• RUB:
    4.75
  • USD:
    441.44
  • EUR:
    473.09
Басты сайтқа өту
Экономика 22 Сәуір, 2020

Артық мұнайдың әлегі

249 рет
көрсетілді

Бірер күн бұрын Нью-Йорк тауар биржасында мамыр айына межеленген Америка мұнайы тарихта тұңғыш рет нөлден теріс бағаланғаны белгілі. Бір тәулікте 120 пайызға арзандаған WTI-дың баррелі минус 7,3 долларға дейін құлдырады. Дегенмен арада бір тәулік өтпей жатып NIMEX биржасындағы жағдай біршама дұрысталып, оң бағамға көтерілді.

WTI неге мұншалықты арзандады? Белгілі экономист Сапарбай Жобаев осы туралы пайымын ортаға салды.

– West Texas Intermediatу биржада сатып алушы табылмағаннан кейін өндірушілер оны теріс бағаға өткізуге мәжбүр болды. Бұл тұтынушыларға, мұнай өңдеу зауыттарына теріс бағаға беріледі дегенді білдірмейді. Олар баррелін 10-15 долларға сатуы мүмкін. Бірақ қалай десек те шикізатты қоймадағы резервуарларында бірнеше ай сақтап бергені үшін өндірушілер аз-маз ақша төлеуге мәжбүр. Бірер күн бұрын елдің назарын аударған индекс осыған байланысты, – дейді ол.

Экономистің сөзіне қарағанда, бұл жайт жалпы көмірсутегі бағасының төмендеуіне әсер ететіні түсінікті. Бірақ нарық үшін айтарлықтай дабыл қағарлық жағдай емес.

– Норвегия мен Ұлыбританияның қайраңдарынан алынатын Brent-тің баррелі 26 долларға дейін арзандады. Urals 21 доллар болды. Бұл нарық үшін анау айтқандай дабыл қағарлық жағдай деп ойламаймын. Әдетте WTI біздің мұнайдан 5-6 доллар арзан болғандықтан, бұл жолы 15-16 долларға бағалануы керек еді. Бірақ резервуарларда сақталатын болғандықтан ғана теріс бағаға дейін құлдырады. Әрине мұның экономикаға теріс әсері болады. Д.Трамп мұнай қоймаларында 80 млн баррельдей орын бар екенін, ол толғанша өндіріс тоқтамайтынын айтып уәде берді. Оның қаншалықты тиімді шешім екенін уақыт көрсетеді, – дейді С.Жобаев.

Президенттік сайлаудың алдында Трамп үшін өндірісті тоқтатпау ерекше маңызды. Себебі өндіріс тоқтаса, Техаста жүздеген мың, бәлкім, миллионнан астам адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Жұмыссыздық жайламауы үшін АҚШ президенті өндіруші компаниялардың үзіліссіз жұмыс істеуіне мүмкіндік жасап, барлық мұнай қоймаларын толтыруға бейіл танытып отыр. Ал резервуар иелері мұнай сақтағаны үшін ақы талап ететіні жоғарыда айтылды.

 Шикізат өңдеуші зауыттардың да қоймасы аузы-мұрнынан шыға толды деуге болады. Себебі көліктің барлық түрі тоқтап қалды, өнімді өткізетін нарық жоққа тән. Халықтың қатынасы мен жүк тасымалы қарқынын осыдан бірнеше ай бұрынғымен салыстыруға келмейді. Соған қарамастан елдің энергетика министрлігі стратегиялық қорды жинай беруді жөн деп шешті, бұл үшін 3 млрд доллар қосымша шығынға да дайын.

ISH Markit сарапшысы Джим Берк­хард айтқандай, АҚШ-тағы жанармай на­рығы күйреуге шақ тұр. Ұсыныс сұра­ныстан әлденеше есе артық, өнімді қой­маларға жіберуден басқа жол жоқ. Бірақ қоймалар да көп ұзамай толуы мүмкін.