Мемлекет басшысының «Әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыру туралы» Жарлығына сай, Қарағанды облысында еріктілердің тізімі жасалды. Осыған орай Отан алдындағы парызын өтеуге 95 адам ниет білдіріп, арнаулы жиынның талабын қабыл алды.
Айта кететін бір жайт, резервшілер тек кеншілер астанасы бойынша ғана таңдалды. Қарағанды облысының жұмылдыру дайындығы жөніндегі басқарма басшысы Жомарт Жылқыбаев өңірдің басқа қалалары мен аудандарында арнаулы жиындар өткізудің әзірге жоспарда жоқ екенін айтады.
Сондай-ақ басқарма басшысының әскерге шақырылушылардың бір ай бойы қала аумағын санитарлық өңдеу үшін қосымша күш ретінде жұмылдырылатынын атап өтті. Оларды мамандар алдын ала оқытады екен.
– Әскери міндеттілердің барлығы киім-кешекпен, қорғаныш костюмдерімен және құралдармен қамтамасыз етіледі. Күніне үш рет тамақтанады. Мемлекет есебінен арнаулы жиынға қатысушыларға еңбекақы төленеді. Олардың ішіндегі бұрын жұмыс істемегендері 42 500 теңгеден алады. Ал жұмыс істейтін әскери міндеттілер бұрынғы еңбекақысын жоғалтпайды. Жұмыс орнынан анықтама бойынша оларға орташа айлық еңбекақы төленеді. Жиын барысында жұмыс орны мен атқаратын қызметі сақталады, – дейді Жомарт Жылқыбаев.
Қарағанды облысы