Ұлттық санаға сілкініс жасаған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы соңғы 3 жылда қазақ мәдениетін жаһанға танытуға теңдессіз үлес қосып келеді. Айтулы бағдарламаның ауқымды тармағы саналатын «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы бүгінде ұлттық өнеріміз бен мәдениетімізді әлемдік сахна кеңістігінде танытудың аса маңызды әрі қуатты құралына айналып отыр. Аталған жоба шеңберінде қазақ өнерінің сан тарапты жауһарлары жаһандық мәдениет аренасына жол тартып, дүниежүзілік масштабта мойындалып үлгерді.
Бағдарлама аясында жүзеге асқан тұшымды жұмыстар нәтижесі шын мәнінде өнеріміздің өрісін кеңейтіп, халқымызға өркениет биігінен көз тігуге тамаша жол ашып берді. Осыдан үш жыл бұрын жарық көрген Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған әрбір ұсыныс, бастама бүгінде қазақ ұлтының игілігі үшін қызмет етіп келеді деп сеніммен айта аламыз.
Аталған жұмыстардың ішінде, әсіресе, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» бағдарламасының алар орны айрықша. Бағдарлама күшіне енген күннен бастап Мәдениет және спорт министрлігінің тікелей бастамасымен шетелдерде заманауи қазақстандық мәдениетіміздің жетістіктерін көрсету мақсатында қолға алынған бұл жобаның қазақ өнері мен мәдениетін жаһандық кеңістікке шығарудағы ықпалы мен рөлі зор болды. Атап айтар болсақ, бағдарлама аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі Қытай, Ұлыбритания және Беларусь Республикасында бірқатар халықаралық жобаларын жүзеге асырды. Соның ішінде, әсіресе 2017 жылдың 14 қыркүйегінен 2018 жылдың 14 қаңтарына дейін Британ музейінде (Ұлыбритания) өткізілген «Еуразияның ежелгі көшпенділері» халықаралық көрмесі мен Тәуелсіздік күні қарсаңында Нью-Йорк қаласында (АҚШ) ұйымдастырылған «PHOTO fest.KZ – гүлденген Қазақстан әлем фотосуретшілерінің көзімен» атты фотокөрмесіне айрықша тоқталып өтуге болады. Фотокөрме аясында қатысушылар Бурабай, Қорғалжын, Баянауыл, Ұлытау, Қарқаралы, Түркістан, Отырар, Шарын, Шымбұлақ, Медеу, Таңбалы тас, Көлсай сынды Отанымыздың тарихы тереңдігімен тағылымды, табиғаты сұлулығымен көз тартар әсем жерлерімен фотосурет арқылы танысуға мүмкіндік алды. Қазақтың байтақ даласы фотосурет тілінде әлем халқының назарын өзіне бұрғызды.
«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» бағдарламасының келесі бағыты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылдың желтоқсан айындағы Беларусь Республикасына ресми сапары аясында Беларусь Республикасының Ұлттық бейнелеу өнері музейінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күніне арналып тұсауы кесілген «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасы шеңберіндегі «Ұлы даладағы көшпенділер тарихы» атты көрмеде өз жалғасын тапқан болатын. Аталған көрменің бағыты одан әрі Мәскеу қаласына бұрылды. 2018 жылдың 4 сәуірінде Мәскеудің Бүкілресейлік халық өнері мен декоративті-қолданбалы өнер музейінде қазақтың мәдени құндылықтары Ресей халқына кең ауқымда таныстырылды. Мәдени шарада Қазақстан Республикасының басты нышаны ретінде «Алтын адам» көрермен назарына ұсынылды.
Туған елдің тарихын паш етер фотокөрмелер мен музей жұмыстары ғана емес, қазақтың театр мен кино өнерін де әлемдік мәдени кеңістікте жан-жақты насихаттау – «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» бағдарламасының басты бағыттарының бірі. Оның бірден-бір дәлелі – Лос-Анджелес пен Лондон қалаларында «Қыз Жібек» (режиссері – С.Қожықов), «Анаға апарар жол» (режисері – А.Сатаев), «Алмас қылыш» (режиссері – Р.Әбдірашев) сынды ұлттық туындыларымыздың көрермен назарына ұсынылуы һәм АҚШ пен Ұлыбританиядағы қазақстандық кино күндерінің жоғары деңгейде өтуі. Кино күндері аясында АҚШ-тың ірі кинокомпанияларының басшылары және продюсерлерімен ресми кездесулер, Голливуд жұлдыздарымен ынтымақтастық келіссөздер, сонымен қатар Лос-Анджелес киноакадемиясының студенттерімен кездесулер өтті.
Отандық кино индустриясы мен голливудтық кинокомпаниялар арасындағы әріптестік байланыс мұнымен шектелмей, күні бүгінге дейін сәтті жалғасын тауып келеді. «Қазақфильм» АҚ киностудиясының голливудтық кинорежиссер Джеф Веспамен бірлесе түсірген «Әміре» кинокартинасы сөзімізді дәйектей түседі. Кинонарыққа шыққанынан бастап-ақ көрерменнің қызу пікірталасына арқау болған бұл фильмнің ұлттық киношежіреден алар орны айрықша. Ең бастысы, кино тілі арқылы әлем Әміредей қазақтың көмейіне бұлбұл ұя салған біртуар әншісін танып, өнеріне бас иіп жатса – аталмыш жобаның өз міндетін толықтай атқарғаны деп білеміз.
Сондай-ақ аталған мәдени бағдарлама негізінде жүзеге асырылған және бір маңызды оқиға – ұлттық театр өнерінің әлем елдерін аралауы. 2018 жылы «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры Италия, Венгрия елдеріндегі гастрольдік сапарын сәтті өткізсе, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын жүзеге асыру мақсатында Италияның бірнеше қаласында көрсеткен өнері өзінің ерекшелігімен жергілікті халық тарапынан ыстық ықыласқа ие болды. Сонымен қатар жоба аясында «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы Италия, Франция, Германия, Аустрия, Ресей т.б. елдерге үлкен гастрольдік сапармен шығып, сәтті өнер көрсетіп қайтты. Сондай-ақ Тәуелсіз мемлекетіміздің мәдени тарихында тұңғыш рет төр қаланың төл перзенті – Нұр-Сұлтан қаласы Жастар театры Оңтүстік Корея Республикасының мәдени астанасы Дэгу қаласында өткен халықаралық беделді мюзикл фестиваліне жолдама алып, әлемдік өнер сарапшыларының жоғары бағасын арқалап, елге абыроймен оралды.
– «Рухани жаңғыру» бағдарламасының арқасында «Астана Опера» театрының алдынан тамаша мүмкіндіктер ашылды. «Абай», «Қыз Жібек», «Біржан-Сара» сынды ұлттық опера өнеріміздің жауһарларын әлемге танытудың тамаша мүмкіндігі туды. Қазақты әлемге бай тарихы мен өнері арқылы таныта алсақ, сол жауапкершілікті абыроймен арқалауға біздей жастардың күш-жігері, таланты жетіп жатса, бақыттымыз, – дейді «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алан Бөрібаев.
Расымен де «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы ұлттық өнеріміздің аясын кеңейтіп, жас талапкерлердің алдынан үлкен мүмкіндіктер есігін айқара ашып берді. Сондай таланттың бірі – осы Алан Бөрібаев. Әлемнің ең үздік опера театрлары сахнасында өнер көрсетіп жүрген музыка майталманы жеткен әрбір жетістігімен қазақтың абыройын асқақтатып жүргені сөзсіз. Сол секілді әуезді үнімен әлемді әлдилеген Димаш Құдайберген, Мария Мудряк сынды дарындар, олардың ізін басып келе жатқан Ержан Максим, Данэлия Төлешовадай жас өрендер өнерін бүгінде жаһан біледі, мойындайды. Бұл да болса, сөзсіз, ұлтымыздың мерейі. Әлемдік сахна ареналарына айқара жол ашып берген айтулы жобаның жемісті нәтижесі деп білеміз.