Күні кеше УЕФА құрамына мүше елдердің өкілдері, УЕФА президенті Александер Чеферин мен бас хатшысы Теодор Теодоридис қатысуымен видеоконференция форматында жиын өтті.
Онлайн басқосуға Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Азамат Айтқожин қатысты. Форумға қатысушылар COVID-19 індеті аяқталғаннан кейін еуропалық футбол турнирлерін өткізудің оңтайлы шешімдерін іздеген екі жұмыс тобының нәтижелерімен танысты.
Ең алдымен кәсіби клубтар мен ұлттық құрамалар арасында өтетін ресми жарыстар күнтізбесінің әртүрлі нұсқалары қаралды. Сонымен қатар маусымдағы ұлттық жоғары дивизиондар мен ұлттық кубок ойындарын аяқтауға кеңес берілді. Жоғарыда аталған ішкі чемпионаттардың ойындары өтпеген жағдайда, ұлттық қауымдастықтарға көмек көрсету мақсатында Еурокубок жолдамаларын бөлу мәселесі де реттеледі.