Қазіргі таңда Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) Азияның екі командасы бақ сынауда. Бірі – Қазақстанның «Барыс» командасы, екіншісі – Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» клубы. Екі ұжымның да құрылған кездегі негізгі мақсаты өз елінде хоккей спортын кеңінен насихаттап қана қоймай, ұлттық құраманы күшейту және жастарды осы спортқа баулу болатын. Әзірше жоба екі елде де өзін ақтап жатыр деп айтуға негіз бар. Тіпті екі клубтың ҚХЛ-да өнер көрсетуі Азия құрлығындағы басқа елдерге де оң әсер етіп жатқандай.
Мысалы, Өзбекстанда хоккей лигасы 2013 жылдан бері жұмыс істейді. 2018 жылы осы елде «Хумо» хоккей клубы құрылып, 2019 жылдан бастап негізгі құрамы Жоғары хоккей лигасына қатыса бастады. Ал биылдан бастап «Хумо» клубының фарм-командасы шайбалы хоккейден Қазақстан ашық чемпионатына қатысқаны баршаға белгілі. Сонымен қатар өткен айда құм үстінде тіршілік кешетін Біріккен Араб Әмірліктері де біздің чемпионатқа қатысуға өтініш берген-ді. Қазіргі уақытта бұл ұсынысты Қазақстан хоккей федерациясы қарастырып жатыр. Бәлкім, алдағы маусымда Әл-Айн қаласының командасын ел біріншілігінен көріп қалуымыз әбден мүмкін. Ал күні кеше қырғыз бауырлар да көк мұз үстіндегі додаға «ат қосуға» ниетті екенін білдірді. Осыдан-ақ азиялықтардың хоккейге деген қызығушылығының артқанын байқауға болады.
Қырғыз елінің командасы Қазақстан чемпионатына қатысуға өтініш бергені туралы ақпарат БАҚ бетінде жарияланғаннан кейін спорт журналисі Нұрғазы Сасаев әлеуметтік желідегі парақшасында «осы сәтті пайдаланып, АХЛ (Азия хоккей лигасы) ашу керек» деген ұсыныс білдірді. Расымен, егер Азиядағы көршілерімізден тағы осындай бір-екі ұсыныс түссе, онда Азия хоккей лигасы құрылғаны дұрыс. Сарықұрлықтың өзіндік лигасы ашылса Қазақстанға да, Азия елдеріне де тиімді болар еді. Себебі, Азия хоккей лигасын құра отырып, мынадай екі мәселені шешіп алуға болады.
Бірінші, көршілеріміз Азия хоккей лигасына қосылып, хоккей спортын дамытуға зор мүмкіндік туады. Қазіргі таңда қыс мезгілі ұзаққа созылмайтын (Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан) және команда саны аз елдерге хоккейден ішкі чемпионат ұйымдастырғанымен бәрібір тиімсіз. Сондай-ақ әр қала чемпионатқа қатысатын бір команда жасақтап шығара алмайтыны тағы бар. Ал лайықты қарсылас болмаған соң, ішкі жағдайды бағамдай беріңіз. Тек бір-екі ғана команда жасақтап шығаратын елге, осы жағынан, Азия хоккей лигасын құру тиімді болар еді.
Екінші, Қазақстанда хоккей спорты жолға қойылған. Жоғарыда атап өткендей командаларымыз ішкі чемпионаттан бөлек, Ресейдің Құрлықтық хоккей лигасы мен Жоғары хоккей лигасында табысты өнер көрсетуде. Бір әттеген-айы «Барыс» сапында өзіміздің жігіттердің орнына, Қазақстан азаматтығын алып, қолдан жасалған «қазақтар» ойнап жүр. Бәлкім Азия хоккей лигасын құра отырып, шетелдік келімсектерден аздап болсын құтылар ма едік, кім білсін?!
Бүгінде «Барыс» клубында ойнайтын қазақ хоккейшілерін санауға бір қолдың саусағы жетіп жатыр. Оның ішінде тек Әлихан Әсетов қана мұзайдынға жиі шықпаса да, ара-тұра бой көрсетіп қояды. Себебі «Барыстың» экс-бас бапкері беларус Андрей Скабелка шетелдің хоккейшілермен ойнағанды құп көреді. Бірақ қандасымыздың ойыны тәп-тәуір. Бұрындары Талғат Жайлауов «Барыс» сапында өнер көрсететін. Қазір ол да жоқ.
Қазақ хоккейін өрге сүйрейді деп сенген дәл осы легионерлердің кесірінен қазір деңгейміз өсудің орнына төмен құлдырап жатыр. Алысқа бармай-ақ ақпан айында елордада өткен 2022 жылғы қысқы Олимпия ойындарына жолдама беретін хоккей турниріне тоқталайық. Даррен Диц бастаған, Джесси Блэккер қостаған ұлттық құраманың «оғландары» алғашқы екі матчта тәуір ойын көрсетіп, Нидерланды мен Украина құрамаларының тас-талқанын шығарған-ды. Ал соңғы шешуші ойында Польша хоккейшілерінен 3:2 есебімен жеңіліп, Олимпиадаға қатысу құқығынан біржола айырылдық. Осылайша өз елімізде өткен турнирде өзге елдің хоккейшілері арқасында жолдама иелене алмадық.
Осыдан кейін-ақ шетелдіктерге сенім артпай, рахметімізді айтып, өз елдеріне қайтарғанымыз жөн шығар. Егер шетелдіктерге сенім артқаннан мүйіз шықса, баяғыда қарағайдай болар еді. Сондықтан Азия хоккей лигасы құрылып жатса, «Барысты» легионерлерден тазартып, тек өзіміздің қара домалақ жерлестерімізді көбірек ойнатып, соларға инвестиция құйсақ дұрыс болар еді. Әлихан Әсетов секілді қаншама талантты жігіттеріміздің бағы ашылмай, легионерлердің тасасында қалып жатыр.
Тіпті болмаса, «Барыс» легионерлерімен бірге ҚХЛ бәсекесіне қатыса берсін, оған еш дауымыз жоқ. Тек Азия хоккей лигасы құрылатын болса, «Барыстың» орнына ұлттық құраманың намысын қорғауға лайық деген жергілікті жігіттерден құралған команда жасақтап шығарса, тіпті керемет болар еді.
Осы орайда, оқырмандар тарапынан «Сарықұрлықта Азия хоккей лигасын толтыратын команда шыға ма?» деген заңды сауал туындауы мүмкін. Бүгінде ҚХЛ-дан бөлек Жоғары хоккей лигасында (ЖХЛ) Азияның жеті бірдей командасы бақ сынайды. Атап айтар болсақ, Қазақстаннан «Номад», «Сарыарқа», «Торпедо», Қытайдың КРС-БСУ, ОРДЖИ, «Ценг Тоу» және Өзбекстанның «Хумо» клубы өнер көрсетеді. Егер Жапония, Оңтүстік Корея, Тәжікстан және тағы басқа елдер де бір командадан шығаратын болса Азия лигасы құрылуға дайын тұр. Қажет болса, Қазақстан чемпионатындағы командаларды да қосып, екі лига жасауға әбден болады.