Екінші дүниежүзілік соғыста ерен ерлік көрсеткен Төлеуғали Әбдібеков 1944 жылдың ақпан айында 28 жасында қыршынынан қиылды. 397 фашисті өлтірген сұр мерген Қызыл Жұлдыз, Ленин ордендері сынды түрлі марапаттарға ие болған. Өкінішке қарай, өзінің көптеген қандастары сияқты Төлеуғали Әбдібековке де Кеңес Одағының Батыры атағы берілген жоқ.
Т.Әбдібеков 1916 жылы Семей облысы, Жарма ауданы Қапанбұлақ ауылында Әбдібек Насырханұлының отбасында дүниеге келген. Қазақ даласын ашаршылық пен көптеген ауру меңдеген кезеңде атасы Насырхан бала-шағасын аман алып қалу мақсатында аңшылықпен шұғылданады. Атасымен бірге бала Төлеуғали да аңға шығып, ауылдастарын мергендігімен таңғалдырып жүреді. Қаршадай бала аштық кезінде қара мылтықтың арқасында ауылдастарына талғажау етер, тіске басар тауып беріп, ел алғысына бөленген.
Өткен ғасырдың 30-жылдарында елде колхоздастыру басталғанда Насырхан колхозға мүшелікке кіреді. Бұл отбасы 1932 жылы Оңтүстік Қазақстан облысындағы (қазіргі Түркістан облысы) туыстары шақырып, Мақтаарал совхозына көшеді. Ол жерде Төлеуғали мақташы болып жұмыс істейді. Адал еңбегімен көзге түскен Төлеуғали мақташылардың бригадирлігіне сайланады. Осы совхоздан әскер қатарына шақырылады. Міндетті әскери борышын Хабаров өлкесінде (Ресей) өтеп келген соң қайтадан өзінің мақта бригадасына келіп, оны әрі қарай басқарады...
1942 жылдың мамыр айында Шымкент облысынан (қазіргі Түркістан облысы) майданға шақырылған жауынгерлер Калинин майданына жіберіледі. Майданға барғанда атақты И.В.Панфиловтың дивизиясына түседі. Мұндағы 1077-атқыштар полкінің қолбасшылығы жаңадан келген жауынгерлерді ерекшеліктеріне қарай бөледі. Т.Әбдібековтің аңшы екенін білген басшылық оған оптикалық құрылғысы бар винтовка береді. Қаруды тапсырып тұрып командир «Сен мерген аңшысың, енді екі аяқтыларды аңдып атуың керек, олар өте қауіпті, жыртқыш, қу аңдар», дейді. Сол кезде Төлеуғали: «Мен екі қолымның қуатын, бүркіттің көзіндей қырағы жанарымды жауларға қарсы пайдаланамын», дейді.
Бірде майданда уақытша тыныштық орнайды. Екі жақтың жауынгерлері бірін-бірі аңдысқан сәттер басталады. Мергендерімізге асқан шыдамдылықпен жауды аңдып, оқты нысанаға дәл тигізу керек. Осы сәтте аңшылық дағды Төлеуғалиға көп көмегін тигізеді. 1942 жылдың тамызында Т.Әбдібеков 19 фашистің көзін жояды. 1942 жылдың қазан айында өткен дивизия мергендерінің слётінде аға сержант Төлеуғали Әбдібековтің 219 фашистің көзін жойғаны айтылған. Бір ғана Холм қаласы (Ресей) үшін болған шайқаста 3 күннің ішінде ол 67 фашисті, Великие Луки үшін қырғын шайқаста жаудың 87 солдатын жайратыпты. 1944 жылдың 23 қаңтарында Александр Матросовтың ерлігін қайталаған, жақын досы Григорий Постольниковті жерлегенде Т.Әбдібеков: «Осыған дейін мен өз қолыммен 393 фашисті атып өлтірдім. Алдағы шайқастарда сен үшін жауды бұдан екі есе, үш есе көп өлтіріп, жаудан кек аламын», деп ант еткен.
Т.Әбдібеков 1944 жылы И.В.Панфилов дивизиясының құрамындағы 1077-полктің Калинин майданындағы қысқы шабуылдары басталғанда ең маңызды алғы шептерде болады. Оның нысананы дәл тигізіп атуы фашистердің зәресін алып, үрейін ұшырады. Ең таңдаулы деген фашист мергендері оның соңына түскен, алайда, Төлеуғали оларды бір-бірлеп құртып отырған. 1944 жылдың 22 ақпанында жаудың асқан шебер мергенімен шайқасады. Бұл оның соңғы айқасы болады. Гитлершіл мерген қас-қағым сәтте бірінші болып Т.Әбдібековке оқ тигізеді, бірақ өлімші болып мойнынан ауыр жарақат алған аға сержант фашистен кегін алып үлгереді. Неміс мергеніне ажал құштырады. Бұл атақты снайпер өлтірген 397-ші дұшпан болатын. Төлеуғали қатты жараланғаннан кейін 23 ақпанда 6-шы медициналық-санитарлық батальонда 28 жасында көз жұмады. Сүйегі Ресей жерінде, өзінен бір ай бұрын көз жұмған досы Григорий Постольниковтің жанына, Калинин облысының (қазіргі Псков облысы) Новосокольники ауданының солтүстік-шығысындағы Насва стансасында жер қойнына тапсырылған. Соғыстан кейін Псков облысының Манаково ауылындағы бауырластар зиратына қайтадан жерленген.
Негізінде, майдан даласында әрбір жүз фашисті мерт қылған мергенге батыр атағы берілген. Ал майданда ерекше ерлігімен көзге түсіп Кеңес Одағының Батыры атағын алған барлық мергендердің арасында 397 фашисті жер жастандырған Төлеуғали Әбдібековтің ерлігі жоғары дәрежеде ескеріліп, еленбеуі түсініксіз жайт.
Ресей Қорғаныс министрлігі орталық әскер мұрағаты гвардия аға сержанты Төлеуғали Әбдібековтің ерен ерліктерін растаған. Сонымен қатар жармалық жауынгердің 32 мергенді тәрбиелеп шығарғаны жайында да айтылады. Соғыста айрықша ерлігімен аты шыққан Төлеуғали Әбдібековтің немере туысы, жазушы, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының иегері Айгүл Кемелбаева «Страна и мир» (№7 18.02.2005 жылғы) газетінде «Снайпер Төлеуғали» атты деректі мақаланы және басына каска киген әскери киімді, қару асынған суретті көргенде, онда бейнеленген адам көзіне оттай басылады. Мақалада «Жауынгерлік ерліктері үшін Т.Әбдібеков Қызыл Жұлдыз, Қызыл ту, «Ұлы Отан соғысының І дәрежелі», Ленин ордендерімен марапатталды» деп ерліктері баяндалған. «Командование оны Кеңес Одағының Батыры атағына ұсыну үшін дайындаған өмірбаяндық анкетада Төлеуғали өзінің немере ағасы Кемелбайдың репрессияға айдалып кеткенін жасырмай жазғаны үшін ғана ұсынбаған. Кемелбай менің туған атам. Төлеуғалиға жақын туыс. 1937 жылғы қуғын-сүргін құрбандарының бірі», дейді А.Кемелбаева.
1994 жылы сәуір айында «Вечерный Алматы» газетінің 14 наурызындағы №31 санында 8-гвардиялық Панфилов дивизиясының ардагері, запастағы подполковник Л.Никитин мен Алматы қаласындағы «Зерде» қорының жанындағы «Ізденіс» клубының жетекшісі В.Гушиннің авторлығымен жарияланған «Слава тебя степной орел» атты мақала шықты. Онда Жарма ауданы Қапанбұлақ ауылының тумасы Т.Әбдібеков жайында, оның жалғыз өзі 397 фашистің көзін құртқаны және мерген шәкірттер дайындағаны айтылған.
Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандары қауымдастығының төрағасы Жұмабек Ашуұлы соғыста 397 фашистің көзін жойған атқыш мерген Т.Әбдібековтің ерлігін естіп, оның өзіне тиесілі атақты алмағанына күйініп, мәселенің анық-қанығына жетуді мақсат етеді. Ол И.В.Панфилов дивизиясының Алматыдағы мұражайына барып құжаттармен танысады. Ондағы майдандық газеттерде атқыш мерген Т.Әбдібеков жайында жазылған мақалалардың бірнешеуін оқиды. Мергеннің қаруы Қазақстан мемлекеттік орталық мұражайында қол қойылған, мөр басылған, бәрі заңды түрде рәсімделген күйде сақтаулы екенін көреді. 2007 жылдың қазан айында ресми анықтама алу үшін Ресей Қорғаныс министрлігінің орталық әскери мұрағатына сұрау салып 2008 жылдың 12 наурызында жауап алады. Ол жауапта: Подольск әскери мұрағаты екі архивтік анықтама жолдаған, гвардия аға сержанты, снайпер Т.Әбдібековтің соғыс деректерін, ерен ерліктерін растаған. Хатта мұрағат деректері қолмен көшіріліп, наградалардың қандай ерлігі үшін берілгені тізіліпті. Осындай деректер анықталған соң, Ж.Ашуұлы 2008 жылдың 19 наурызында Ресей президенті В.Путиннің атына Ресей Федерациясының Батыры атағын (Кеңес Одағының мұрагері ретінде) Т.Әбдібековке беру туралы ұсыныс жасаған. Бір жарым айдың ішінде Ресей президенті аппаратынан: «Біздегі тәртіп, РФ заңы бойынша РФ батыры атағын беру үшін алдымен Қазақстанның Қорғаныс министрлігінің ұсынысы керек» дей келіп, жіберілген құжаттарды Қорғаныс министрлігіне жолдағандарын хабарлапты.
Қорыта айтқанда, 1943 жылы атақты мерген Т.Әбдібековтің даңқы бүкіл майданға тарады. Одақ бойынша Мәскеу радиосынан барлық халық хабардар етілді. Сондықтан Т.Әбдібековке лайықты құрмет көрсетілуі керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ұсынысты толық қолдайды деп сенеміз. Өйткені қазақтың біртуар батыр ұлдары Рахымжан Қошқарбаев пен Қасым Қайсеновке кезінде, Кремль батыр атағын беруді қимағанымен Тәуелсіз Қазақстан оларға «Халық қаһарманы» атағын берді. Ендеше халықтың біртуар ұлы Т.Әбдібековтің ерлігі де дәл осылайша бағалануы тиіс. Т.Әбдібековке Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында «Халық қаһарманы» деген жоғары атақ берілсе, халқының қаһарманын құрметтегені деп қабылдар едік.
Сырым ҚАЛИҰЛЫ,
зейнеткер
Шығыс Қазақстан облысы,
Абай ауданы,
Саржал ауылы