Ақпараттар технологиясы қарыштап дамыған мына заманда Ақтерек деген аядай ауылдың мұңы арқаға аяздай батады. Қарағандыдан үш жүз шақырымдай жердегі елді мекенде ұялы байланыс жоқ, интернет деген игіліктің ауылы алыс.
Таяуда осы ауылда тұратын бірнеше студент жас Ақтеректің тауына өрмелеп шығып, Қарқаралы ауданын өркениет көшіне жеткізем деп келген жас әкім Эльдар Дүйсетаевқа дұғай сәлем жолдады.
Тау демекші, ауылдағы он бес студент үшін альпинисше тау басына күнде өрмелеу үйреншікті тірлікке айналған. Таудың басына шыққанда ғана олардың ұялы телефондары интернеттің өлдім-талдым дегенде «иісін» сезеді екен...
Сөйтіп, талабы таудай жастар тау басында отырып, интернеттің жоқтығынан онлайн режимінде оқи алмай отырғандарын айтып, аудан басшысына мұң шақты. Ол ол ма, екі жүзге тарта тұрғыны бар ауылдың 41 белсендісі қол қойып, Эльдар Дүйсетаевқа хат та жазыпты. Хатта олар ауылды интернетпен қамтамасыз етіп, оқушы және студент балаларының ел қатарлы қашықтан оқуына жағдай жасауын өтініп сұраған.
«Болашақтың» бағдарламасымен Америка барып, Оңтүстік Калифорния университетінде оқып келген жас әкім әзірге үнсіз қалғанды жөн көріпті. Қалай болған күнде де, Ақтерек жастарының жанайқайы жаңа әкім үшін алғашқы ауыр сынақтың бірі болғалы тұр.
Қарағанды облысы