Түркістан облысында соңғы мәліметке сәйкес коронавирус дертін жұқтырғандар саны – 49. Өңірде ең алғашқы коронавирус дерегі 31 наурызда тіркелген.
Жетісай ауданының 1971 жылы туған тұрғыны 21 наурыз күні Нұр-Сұлтан қаласынан Павлодар-Қызылорда бағытындағы поезбен келген. Ары қарай жеке көлікпен Жетісай қаласына жолға шыққан. Ол 28 адаммен жақын байланыста болып, вирус таратқан.
Өңірдегі жедел штаб баспасөз қызметі анықталған екінші ошақты 4 сәуірде қайтыс болған 64 жастағы Жетісай ауданының тұрғынымен байланыстырып отыр. Ол 14 наурыз күні Алматы қаласынан келгенін жасырған. 7 адаммен жақын байланыста болған. Оның ішінде 15 сәуір күні Шымкент қаласында қайтыс болған 1954 жылғы азамат та бар.
Індеттің үшінші және төртінші ошағы Шымкент қаласының тұрғынымен жақын байланыста болған Сайрам мен Ордабасы аудандарынан анықталды. Бұл аудандардан шыққан төрт науқас Шымкент қаласының азаматымен жақын байланыста болып, вирус жұқтырған.
Бесінші ошақ ретінде 31 наурыз күні Ақтау қаласынан Арысқа келген 1995 жылы туған азамат есептеледі. Ол өз отбасының 6 адамы және Бәйдібек ауданының тұрғынымен жақын байланыста болған.
Індет ошақтарында тиісті жұмыстар атқарылып, бақылауға алынған.