• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 30 Сәуір, 2020

Ерке ме, есер ме... Әйтеуір бір ессіз

590 рет
көрсетілді

Жуырда Петропавл қаласының көшесінде маска киіп алған азамат мотоциклмен қашып,  полицияның ысқырығы түгіл соңына түсіп қуғанына қарамай, ақыры соңынан дабылын безілдеткендердің 5-6-уын ертіп барып, қоршауға түскенде ғана күшпен тоқтатылды. Сөйтіп, қаншама халықтың үрейін ұшырды, жол тәртібін бұзып апатты жағдай туғызды. Оның қашуы мен қуғынының бейнекөрінісі кеше және бүгін барлық әлеуметтік желілердің бетінен түспеді.

Оқиға жеті түнде, халық ұйықтап жатқанда Гашек пен Уәлиханов көшелерінің қиылысында болған. Жүргізуші бала-шаға да емес, 36 жастағы араққа сылқия тойып алған азамат болып шықты. «Бетпердеңді шеш» деген полиция қызметкерінің талабын да мойындамай, камераға бетін көрсетпей қасарысып тұрды. Осындайларға полицияның күш қолданбауы мүмкін бе? Ондайлар тек күшті ғана мойындайды емес пе?  Егер оларға қарсы күш қолданбаса тұрғындардың қауіпсіздігі қалай сақталады?

Есерсоқ 15 тәулікке қамалып, көлік жүргізу құқынан 7 жылға дейін айрылды. Соңғы екі күнде Петропавлда бұдан басқа да бір мас адам мотоцикл жүргізіп, жол ережесін бұзып бара жатқанда ұсталды. Бұл тіпті 44 жастағы адам. «Кәрі түйе ойнақтаса жұт болар» дегендей жастары егделеніп, бала-шағалары өсіп қалған осындайлардың жас балаша екі аяқты мотоциклды қызықтап, ештеңе қарамай айдағанына таң қаласың. Ұрпағына қандай үлгі береміз деп ойлайды екен?

«Жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау – барлық көлік құралдары жүргізушілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Мотоцикл жүргізушілері ерекше бақылауда», - деп атап өтті патрульдік полиция батальоны командирінің міндетін атқарушы Қанат Әлімжанов.