Бұл Жолдау басқалардан өзгешерек. Десек те, Мемлекет басшысы Жолдауларының арасындағы сабақтастықты байқау қиын емес. Басқаларын былай қойғанда, соңғы үш Жолдауда үндестікке арқау болып отырған “жаңа”, “жаңару”, “даму” сөздерінің өзі-ақ түпкі мақсатымызды айқын аңғартып тұр.
Ал, түпкі мақсатымыз – жаңару, даму арқылы туған еліміздің әлемнің озық мемлекеттері қатарына қосылуына қол жеткізу. Даму нәтижесі өсіп-өркендеу, ол халқымыздың жасампаз істері арқылы көрініс табады. Жасампаздықтың салтанат құруының бір дәлелі ретінде Нұрсұлтан Әбішұлы соңғы он жылда 652 мектеп пен 463 денсаулық сақтау нысаны салынғанын атап көрсетті. Осы жалаң цифрлардың өзінен-ақ еліміздің даму қарқынын бағамдай аласыз.
Иә, жылдан-жылға қазақстандықтардың әл-ауқаты артып, мұны сырттағылар да танып, біліп отыр. Оған Жолдаудың мына бір жолдары айғақ: “Біздің жетістіктерімізді мойындай отырып, БҰҰ өзінің 2009 жылғы Баяндамасында Қазақстанды адам әлеуетінің жоғары деңгейі бар елдер санатына қосты. Бұл – біздің өскен әл-ауқатымыздың даусыз дәлелі!”
Адам әлеуеті демекші, ол өзінің маңызды компоненттерінің бірі – білім мен білік арқылы нығайып, беки түседі. Сондықтан болар, жаңа Жолдаудың бір тарауын Елбасы Н.Назарбаев “Адам – елдің басты байлығы” деп атап, елді жаңғырту стратегиясының табыстылығы, ең алдымен, қазақстандықтардың біліміне, әлеуметтік және дене болмысы, көңіл-күйлеріне байланысты екенін алға тартты.
Елбасының кезекті Жолдауын әдеттегідей мұқият тыңдап, ертеңіне-ақ “Егемен Қазақстанда” жарық көрген мәтінін зейін қоя оқып, көп нәрсені ой елегінен өткізгеніммен, жаныма жақын білім беру, оның ішінде кәсіптік білім беру жүйесіне қатысты: “Кәсіптік және техникалық білім беру кәсіби стандарттарға негізделіп, қатаң түрде экономиканың қажеттіліктерімен өзара байланыстырылуы керек”, деген бір ауыз сөзін астын сыза отырып, қайталап оқып шықтым. Кейін Жолдауды ұжым болып талдаған кезде осы бір аз да болса, саз айтылған сөздер сала қызметкерлеріне қаншама жауапкершілік жүктейтіні ерекше атап өтілді.
Жолдауға қолдау – ол Жолдауды тек тыңдау, иә болмаса оқып шығу ғана емес, оған әр азаматтың нақтылы ісімен жауап беруі, қойылған мақсаттар мен міндеттердің жүзеге асуына тікелей атсалысуы, кәсібіне қатысты кез келген мәселені шеше алуы, бәсекеге қабілетті болуы деген сөз. Ұжым мүшелерінің пікірі осылайша бір жерге тоғысты.
П.СҮЙІНКИНА, Ы.Алтынсарин атындағы әлеуметтік-гуманитарлық колледжінің оқытушысы, ҚР білім озаты.
Қостанай облысы, Рудный қаласы.