Түркістан облысында суға батып 5 адам қаза болған оқиғаның 2-еуі Мақтарал ауданында, қалғаны Жетісай, Ордабасы аудандарында және Арыс қаласында тіркелген.
Бұл туралы Түркістан облысы бойынша Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары подполковник Ерік Сарыбаев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді. Жазатайым оқиғалардың барлығы дерлік азаматтардың су жағалауларында қауіпсіздік ережелеріне салғырт қарауының себебінен орын алған.
«Суға батқандардың 3-еуі жас бала, 2-еуі ересек. Орын алған жағдайлардың негізгі себептері – балаларды суаттар жанында үлкендердің қарауынсыз қалдыру және абайсыздан суға құлау, жүзе білмеу. Осыған байланысты тұрғындарды сақтық шараларын ұстануға шақыратын түсіндірме жұмыстары жүргізіліп келеді. Мысалы, оқушылардың қатысуымен болатын судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында білім бөлімдерімен бірлесіп, онлайн сабақтарда, үкіметтік емес ұйымдар өкілдеріне әлеуметтік желілер арқылы тиісті ақпараттар, сондай-ақ аудан қала әкімдіктерінің әлеуметтік желілердегі парақшалары арқылы ескерту сипатындағы мақалалар жариялануда», – деді Ерік Темірханұлы.
Өңірде орман өрті де өзекті мәселе. Облыс аумағында жыл басынан бері 14 дала өрті тіркелген. Орман шаруашылығына келтірілген материалдық шығынның жалпы соммасы шамамен 802,2 мың теңге.