Жер жүзіне қауіп төнген алмағайып шақта Елбасымыз – Тұңғыш Президентіміз тағы да халқының жанынан табылды. Ата заңға сүйеніп «Қазақстан Республикасының ең қымбат қазынасы – адам және оның өмірі» деді. Тәуелсіздік алған күннен халықтың болашағы үшін жиналған ұлттық қор ең алдымен ұлттың рухани қорымен өлшенбек. Халқымыздың рухани қоры – өлшенбестей үлкен, әлеуеті мығым қор.
Қазақ халқының «Ел аман, жұрт тыныш па?» деген терең философиялық сұрағы бар. Сұрақтың мәні – ел амандығы мен тыныш өмірі.
Жасампаз ұрпақ – тарихи жадының тамыры терең, білімі мен білігі заманауи, мәуелі бақтай айналасына аңқыған арай жұпар беретін жастар. Бүгінгіміздің тірегі, болашаққа көпір де – осы жастар.
Еліміздің өршіл рухының бір сипаты, халықтың рухани иммунитеті небір қатерден ғасырлар бойы сақтап келді. Халықтың мұндай иммунитетін мызғымастай етіп ұстаушылар халық арасынан шыққан рухани ұстаздар – абыз ақсақалдар мен зиялы қауым, дана қариялар болған. Ұрпақ алдындағы жауапкершілікті олар әрқашан терең түсініп, елдің тұтастығы мен бірлігі үшін қызмет еткен.
Бірлік кез келген жағдайда тұтастай аман қалу үшін керек болады. Бірлесу арқылы халықтың өзін өзі сақтау иммунитеті қалыптасқан. Ұлы ақын Абай өзінің алтыншы қара сөзінде «бірлік – ақылға бірлік» деген. Ақылға бірлік деген дәл бүгінгідей қиындық пен ауыртпалық түскенде ақылға салып жеңдіру болады.
Бүкіл әлемді қорқыныш пен үрей қамауына алған індет те кетеді, ал адамдар арасындағы қарым-қатынас, адами байланыс, құндылықтар қалады. Ендігі мәселе, вирус кеткеннен кейінгі қоғамдағы әлеуметтік интеллектіміз қандай болмақ деген сұрақ тудырады. Ұлы сынақ біздің санамыздағы қорғаныс қызметін оятып, тұтас халықты сақтап қалудың ұлттық иммунитетін қалыптастырып, рухани индексіміз өз деңгейін көрсету үшін біз не істеуіміз керек?
Адам денсаулығымен қатар, рухани денсаулығын да сақтауы керек. Ол үшін рух пен ақыл, ой мен ұждан бірлігі болуы шарт. Ал мұның бәрі бізде бар.
Кезінде қазақ байларын көзімен көрген орыс генералы С.Броневский: «Қазақтың байлары орыстың «богатый» сөзінің баламасы емес, қазақтың байы – ақыл-ойы рухани жағынан барынша жетіліп, нағыз кемеліне келген адам. Соны ғана қазақ халқы бай дейді. Ал жай ғана материалдық құндылықтарды жинаған адамды қазақ ешқашан бай деп мойындамаған» деп жазған екен естелігінде. Бұл тарих қана емес, шынайы шындық.
Елімізде қауіпті індеттен құтылуға байланысты атқарылып жатқан шаралардың игіліктісі – кәсіпкерлердің халыққа көмек қолын созып, демеу болып жатқандары.
«Ұждан: ынсап, әділет, мейірім» дейді Шәкәрім. Бүгінгі қазақ ойының да, өмірінің де негізі – ұждан. Ұжданның миссиясы – жоғары сапалы рух пен уыз ділдің үндестігі арқылы өзін өзі және жанындағы басқа адамдарды сақтау. Осы шақта ағартушылық пен ұждан тарату – білім саласының басты мақсаты болуы керек.
Халқымыздың тарихында болған қиын-қыстау күндердің бірі – елімізге қуғын көріп келген әр ұлт өкілдері еді. Сол заманда да өзінің бір уыс бидайын бөліп беріп, халқымыз қаншама ұлттың өкілін кең қанатының астына алды. Барлығын өз қазағындай қабылдап, «адамзаттың бәрін сүйді», бауырына тартты. Сол арқылы қазақ халқы өзінің әлеуметтік интеллектісін дамытты, кез келген жаманшылыққа қарсы тұратын иммунитетін нығайтты.
Бүгін де қазағым жұдырықтай жұмылып, бір атаның баласындай келген індетті жеңу үшін бірігетініне сенімдіміз. Тәңір саулығы мықты, позитивті интеллектісі жоғары халық – болашақты бағындырады.
Қазақтың рухани жанашыры Абай: «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандастарының бәрі виноват», дейді 37-қарасөзінде. Заман деп отырғаны, біздің қоғамдық ортамыз.
«Отаны бірдің – тілегі бір, жүрегі бір», дейді Елбасы. Абай айтқандай, «ақылға бірлік» қана адамзат қоғамын алға жетелейді.
Мейір ЕСКЕНДІРОВ,
Шәкәрім университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор
СЕМЕЙ