• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Сәуір, 2020

Қыздар университетінде «Ғылым апталығы» басталды

586 рет
көрсетілді

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Ғылым апталығы» басталды. Ғылым саласы қызметкерлері күніне орайластырылған шара 17 сәуірге дейін жалғаспақ. Бұл туралы оқу орнының баспасөз қызметінің басшысы Жандар Асан хабарлады.

Ғылыми жұмыстар және инновация жөніндегі департамент ұйытқы болып отырған апталық аясында оқу орнының профессор-оқытушылары мен білім алушыларына арналған 20-ға жуық іс-шара өткізіледі.

– Олардың қатарында ғылыми постерлер мен эссе байқаулары, «Университеттің үздік ғалымы», «Ең үздік жас ғалым» сайыстары, «Startup-Tomiris» инновациялық жобалар конкурсының екінші кезеңі мен түрлі ғылыми тақырыптағы вебинарлар, Ted форматындағы конференциялар мен кездесулер бар, – деді университеттің ресми өкілі.

Атап айтқанда, оқу орнының магистранттары арасында өтетін «Open Source» атты эссе байқауының мақсаты – университет білім алушыларының шығармашылық әлеуетін көтеру, жастардың ғылымға деген ынтасын арттыру.

Ал «Әйелдердің ғылымдағы орны» тақырыбындағы постерлер сайысына докторанттар қатысады. Онлайн форматта ұйымдастырылатын шараның көздегені – жас ізденушілердің кәсіби және ғылыми деңгейін арттыру және олардың шығармашылық қабілетін дамыту.

Апталық аясында «Startup-Tomiris» атты жас ғалымдардың инновациялық жобалар байқауының екінші кезеңі де өтеді. Дәстүрлі сайыстың мақсаты – жас ғалымдардың жасампаздық әлеуетін көтеру, оларды заманауи ғылымның маңызды мәселелерін шешуге белсенді түрде тарту, университет білім алушыларының шығармашылық қабілетін ашу және  инновациялық кәсіпкерлікке тарту. 

Сондай-ақ апталық барысында «Үздік жас ғалым» байқауы да ұйымдастырылмақ. Жалпыуниверситеттік сайысқа 40 жасқа дейінгі оқытушылар қатыса алады. Ал «Университеттің үздік ғалымы» конкурсына оқу орнының 40 жастан жоғары ғалымдары қатысады.

Байқау шарты бойынша ғалымдардың жарияланған ғылыми еңбектері мен мақалалары, олардың ғылыми конференцияларға қатысуы, алынған қорғау құжаттары, студенттердің ғылыми жұмыстарына жетекшілік етуі және қоғамдық жұмыстары сарапқа салынбақ.

– Айта кетейін, Қыздар университетінде қолға алынған «Ғылым апталығы» шеңберіндегі іс-шаралардың барлығы да онлайн форматта өтеді, – дейді Баспасөз қызметінің жетекшісі Жандар Асан.

 

 

АЛМАТЫ