• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 30 Сәуір, 2020

Павлодар облысы тұрғындары ХҚО-ның бірыңғай терезесінен 6 мыңнан астам дайын құжатын алған

151 рет
көрсетілді

Өңір тұрғындары карантин басталғалы бері ХҚО-ның бірыңғай терезесінен 6 мыңнан астам дайын құжатын алып кеткен.

Бұл құжаттардың басым бөлігі карантин барысында онлайн рәсімделген, қалған бөлігі – ХҚО жабылғанға дейін. Естеріңізге салайық, 26 наурыздан бастап барлық халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысы тоқтатылған болатын.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы қазақстандықтар үшін бұдан бұрын өтініш берілген, сондай-ақ электронды форматта тапсырыс берілген қызметтер бойынша дайын құжаттарды алып кетуге болатын бірыңғай терезені іске қосты. Бұл үшін әр қала мен аудандарда бір-бір ХҚО белгіленген болатын.

- Дайын құжаттарды көбіне Түркістан, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарының тұрғындары алған, - дейді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Павлодар облыстық филиалының баспасөз хатшысы Мейрамгүл Абрахманова. - Бірыңғай терезеде берілген құжаттардың дені – АХАТ құжаттары, жүргізуші куәліктері, көліктің техникалық паспорты мен тіркеу нөмірлері, жылжымайтын мүлік пен жер учаскелерінің құжаттары, сондай-ақ жеке куәлік пен паспорт.

Бұл ретте, ТЖ басталғалы бері қазақстандықтар egov.kz электронды үкімет порталы мен eGovKzBot2.0 телеграм-боты және eGovMobile қосымшасы арқылы 10,5 млн жуық қызметті онлайн түрде алған. Дайын құжаттарды беру терезелерінің жұмыс кестесі: дүйсенбі-жұма 9.00-ден 17.00-ге дейін. Сенбі – сағат 9.00-14.00 аралығы. Дайын құжаттарды беруге арналған қалалық және аудандық бөлімдердің тізімін мына жерден көруге болады: gov4c.kz