Аралас жекпе-жектен UFC ұйымының басшылығы коронавирус пандемиясына байланысты турнирлерін тағы да өткізе алмайтын болды. UFC бүгін сәуір мен мамыр айына жоспарланған төрт ірі турнирін өткізбейтінін ресми түрде мәлімдеді.
Ұйымның ресми сайтында хабарланғандай, 9 мамырда Сан-Паулу (Бразилия) қаласында жоспарланған UFC 249 турнирі өтпейтін болды. Сонымен қатар UFC Fight Night бәсекесінің үш бірдей жарысы да, яғни 25 сәуірде АҚШ-тың Линкольн, 2 мамырда Оклахома-Сити және 16 мамырда Сан-Диего қаласында өтуі тиіс болған турнир де ұйымдастырылмайтын болды.
«Аталған турнирлерге билет алған жанкүйерлерге ақшасын толық қайтарамыз. Сондай-ақ интернет пен телефон арқылы алған билеттердің құны да автоматты түрде қайтарылады. UFC турнирлері тез арада қайта оралады», делінген ресми хабарламада.
Айта кетейік, UFC бұған дейін де пандемияға байланысты бірқатар турнирі мен 18 сәуірге жоспарланған Хабиб Нурмагомедов пен Тони Фергюсон арасындағы жекпе-жекті де өткізе алмаған болатын.