Өткен жылы елімізде өзендердегі кеме қатынасымен жасалған тасымалдың жалпы көлемі 1,5 млн. тоннаны құраса, биыл бұл көрсеткішті 1,6 млн. тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Оның 650 мың тоннасы Ресей бағытында тасымал жасауы тиіс. Бұл туралы ИИДМ Баспасөз қызметі хабарлады.
Жалпы навигациялық маусымның ашылуы су жолдарының учаскелеріне байланысты 1 сәуір мен 12 мамыр аралығында жүргізіледі. Осы маусымды уақытында ашу үшін 2020 жылғы 1-тоқсанда дайындық жұмыстары жасалды. Атап айтқанда, 3814 навигациялық белгі, 3 кеме өткізетін шлюз және 147 техникалық флот кемесі әзірленіп, жөнделді.
Қазақстанда навигациялық маусым мерзімі орташа алғанда 196 тәулікті құрайды.
Елімізде өзендердегі кеме қатынасы Ертіс, Орал-Каспий және Іле-Балқаш бассейндерінде жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда бұл салада 14 мыңға тарта адам еңбек етеді.
«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында кеме өткізетін шлюздерді күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл шара апаттар саны 10,3% азайтуға және өткізу қабілетін жылына 350 кемеге дейін жеткізуге мүмкіндік береді.
Биыл темір-бетон құрылымдарын (алаңы 18 мың м2) және көтергіш жабдықтарды (6 бірлік) жөндеу жоспарланған. Шлюздердегі жұмыстар күнтізбелік жоспар-кестеге сай орындалуда.
Бұдан басқа, 2025 жылға дейінгі кезеңде бағдарлама шеңберінде техникалық флоттың 42 кемесін жаңарту көзделіп отыр, бұл техникалық флоттың жалпы тозуын 78%-дан 55%-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді.