• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 18 Сәуір, 2020

Түркістан облысы карантин режіміне көшеді

835 рет
көрсетілді

Түркістан облысында COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар саны 50-ден асты. Осы орайда облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов Ахуал орталығында мәлімдеме жасап, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау, халық арасында коронавирустық инфекцияның кеңінен таралуының алдын алу мақсатында, 2020 жылғы 18-ші сәуір күні түнгі сағат 24.00-ден бастап, облыс аумағында карантин режімі енгізілетінін жария етті.

Яғни аталмыш уақыттан бастап көрші аймақтармен шегарадағы санитарлық блок-бекеттер жұмысы күшейтіледі. Тұрғындарға қалааралық, ауданаралық және елді мекендер арасында қатынауға шектеу қойылып, елді мекен ішіндегі қоғамдық көліктер мен жеке тасымал қызметінің жұмысы тоқтатылады. Санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтылығы үшін қоғамдық орындар мен демалыс орындары, саябақтар жабылады. Азық-түлік және киім - кешек базарлары, тұрмыстық заттар сататын базарлар жұмысы тоқтатылады. Сондай-ақ әлі күнге алаңсыз есік алдында ойнап жүрген балалардың ойын алаңдарында, көп қабатты үйлердің аулаларында ойнауға тыйым салынады.

«Тұрғылықты жерде отбасылық мерекелер, туған күн, той-жиын өткізуге шектеу қойылады. Үш адамнан артық топтың көшеде және қоғамдық орындарда жиналуына тыйым салынады. Жасы 65 жастан асқан азаматтар үйден шықпай, оқшаулануы тиіс. Тұрғындарға тек қажетті азық-түлік, дәрі-дәрмек алуға үйге жақын жердегі дүкендер мен дәріханаларға баруына рұқсат. Азық-түлік дүкендерінің жұмысы сағат таңғы 9 бен кешкі 8 аралығында шектеледі», деді облыс әкімінің орынбасары.

Тұрғындардың тіршілігін қамтамасыз ету үшін қажетті азық-түлік, заттар мен өнеркәсіп, құрылыс нысандарына, көктемгі егіс жұмыстарына қажет өндірістік тауарлар, материалдар, медициналық заттар тасуға рұқсат қағазы бар автокөліктер мен азаматтар және медициналық көмек қажет болған азаматтар ғана облыс аумағына кіріп-шыға алады.

Атап өтерлігі, құрылыс саласы, көктемгі егіс науқаны, жұмыспен қамту жол картасы, тіршілікті қамтамасыз ету нысандары карантиндік режімге қарамай жұмысын тоқтатпайды.