Түркістан облысында 141 000 шағын және орта бизнес субъектілері бар. Бүгінде барлық кәсіпкерлік нысандардың POS-терминалдармен толық қамтамасыз етілуі талап етіліп отыр.
Өңірде барлық қызметтерді цифрландыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Көптеген ұйымдарда POS-терминалдар орнатылып, азаматтардың өздеріне қызмет көрсету мүмкіндігі кеңейген. Төтенше жағдай кезінде цифрландыру жүйесінің жоғары деңгейде болғаны халықтың қауіпсіздігі үшін аса маңызды болып отыр. Сондықтан да бекітілген «Жол картасына» сәйкес мемлекетке ведомстволық бағынысты коммерциялық емес және коммерциялық ұйымдар, балабақшалар, мектептер цифрландырылатын болады. Облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев пен өңірдегі екінші деңгейлі банк, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, Ұлттық Банктің филиалы, Түркістан облысы мемлекеттік кірістер департаменті және «Қазпошта» АҚ өкілдерінің қатысуымен өткен кеңес барысында осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар зерделенді. Сондай-ақ POS-терминалдарсыз жұмыс істеуге тура келетін жағдайлардың бірқатар себептері атап көрсетілді. Мәселен, банктердің өтінішті ресімдеу және терминалдарды жеткізу мерзімі 2 аптадан 2 айға дейін созылған немесе 1-ден 3% - ға дейін жоғары комиссиялық тарифтер кәсіпкерлер үшін тиімсіз болған жағдайда, өйткені банк сенімділігіне қарай тұтынушылар түрлі санатта болуы мүмкін. Бұл орайда М. Мырзалиев тұрғындар үшін жайлылық жасау басты міндет екенін айта келе, жауапты ұйым басшыларына цифрландыру бағытында жұмысты күшейтуді тапсырды.
Түркістан облысы