• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Сәуір, 2020

Түркістан: Ұры алыстан келмепті

582 рет
көрсетілді

Түркістан облысы Отырар ауданының тұрғыны жергілікті полиция бөлімшесіне ұялы телефонын таппай қалғанын айтып арызданады. Шағымдануға арланатын немесе қазақылыққа сала «садақа» деп қоя салатындай арзан емес, 100 000 теңгелік байланыс құралын жоғалтқан.

Полиция қызметкерлеріне үйдегі тоңазытқыштың үстіне қойған жерінен таппай қалғанын да хабарлаған. Телефонсыз «тірлігі өнбейтін» бүгінгінің адамы байланыс құралын соңғы рет қай кезде пайдаланғанын ұмытпайтыны анық. Орын алған оқиға сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіліп, ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы бойынша тіркелген. Тәжірибелі полицейлерден жедел тергеу тобы құрылып, іздеу жұмыстарын бастайды. Сөйтіп ұрланған ұялы телефонды құпия сандары арқылы табады. Ұры алыстан келмепті. Аудандық полиция бөлімінің хабарлауынша, телефонды ұрлаған жәбірленуші әйелдің абысыны болып шыққан. Ұрланған телефонды өзі қолданып та жүрген. Айғақты зат ретінде алынған ұялы телефон иесіне қайтарылды.

«Ағайын тату болса – ат көп, абысын тату болса – ас көп» деген мақалды жақсы білетін жәбірленуші әйел абысынын кешірген. Полиция қызметкерлерінің сөзімен айтсақ, сол себепті аталған дерек қысқартылыпты.