Жуырда Мемлекет тарихы институтында Елбасының Қазақстан халқына Жолдауын насихаттау мәселелеріне арналған “Президенттің Жолдауы және қазіргі Қазақстанның тарихын зерттеу методологиясы” деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Оған Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Бүркітбай Аяған модераторлық етті. Дөңгелек үстелдің мақсаты – Тәуелсіз Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттыру мен ел тәуелсіздігін нығайтуда Жолдаудың ғылыми- теориялық әлеуетін іске қосу.
Жиынға көрнекті ғалымдар, Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, Астана қаласы жоғары оқу орындарының оқытушылары, Астана қалалық мұғалімдер біліктілігін жетілдіру институтының әдіскерлері қатысты.
Жиында Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор Х.Әбжанов “Президенттің Жолдауы және қазіргі Қазақстан тарихын зерттеу методологиясы” деген тақырыпта баяндама жасады. Баяндамашы Елбасы Жолдауының қазіргі Қазақстан тарихын зерттеудегі танымдық методологияның мәні мен мағынасына назар аударды. Елбасының “Менің мақсатым еліміздің алдағы онжылдықтағы экономикалық өрлеуін қамтамасыз етіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу” деген тұжырымды пікірін алға тартты. Жаһандану жағдайында Отандық тарихтың алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі – объективті ғылыми-зерттеулер жүргізу қажеттілігі көпшілік назарына ұсынылды.
Бяндамашы, сондай-ақ Жолдауда адам факторына ерекше мән берілгендігін, елді жаңғырту стратегиясын іске асырудың табыстылығы, ең алдымен, қазақстандықтардың біліміне, әлеуметтік және дене болмысы мен көңіл-күйлеріне байланысты болатындығын, сондықтан Президент халықаралық қауымдастыққа кіру мәселесін немесе бизнестің жол картасын жүзеге асыруда адам факторын басты орынға қойып отырғандығын атап өтті. Ғалым әрі қарай Мемлекет басшысының Жолдауда ерекше атап өткен төрт қағидаттың үшеуі адам факторын алға қойып отырғандығына тоқталды.
Баяндамашының атап өтуінше, Елбасының “Қазақстан – 2030” Стратегиясын орындай отырып, біз алғашқы онжылдыққа бағдарлама жасап, оны тәмамдадық. Ендігі мақсат – Стратегияның келесі онжылдығына қарай қадам жасау” деп қадап айтуы біздің қоғам өзгеріс үстіндегі, қозғалыс үстіндегі динамикалық қоғам екендігін көрсетіп отыр. Жолдауда нақты деректерге, тарихи шынайылыққа, методологиялық жүйелілікке, теория мен тәжірибе арасындағы байланыстың қадағаланып отыратындығына баса назар аударылған.
Жиында Мемлекет тарихы институтының жас ғалымдары, тарих ғылымдарының кандидаттары – Теңгеш Қаленова, Құралай Сәрсембина, Дархан Байтілеу, Марал Томанова, Бауыржан Сегізбаевтың баяндамалары талқыланып, жастар арасында қазақстандық патриотизмді нығайту мен қазіргі тарихи сананы қалыптастырудағы негізгі міндеттер жөнінде пікір алмасылды.
Айтбала ӘБЕНОВА, Мемлекет тарихы институты ақпараттық-баспа бөлімінің
ғылыми қызметкері.