• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Сәуір, 2020

Түркістан: Дәмханадан Қызыл кітапқа енгізілген үкі табылды

596 рет
көрсетілді

Сайрам ауданының полиция қызметкерлері Манкент ауылында орналасқан дәмханалардың бірінен Қызыл кітапқа енгізілген үкіні тапты. Мұсылмандар киелі санайтын үкінің Сайрам ауданындағы дәмханаға қалай әкелінгелі бізге әзірге беймәлім. Белгілісі тергеу барысында тұрғын бұл құсты 2015 жылдан бері асырап келе жатқанын жеткізген.

Асырауға тыйым салынған үкіні аудандық полиция бөлімінің табиғатты қорғау тобының инспекторы, полиция аға лейтенанты М. Ботабек және Әкімшілік полиция бөлімінің инспекторы, полиция аға лейтенанты М.Қуандықов экологиялық қылмыстардың алдын алу жөніндегі жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізу барысында тапқан. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 339-бабы «Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер мен жануарлар түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз пайдалану» бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Аудандық полиция бөлімінің хабарлауынша, айғақты зат ретінде алынған құс «Қазақстанның Қызыл кітабына» енгізілген «филин-үкісі» екені анықталған. Үкі Шымкент қаласының хайуанаттар бағына жіберілді.

Қазақ халқы үкінің әр тал қанатын бесікке, балалар тақиясына, әйелдер кимешегіне, жүйрік аттың жалына және түрлі ұлттық аспаптарға тағып қоятыны мәлім. Ұлттық наным-сенім бойынша үкінің үлпілдеген қанаты жас нәрестелерді жын-періден қорғаса, бас киімге тағылғаны бақыт, ал аспаптарға байланғаны олжаға кенелтеді деген ұғым қалыптасқан. Үкінің қауырсынын алу үшін оны өлтірмейді. Өлтірген адамды киесі ұрады деген түсінік бар. Үкіні аулап ұстап, балақ жүні мен бауыр төсінің жүнін алып, өзін жемге тойғызып қоя берген. Мұны «үкі жүндеу» деп атайды. Алайда біз әңгімелеп отырған оқиғада «үкі жүндеу» болмаған, яғни құсты торда ұстаған тұрғын жемге тойғызып қоя бермеген. Қазіргі таңда тәртіп сақшылары күдікті тұрғынның Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген 60-қа жуық құстың бірі үкіні қандай мақсатта ұстағанын анықтауда.