• RUB:
    5.05
  • USD:
    521.81
  • EUR:
    543.67
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Сәуір, 2020

Алтайда құну фототұзаққа түсті

3068 рет
көрсетілді

Қатты ашықса, бұғы-марал, бұланның өзін де қорегіне айналдырады.

Бір ай бұрын Алтайдағы Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағындағы Сарымсақты жотасында фототұзаққа түсірілген ақ кекіліктің суретін жариялап едік. Осы жолы назарларыңызға ұсынылып отырған аюға ұқсайтын құну деп аталатын жыртқыш да сол Сарымсақтыда, сол ақпан айында фототұзаққа ілігіпті. Фототұзақты құрған – Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің ғылыми бөлімінің аға қызметкері Владимир Воробьев. «Бұл құны (өзінің айтуы) дегеніңіз жер талғамайды. Тауда да, таста да жүре береді. Бойы аласа болғанымен өте қарулы. Табандары жалпақ, білектері мықты. Жазғытұрым, қыс уақытында ара-тұра көріп жүреміз. Парк қызметкерлері жыртқышты бұған дейін де талай рет суретке түсірген. Бұл – соңғы түсірілген суреті» дейді Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Жануарлар әлемін қорғау және өндіру бөлімінің басшысы Ерік Қасымов.

Жүретін жерін ғана емес, тамақты да талғамайтын құну өлексені де жей береді, қатты ашықса тіпті, бұғы-марал, бұланның өзін де қорегіне айналдырады дейді білетіндер. Құну Алтайда бар болғанымен елімізде өте сирек. Халықтың көбі бұл жыртқышты негізінен теледидар арқылы біледі. Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркін 100-ден астам құну мекендейді. 

Шығыс Қазақстан облысы,

Катонқарағай ауданы