Виргиния штатындағы Джордж Мейсон қоғамдық зерттеу университетінің микробиология және жұқпалы аурулар бағыты бойынша докторантурасын тәмамдаған вирусолог Юрий Ким бүгін Жас ғалымдар альянсы ұйымдастырған «Ғылымтану» еркін талқылауда осындай мәлімдеме жасады.
«COVID-19-дың аңызы мен ақиқаты» атты онлайн отырысында ғалым Ю.Ким:
– Коронавирус инфекциясының қаупі қазірде 1 адамның кем дегенде 5 адамға жұқтыратынымен өлшеуге болады. Одан кейін жаңағы 5 адам әрқайсысы тағы 5 адамға жұқтырады. Сонда 5-тен 25-ке, 25-тен 125-ке көбейеді.
Қазір қоғамда COVID-19-дың қауіптілігін басқа да ауру түрлерімен салыстырады. Салыстырудың нәтижесімен қазір кең тарап тұрған инфекцияның қаупін сейілткісі келеді. Бірақ мен ғалым ретінде айтсам, бүгінде АҚШ-тағы COVID-19-дан күн сайын өлген науқас саны қатерлі ісіктен қайтыс болатын адам санынан артып отыр, – деді.