• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 28 Сәуір, 2020

Арктика үшін «айқас»

441 рет
көрсетілді

АҚШ Арктикадағы ықпалын күшейту мақсатында Гренландияға 12,1 мил­лион доллар көлемінде қаржылай көмек берді. Бұл қадам стратегиялық тұрғыда маңызға ие әрі Қытай мен Ресейдің солтүстік полюсте еркін тыныстауына кедергі келтірмек.

Мұны Вашингтон билігі де жоққа шығармайды. Мемлекеттік департамент өкілінің айтуынша, қаржылай көмек Арктикадағы геосаяси күшті теңестіруге бағытталған. Қаражат негізінен энергетика, білім және туризм салаларын дамытуға арналады.

«Мұндай қадамға баруымызға Ресей мен Қытайдың АҚШ пен Батысқа қарсы әрекет жасауы әсер етті. Әлемнің басқа бөлі­гінде де осындай ойын болып жатыр. Арк­­­тика саяси ойын жүргізуге бейімдел­меген», деді Мемлекеттік департамент өкілі.

АҚШ-тың кенеттен мұндай қадамға баруының өзіндік мәні бар. Қазіргі таңда Арктика кеңесіне 8 мемлекет мүше. Олар: АҚШ, Канада, Ресей, Дания, Нор­вегия, Швеция, Финляндия және Ислан­дия. 1996 жылы құрылған бұл кеңес солтүс­тік полюсті ортақ пайдалануға бағыттал­ған. Сонымен қатар Арктикаға қатысты мәсе­ленің бәрін осы 8 мемлекет бірлесіп шешпек.

Ресей кейінгі кезде полюске басымдық бере бастады. Мәселен, былтыр Кремль Арктикада кең көлемді әскери жаттығу өткізді. Бұл Ақ үйді алаңдатқаны анық. Өйткені соңғы рет мұндай жиынды Мәскеу билігі қырғи-қабақ соғыс кезінде ұйымдастырған болатын. Яғни, Ресейдің Арктиканы белсенді игеруге деген мүддесін аңғару қиын емес.

Қытай 2013 жылы Арктика кеңесіне бақылаушы ретінде енді. Содан бері Бейжің де солтүстік полюске қатысты жоспары бар екенін талай рет байқатты. Мәселен, 2018 жылы Қытай Полярлық Жібек жолы бастамасын көтерген. Мұндағы мақсат – Арктикада ықпалын арттыру.

Ақ үйдің Қытай жоспарына алаң­дауы бекер емес. Өйткені Бейжің халық­аралық суларға қатысты ережені сақтай бермейтіні белгілі. Мысалы, Оңтүстік Қытай теңізін пайдалануға байланысты талай мәрте дау туған болатын. Сон­дық­тан Ақ үй үшін Арктикаға басқа елдің ық­палын жүргізуі мүлдем тиімсіз.

Бұдан бөлек, Гренландиядағы қазба-байлық та талайдың көз құртына айналды. Болжам бойынша, аймақтағы мұз астында миллиардтаған тонна көмір­сутек отынының қоры бар. Ол әлемдік көмірсутек қорының 20-25 пайызын құрайтын көрінеді. Осынау байлықты мейлінше молынан иемдену үшін ешкімнің де аянып қалмасы анық.

БҰҰ-ның 1982 жылы қабылданған Теңіз құқы жөніндегі конвенциясы бо­йынша теңіздік шекарасы бар мемлекеттер өз жағалауынан 200 мильдік аймақты экономикалық мүддесіне пайдаланады. Сол жағалау шельфтермен жалғасар болса, ол 350 мильге дейін созылуы мүмкін. Ал Арктика және оның байлығы одан әрі Солтүстік полюске дейін біраз созылады.

АҚШ-тың Гренландияға көңіл бөлуі бірінші рет емес. Былтыр президент Дональд Трамп мұз құрсаулаған аралды Даниядан сатып алуға ықылас танытқан. Бірақ Гренландияның сыртқы істер ми­нистрі аралдың сатылмайтынын, бірақ бизнес жасаушыларға ашық екенін мәлімдеді.

Ақ үйдің Гренландияға қызығуы кеше басталған жоқ. 1946 жылы АҚШ-тың сол кездегі президенті Харри Трумэн аралды сатып алу үшін Данияға 100 миллион доллар ұсынған. Алайда Копенгаген одан бас тартты.

Америкалықтардың аралға қызығуы­ның тағы бір себебі – онда АҚШ-тың әскери базасы орналасқан. Thule әуе базасы солтүстік полюстен мың шақырым қашық­та жатыр. Сондай-ақ базада баллистикалық зымыраннан қорғауға арналған арнайы жүйе орналасқан. Қысқасы, Гренландия стратегиялық тұрғыда маңызға ие.

Әйтсе де, Гренландияға қатысты көп­теген мәселені Дания тарапы шешеді. Арал 2008 жылы ғана жартылай мемлекет құқығын иеленді. Оған дейін ғасырлар бойы Данияның қол астында болып келген. Кейінгі жүргізілген сауалнамаларға сүйенсек, Гренландия халқының басым бөлігі тәуелсіздік жариялауға ынталы. Бірақ егемен ел атану үшін ынта жеткіліксіз. Экономикалық тәуелсіздік керек. Қазіргі таңда арал негізінен Данияның құйған қаржысы арқасында өмір сүріп отыр.

Мұның бәрін жете түсінетін Қытай да Гренландияға инвестиция құюға мүд­делі екенін білдірді. Бірақ АҚШ-тың қаржылай көмек қолын созуы Бей­жіңнің жоспарына сына қағуы ықтимал.

Қорыта айтқанда, Арктика үшін тартыс әзірге аяқталар түрі көрінбейді. Кей мем­лекеттер солтүстік полюске дейін­гі аймақты теңдей бөліп алмақ. Келесі­лері аймақты ашқан кім, алғаш жол салған кім, соның да үлесі болғанын қалай­ды. Тағы бір тарап Арктиканы жалпы адам­за­тқа ор­тақ қазына деп есептейді. Қыс­қасы, Арк­тика геосаяси тұрғыдан да, эконо­мика­лық тұрғыдан да маңызды болып тұр.