Халықаралық конькимен жүгірушілер одағы (ISU) коронавирусқа байланысты кейінге шегерген шорт-тректен әлем чемпионатын өткізбейтін болып шешті. Осылайша спортшылар биылғы маусымды әлем чемпионатынсыз қорытындылауға мәжбүр.
Наурыз айында өтуі тиіс болған әлемдік дода алдымен белгісіз уақытқа кейінге шегерілген болатын. Алайда, ISU атқарушы комитеті коронавирус індеті өршіген шақта әлем біріншілігін өткізудің ақылға қонбайтынын айтты. Шорт-тректен биылғы әлем чемпионатын Оңтүстік Кореяның Сеул қаласы қабылдауы тиіс еді.
Айта кетейік, шорт-тректен биылғы Әлем кубогында Қазақстан құрамасы бір жүлдеге қол жеткізді. Өткен жылдың 2-3 қарашасында АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында өткен маусымның алғашқы кезеңінде отандасымыз Абзал Әжғалиев 500 метрге жарыста жанкүйерлерді қола жүлдемен қуантқан болатын.