Алматы облысында медициналық маска дайындау ісі қарқын алды. Бұған дейін облыс әкімі Амандық Баталовтың аудан, қала әкімдеріне бетперде тігуді жолға қою және өндіріс қарқынын арттыру туралы тапсырма берген болатын.
Бұл жұмысқа аймақтың көптеген кәсіпорындары жұмыла кірісті. Мәселен,бір ғана «Dolche-Pharm» ЖШС фармацевтикалық компаниясы күн сайын 150 мың дана медициналық маска шығаруда. Оған қоса 70 мыңға жуық масканы өз қызметкерлері үшін және басқа кәсіпорындардың тапсырыстарына орай «Универсал», «Жаркент полипропилен зауыты», «ЖКПЗ», «TEXTIL MARKET», «Кока-Колла Алматы Ботлерс», «Алтын жұлдыз», «CLOTWELL», «Зета» компаниялары мен басқа да шағын кәсіпорындардың шағын цехтары тігіп отыр.
Енді бетперде тігетін цех Талдықорған қаласынан да ашылды. «Техно Авиа Груп» ЖШС іске қосқан цехта 50 тігінші күніне 30 мың бетперде тігуге құлшыныс білдіруде. Жалпы аумағы 490 шаршы метрді құрайтын өндіріс орнында жұқа және орташа қалыңдықтағы материалдан маска тігуге арналған әмбебап тігін машиналары орнатылған. Олар минутына 5000 рет айналысқа дейін максималды тігіс жылдамдығына ие екен. Бұған 28 млн теңге шамасында инвестиция тартылыпты. Қазір мұнда 3 қабатталған медициналық бетперде тігілуде. Алдағы уақытта бірнеше рет пайдалануға болатын трикотажды маскалар, халаттар, комбинезондар, алжапқыштар, қолғаптар, жұмыс күртешелерін және тапсырысқа байланысты тағы да басқа киім-кешек түрлерін тігу жоспары бар. Ал цехтың тоқтаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында қоймада 16 млн теңгенің маталары мен өндірісте керекті ұсақ-түйек зат қоры бар.
Алматы облысы