазған туын­дысы – «Қайран шешем»романы. Бұл атақты күйші Дина туралы. Бастап­қыда ол Дина ғажайып өнер иесі жайлы «Ақсақ киік» деген әңгіме жазды. Кейін «Күйлер» деген кітап шығарды. Сонан соң жоғарыда айтылған «Дина» деген повесть шықты. Соңында ол «Қайран шешем» атты роман болып жарыққа шықты. Дина үлкен талант иесі. Оқыған – тоқығаны болмаса да көкірегі зерделі, әсемдікке ғашық, нәзік жан. Жазушы Дина күйшінің осындай кездердегі жүрек лүпілін дөп басып отырады.

С.Бақбергенов әнші, композитор Кененді халқына кеңінен таныстырды. Оған жазушының өнер иесінің қадірін білгендігі себеп болды. Ол Кенен Әзір­баевтың қой жайып жүріп тұңғыш шығарған әнін бала кезінде-ақ естіп, сол әнді салып жүріп өзі де қозы лақ бағып өсті. Кейін Кененді көруді армандады. Оның да сәті түсті. Көрді, өнер жолымен терең танысып, оның жыр жинағының редакторы болды. Кенен туралы «Бозторғай» атты повесть жазды.

С.Бақбергенов «Социалистік Қазақ­стан» газетінің қызметкері ретінде он жыл бойы редакция тапсырмасымен кең-байтақ республикамыздың түкпір-түкпірін аралады. Жаңадан бой көтеріп жатқан алып құрылыстарда болып,ондағы жұмысшылар мен инженер-техник қызметкерлердің ерен еңбектерін кең көлемде көрсете білді. Оның сол кезде жазған очерктері «Қаратау – Кентау», «Қияға тартқан жол» «Өзіміздің жігіттер», «Біздің колхоз», «Алтын емелден асқанда» деген атпен жеке кітаптар болып шықты.

С.Бақбергенов әсіресе, Жетісу өңірі мен оның атақты адамдары жайлы көп жазды. Қарапайым сауыншыдан совхоз директорына дейін көтерілген Зылиха Тамшыбаева, екі рет Социалистік Еңбек Ері атанған колхоз бастықтары Николай Головацкий, Нұрмолда Алдабергенов сияқты адал да, ерен еңбегімен халықтың құрметіне бөленген азаматтарды кейіпкер етіп, қаз қалпында әдебиетімізге алып келді.

Әсіресе ауыл шаруашылығының ірі ұйымдастырушысы Нұрмолда Алда­бер­генов басқарған колхоз ұжымы­ның тыныс-тіршілігі, тек осы ұжымның өзінен шыққан он тоғыз Со­циалистік Еңбек Ері туралы жазыл­ған очерктерін оқырман қауым өте жылы қабылдады. Жазушы дүлдүл диқандардың өмірін зерттей жүріп, олардың табысының қыры мен сырына әбден қанықты. Ол, бұл шаруашылықтың адамдарымен жылдар бойы араласып, өзі де, сол ұжымның бір мүшесіне айналып кетті. Жетісу жерінен диқандар жайлы жазса, Қаратау өңірінен кеншілер туралы толғады. Қазыналы Қаратау­дың Ащысай, Хантағы өндіріс орындары, Қаратау тәжі – Кентау атанған жас кеншілер қаласы туралы, ондағы Ащысай полиметалл комбинаты, Мырғалымсай кеншілері туралы түшымды дүниелер жазды.

С.Бақбергенов өз шығармаларын терең зерттеп, талдап, зерделеп жазғаны соншалық, ондағы көтерілген мәселелер күні бүгінге дейін өзінің өзектілігін жоғалтқан емес. Мәселен оның жазган «Су бар жерде ну бар» очеркін алайық. Мұнда автор оңтүстіктің суға бай­ланысты зәру мәселелеріне ғылы­ми тұрғыдан талдау жасап, ол қиыншы­лықтардан құтылудың, нақты жолдарын ұсынады. Ырыс пен береке арнасына айналып отырған Сырдың суын тиімді пайдаланудың күн тәртібіндегі кезек күттірмейтін өзекті мәселелерін қозғайды. Ежелден Сыр бойында ғылым мен мәдениеті дамыған Отырар деген қала , оның төңірегінде жиырмаға тарта қалашықтар және Отырар өркениетінің құрамына кіретін Отырар суландыру жүйесі болған деп өткен тарихтан нақты деректер келтіре отырып, ол Сырдария Арыс өзендерінің бойында ерте кездің өзінде-ақ жергілікті тұрғындардың егіншілікпен айналысқанын айта келе, қазір сол сулар қайда кетті? Өзен сулары неге жылдан – жылға азайып барады? Бұлай жалғаса берсе келешекте жер тағдыры, сол жерде өмір сүріп отырған адам тағдыры қалай болмақ? деген ой салады. Қазіргі кезде, жазда суы тартылып қалуға дейін баратын Арыс өзені бір кезде қазіргі Сырдариядай үлкен өзен болғаны айтылады.Арыс өзені мен Сырдың құяр сағасы кең дала – көк желек тұнық бау – бақша, егіндік болып шексіз созылып жатқан. Қазір неге сол жерлер қу дала болып құлазып жатыр деген сұрақтар қою арқылы жерді, ағын суларды тиімді пайдаланып, оны келешек ұрпақтың игілігіне қалдыру үшін кешенді шаралар атқарылуы керек екендігі туралы сөз қозғайды. Сондай ақ, очеркте Түркістан аймағының келешегі туралы ой қозғайды. Қазіргі Түркістан көне қалалардың бірі. Бірақ, ол әлі өседі, өркендейді. Жасыл желегі қанатын жайып, жылдан – жылға жасарып, жақсарып келеді. Міне, осы Түркістан Яссы атанып тұрған баяғы заманның өзінде де атағы әлемге әйгілі керемет шаһар болған. Ол туралы очеркте «Қаланы қоршаған айнала салынған қорған, бекініс, қамал, қалалардың атын атап шығудың өзі көптеген тарихи жайларды еске салады. Қарнақ, Шорнақ, Сауран, Жүйнек, Бабайқорған, Сығанақ, Жаңақорған, тағы басқалары осы Түркістанды айнала қоршап,пана тұтқан мекен жайлар» екені айтылады.

Очеркте қазақ халқының қасиетті қара шаңырағы болып есептелетін қазына­лы Қаратаудың өткені мен бүгінгі, келе­шегі жайлы айтылады. Әсіресе Қаратаудың өткені жайлы халық аузындағы аңыз-әңгімелерді нақты тарихи деректермен байланыстыра отырып әңгімелеп беруі оқырманды ерекше қызықтырады. «Қаратаудың басынан көш келеді...», деп басталатын бүкіл қазаққа таныс, атақты «Елім-ай» әніне арқау болған қасиетті Қаратау жайлы қаншама аңыз-әңгіме қазақ­тың бай фольклорын құрайды. Міне, аңыздан – аңызға көшіп, атадан балаға тарап келе жатқан еліміздің өткен тари­хынан елес беретін «Осы бір қара шаңы­рақ атанған қасиетті таудың атына бай­ланысты аңыз, ертегі, шындықтан туған әңгіме көп. Мәселен, Байжансай, Келін­шектау, Ақсүмбе, Ақбикеш, Жыла­ған ата, Хантағы, Ащысай, Торлан, Алтын­тау, Суындық, Біресек, Баба Ата, Шолақ аңыздарына келсек бұларды шағын шығармада айтып шығу қиын. Әр­қай­сысы бір-бір дастан, поэма, кітап», – дей­ді. Очеркте Қаратаудан басталып, Сары­арқаға дейін созылатын Қаратаудың теріс­кей бетінде орналасқан, Еуропаның бірнеше мемлекеті сыйып кететін Созақ» туралы айтылады. Негізгі бағыты мал шаруашылығы болып келетін ауданның ең үлкен проблемасы – су. Очеркте «Үш­көкше деген не, оны неге олай атаған? Мұны білсек бүгінгі су мәселесін шешуді дұрыс түсінетін боламыз», – делінеді де осыған талдау жасалады. Қуаңшылықтан құтылу жолдары көрсетіледі.

С.Бақбергенов «Қарға тамған қан», «Алтынкүрек», «Адам және көлеңке», «Кентау», «Мен сізді сүйемін», «Ақ боз атты ару», «Бөрте Шыңғыс ханның жұбайы» және тағы басқа жиырмадан астам романдар мен повестер кітабының авторы. Жазушы шығармалары орыс, бело­рус, грузин, армян, қырғыз, өзбек, ұйғыр, татар, эстон тілдеріне аударыл­ған. Қабырғалы қаламгер аудармашы ретінде де жемісті еңбек етіп,  М.Горь­кий­дің, А.Г.Короленконың әңгімелері мен ертегілерін аударды.

Сәуірбек Бақбергенов соғыстағы ерліктері үшін І дәрежелі Отан соғысы орденімен наградталған, Қазақ әдебиетін дамытудағы жетістіктері үшін көптеген медальдармен,төрт мәрте Қазақ ССРнің Жоғар­ғы Кеңесінің Құрмет Грамо­тасы­мен марапатталды. 1996 жылы Қазақ­станның халық жазушысы деген құрметті атаққа ие болды.

 Мен Сәуірбек Бақбергеновтің шығармаларын жастайымнан оқып, ағамыз туралы көп естіп жүрсем де, өзімен 1990 жылы қыркүйекте ғана кездесіп таныстым. Ол кезде Арыс аупарткомынының бірінші хатшысы болып істейтінмін. Маған Түркістан ауданының басшыларының бірі телефон соғып,қазір Түркістаннан Москва-Алматы пойызымен бір топ жазушы Алматыға жүргелі тұр. Мүмкіншілік болса сол кісілерді перронда күтіп, құрмет көрсетіп жіберсеңіздер – деп,телефонды басқа бір кісіге ұсынғандай болды. Ол кісі Қазақстан Жазушылар одағының біздің облыстағы бөлімшесінің бастығы, елімізге белгілі жазушы Мархабат Байғұт екен. Махаңның айтуынша, қазақтың көрнекті, майдангер жазушысы Сәуірбек Бақбергенов өзінің 70 жылдығын туып өскен жері Созақта, Түркістанда тойлап, енді Алматыға қайтып бара жатқан беті екен, қасында қазақтың атақты жазушылары Сафуан Шаймерденов пен Сәбит Досанов бар. Сәуірбек ағамыз елдегі кездесулерге көңілі толыңқырамай, ренжулі келе жатқанын,мүмкін болса Арыс станса­сында пойыз ұзақ тұрады ғой, соны пай­даланып жазушылардың көңілін көтеру­дің амалын қарастыруымды өтінді. Түркі­станнан Арысқа дейін жүрдек пойыз екі сағат­тай жүреді. Дереу тиісті адамдарды ша­қы­рып, дастарқан, құрмет жасап, қошемет көрсету үшін мәдениет бөлімінің мең­геру­шісі мен термешілер мектебінің дирек­торы ақын Қарсыбай Ақтаевқа келе жатқан мәртебелі қонақтардың әр­қай­сы­сына арнайы арнау-өлең дайын­дау­ды тапсырдым. Пойыз келіп тоқта­ған сәтте вагонға кіріп қонақтармен сәлем­десіп, құттықтап, оларды ертіп пер­рон­ға шықтық. Перронда қонақтарды ұлт­тық киім киген қыз-жігіттер домбы­ра, сыр­найлармен әндетіп қарсы алды. Мерей­­той иесі Сәуірбек ағамызға 70 жыл­­ды­ғымен құттықтап арнау айтылды, Сафуан мен Сәбит ағаларымызға ән ар­нал­ды, әнші қыздарымыз жазушы аға­­лары­мен би биледі. Мен аудан тұр­ғын­­дары­ның атынан, мерейтой иесін құттық­тап, қонақтардың иықтарына шапан жап­тым. Перронға дастарқан жайылып, дәмнің бірнеше түрі ұсынылды. Қонақ­тар­дың купесіне де Алматыға дейін жете­тіндей неше түрлі тағамдар, көкө­ніс­тер, жеміс-жидектер, қауын, қар­быз қойылды. Мұндайда уақыт тез өте­тіні белгілі, 15минут тоқтайтын пойыз­ды тағы да 5 минутке кешіктіруге тура келді. Жазушы ағаларымыз да ризашы­лық­тарын айта-айта бізбен қимай қоштасты. Кейін Мархабат Байғұтов мырза телефон шалып, біздердің Арыста­ғы экспромт күткеніміз өте дұрыс болғанын, еп­теп ренжулі келе жатқан жазушы ағала­ры­мыз көңіл­деніп,әзілдесіп, ашылып елге риза болып кеткенін айтты. Қайран, асыл ағалары­мыз-ай. Міне, бұған да аттай 30 жыл болыпты. Қазір біз сол аға­лары­­мызды сағынамыз, асыл сөздерін аңсаймыз.

 Үстіміздегі жылы бүкіл еліміз Ұлы жеңіс­тің 75 жылдығын тойлайды. Ұлы жеңіске өлшеусіз үлес қосқан майдангер, Қазақстанның халық жазушысы С.Бақбергенов 100 жасқа толады. Ұлы Отан соғысына бастан аяқ қатысып, атақты Панфилов дивизиясының құра­мында шайқасқан, қазақ әдебиетіне қо­мақ­ты үлес қосқан халқымыздың біртуар азаматы, майдангер жазушы аға­мыз С.Бақбергеновке күні бүгінге дейін не туған жері Созақта, не оқыған жері Түркістанда, 50 жылдан астам шығыр­машылықпен айналысып,тұрған жері Алматы қаласында бірде-бір көшенің немесе мектептің аты бұйырмапты». «Ештен кеш жақсы» дейді дана халқы­мыз. Қазақстан Жазушылар одағы, Алматы қалалық, Түркістан облыс­тық, Созақ аудандық әкімдіктері жазушы­ның 100 жылдығын тойлауды ұйым­дасты­рып,оның есімін мәңгі есте қалды­ру үшін Алматы, Түркістан, Шымкент, Кентау қалалары мен туған жері Созақ ауданында көшелер мен мектепке атын беру, оқу орындары мен мекемелерде еске алу кештерін өткізсе өте орынды, ұлағатты іс-шаралар болған болар еді. Бұл ұлағатты істерге Қазақстан Жазу­шылар одағы мен Созақ аудан әкімдігі мұрындық болуы тиіс деп ойлаймыз.

 

Қуаныш АЙТАХАНОВ

Нұр-Сұлтан