Коронавирус пандемиясына байланысты әлемде барлық спорттық бәсекелер тоқтаған соң, түрлі ұйымдар жанкүйерлерді зеріктірмеу мақсатында виртуалды жарыстар өткізе бастады. Солардың ішінде Дүниежүзілік бокс суперсериясы да кәсіпқой бокстан онлайн турнир ұйымдастыруда.
Онлайн турнирдің кезекті бір бәсекесінде Майк Тайсон мен кәсіпқой бокстың өткен ғасырдағы ең үздік боксшысы Мохаммед Әли «жұдырықтасып», алғашқысы жеңіске жеткен. Бірақ БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Тайсон кішіпейілдік танытып, шынайы жекпе-жекте Әлиден жеңілетінін мойындаған.
«Бұл турнир туралы естігенім бар. Бәлкім виртуалды бәсекеде мен жеңіске жеткен шығармын, бірақ шынайы кездесуде сөзсіз Мохаммед Әли жеңіске жететін еді. Мохаммед – әлем бокс тарихындағы ең үздік боксшының бірі», дейді ол. Кәсіпқой бокста Мохаммед Әли 61 жекпе-жек өткізіп, 56 мәрте жеңіске жетсе, Тайсон 58 кездесуінің 50-інде қарсыласынан басым түскен.
Айта кетейік, аты аңызға айналған боксшы Мохаммед Әли 2016 жылы 74 жасында дүниеден өтті. Ол ұзақ жылдар бойы Паркинсон дертімен ауырды. 1960 жылы әуесқой бокста Рим Олимпиадасында топ жарып, кейіннен кәсіпқой бокс спортында бақ сынады. Мохаммед әзірше кәсіпқой бокс тарихында ауыр салмақта үш мәрте әлем чемпионы атанған жалғыз адам.