Биыл еліміз Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығын атап өтуде. Сондай-ақ біз 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнін де 25-ші рет атап өтеміз. Бұл маңызды екі оқиғаның қатар келуі жай ғана сәйкестік емес, заңдылық. Оның себебі мынада: Мерекенің мәні мен мағынасы Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің мәні мен мағынасына толық сәйкес келеді, бұл – жалпыұлттық бірлікті нығайту, этносаралық қатынастардың тұрақтылығы мен үйлесімі, Қазақстан халқының мәдениетаралық үнқатысу мен қоғамдық келісім негізінде бірігуі.
Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлтаралық келісімге қол жеткізудің жалпыға танылған бірегей институты, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісінің өзегіне айналды. Өткен жылдар ішінде ол өзіне жүктелген миссияны лайықты орындап, өзінің қоғамдағы саяси және этностық тұрақтылықтың негіз қалаушы факторларының бірі ретіндегі маңызды рөлін танытуы елімізге әлеуметтік-экономикалық және саяси қайта құрулардың орасан зор бағдарламасын – тәуелсіз Қазақстанды байыппен, дәйектілікпен және ең бастысы, табыспен құруды жүзеге асыруға мүмкіндік берді.
«Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Біз берік бірліктің арқасында өз тәуелсіздігімізді нығайтып, халықтың әл-ауқатын жақсарту үшін жағдай жасадық. Бұл уақыт жасампаздық пен прогресс, бейбітшілік пен келісім кезеңі болды. Біздің даму жолымыз бүкіл әлемде қазақстандық модель немесе Назарбаев моделі ретінде мойындалды».
Қазақстан халқының бірлігі мерекесін қарсы ала отырып, біз қазақстандық модель жетістігінің негізгі факторы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың саяси көшбасшылығы мен ерік-жігері болғанын ешқашан ұмытпауымыз керек.
Әрине мемлекет пен қоғамды дамытудың бірде-бір стратегиялық мәселесі сессияда талқыланбай өткен емес. «Қазақстан – 2030» Даму стратегиясы, «Қазақстан – 2050» Стратегиясы, Ұлттық бірлік доктринасы, «Мәңгілік ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – бұл Ассамблея сессиялары алаңында бүкілхалықтық талқылаудан өткен мәселелердің қысқаша және толық емес тізімі.
Ассамблеяны құру идеясын Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев 1992 жылғы 14 желтоқсанда Қазақстан халықтарының форумында айтқан болатын. ХХІ ғасырдың тәжірибесі биігінен этносаралық қатынастарды реттеудің басты тетігін құру идеясын Нұрсұлтан Назарбаевтың қаншалықты көрегендікпен ұсынғанын сенімді түрде айтуға болады – «біз жаңа қоғамдық институт – Қазақстан халықтарының келісімі мен бірлігі Ассамблеясын құра алар едік. Бұл Қазақстандағы ұлтаралық келісімді бүкілхалықтық нығайту міндетін шешетін саяси емес, үкіметтік емес ұйым болар еді... Және мұндай Ассамблея Қазақстан халықтарының барлық арман, мұраттары мен мүдделерінің барлық спектрін көрсететін саяси емес орган болар еді».
1995 жылдың 1 наурызында ол өзінің Жарлығымен консультативтік-кеңесші орган ретінде Қазақстан халықтары Ассамблеясын (сол кезде ол осылай аталатын) құрды. Ал 1995 жылдың 24 наурызында өткен Ассамблеяның І сессиясында оның миссиясы айқындалып, этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясаттың алдында тұрған мақсаттар мен ауқымды міндеттері жария етілді.
Сонда, I сессияда сөйлеген сөзінде Н.Ә.Назарбаев: «Уақыт сынынан өте білген қазақ халқының бай да күрделі тарихы бар. Қазір ол Қазақстанда тұратын барлық халықтарға біздің бірлігіміздің түп-тамырын жақсырақ түсінуіне көмектесіп, кез келген тарихи кінә артуларға жол бермеуге тиіс. Өйткені өткенге көз сала отырып болашақты көре білген жөн» деген болатын.
Нұрсұлтан Әбішұлы нақ осы сөзінде Қазақстанның ұлттық саясатының ұстанымдарын толық айқындады.
Сол тарихи сессияға қатысушылар Президенттің жиналғандарға, ал олар арқылы халыққа, әрқайсының және барлығының елдің болашағы үшін жауапкершілігін ұғынуға шақырған үндеуін еске алады: «жауапкершілік деген өткенді есте сақтай отырып, болашаққа көз жүгіртуді, басқа халықтармен тату және жарасты өмір сүруді, олардың мәдениетін, дәстүрлерін, салттарын кұрметтеуді білдіреді. Қазақтар «Береке басы – бірлікте» деп тегін айтпаса керек.
Және бүгінде біз Қазақстанның Тұңғыш Президентіне ел басшылығында болған 30 жыл ішінде кез келген өзгерістерге, геосаяси жағдайларға және этносаралық мәселені саяси карта ретінде пайдалану мүмкіндігіне қарамастан, бұл мәселеде өзінің қағидаттарынан айнымаған саяси ерік-жігері үшін зор құрмет көрсетуге тиіспіз.
25 жылдық сияқты атаулы күндерде әдетте қорытынды шығарылып, қазіргі жағдайға талдау жасалады және болашаққа жоспар құрылады. Өткен 25 жыл бойы қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту жөніндегі саясат инклюзивті сипатқа ие болғанын және қоғам өмірінің барлық саласын қамтығанын түсінуіміз қажет.
Сондықтан да қазақстандық шынайы өмірдің әрбір әлеуметтік бөлінісінен біз ауыл шаруашылығынан, қызметтер көрсету мен медицина саласынан бастап халықаралық қатынастар мен жаһандық саясатқа дейінгі бейбітшілік пен келісім саясатының нәтижелерін табамыз.
Біздің этностарымыздың Қазақстанның біртұтас халқы болып табысты бірігуі бірінші және даусыз нәтиже болып табылады.
Этносаралық интеграцияның қазақстандық моделі әуел бастан азаматтық қағидаттарда құрылды. 1996 жылы «Қоғамдық келісім – Қазақстанның демократиялық дамуының негізі» деген тақырыппен өткен Ассамблеяның III сессиясында Н.Ә.Назарбаев осы қағидаттар туралы: «Біздің жағдайда этносаралық ықпалдасудың базасы жалпыазаматтық тиістілік, қазақстандық мемлекеттілік тағдыры бар адамдардың өзін өзі саяси тұрғыдан айқындауы болуы тиіс» деді.
Қазақстан этностық шығу тегі әртүрлі және түрлі діни нанымдағы адамдардың азаматтық ықпалдасуы жолымен сенімді түрде жүріп келеді. Мұның бір дәлелі – біздің еліміздің бір де бір этносы оқшаулану стратегиясын таңдамағаны, өзінің ерекше этностық мәртебесі туралы мәселе қоймағаны.
Керісінше, этностық шығу тегі әртүрлі адамдар Қазақстан азаматтарына тиесілілігін мақтан тұтады, оның дамуына өздерінің елеулі үлестерін қосып келеді.
Бейбітшілік пен келісім саясатының 25 жылдығының тағы бір маңызды нәтижесі халық бірлігіне қол жеткізу болып табылады. Біз бұл сөзде қандай терең практикалық және саяси мағына жатқанын көп жағдайда түсіне бермейміз! Ал 2001 жылы, Тәуелсіздігіміздің алғашқы онжылдығын атап өту барысында Нұрсұлтан Әбішұлы Ассамблея сессиясында: «Рухани бірегейлік біздің отандастарымыздың азаматтық және саяси бірлігін толықтырып, XXI ғасырда мемлекет тәуелсіздігін нығайтудың және қоғамды біріктірудің тағы бір іргетасы болып табылады... Біздің мақсаттарымыз бір және ортақ үйімізді жайластыруға, Қазақстанды қолайлы және гүлденген мемлекет ретінде көруге ұмтылыс-жігеріміз бірдей» деп атап өтті.
Осындай тәсілдің арқасында біз құндылықтардың бірыңғай жүйесі, қазақстандық азаматтық бірегейлік, рухани мәдениет ортақтығы негізінде қалыптасқан қоғамымыздың этноәлеуметтік тұтастық ретіндегі бірлігіне қол жеткіздік. Мұндай бірлік дәрежесі қазақстандық қоғамға саяси, мәдени тұтастықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бейбітшілік пен келісім саясатының үшінші даусыз нәтижесі Қазақстан халқы Ассамблеясының ел этностары арасындағы этносаралық қатынастарды үйлестірудегі табысы және этностардың қазақ халқының айналасында Қазақстан халқының біртұтас халқына кірігуі міндеттерін табысты шешу болды. Қазақстанның Негізгі Заңының кіріспесінде «ортақ тарихи тағдыр біріктірген, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып» деп жазылғандай.
2007 жылы конституциялық реформа нәтижесінде Ассамблея өзінің атауын өзгертеді, «халықтар» сөзі Қазақстан «халқы» деген сөзбен алмастырылады. Бұл біздің еліміздегі ұлт құру үдерісіндегі, қоғамдық келісім мен Нұрсұлтан Назарбаевтың жалпыұлттық бірлігі қазақстандық үлгісінің эволюциясындағы түбегейлі ілгерілеулерді көрсетеді.
Шартты түрде оны қалыптастыру мен дамытудың 4 негізгі кезеңін бөліп көрсетуге болады.
Бірінші кезең (1989 жылдан 1995 жылға дейін). Этномәдени бірлестіктер құру басталғаннан бастап 1995 жылғы Конституцияны қабылдау және Қазақстан халқы Ассамблеясын құру нәтижесінде қазақстандық модельді заңнамалық және институттық ресімдеу басталғанға дейін сипатталады.
Екінші кезең (1995 жылдан 2002 жылға дейін). Қазақстандық этностардың салт-дәстүрлерін, тілдері мен мәдениетін сақтау құндылықтары мен азаматтық қағидатын үйлесімді ұштастыру негізінде қазақстандық бірегейліктің негізгі параметрлері айқындалды.
Қазақстандық қоғамның егемендікті, мемлекеттілікті, байырғы қазақ жерінде мемлекет құраушы қазақ халқының айналасында және ел тағдыры үшін тарихи жауапкершілікте шоғырлануы қамтамасыз етілді.
Үшінші кезең (2002 жылдан 2007 жылға дейін). Этносаралық қатынастардың қазақстандық үлгісін қалыптастыру жөніндегі нысаналы саясатты қамтиды.
Бірқатар бағдарламалық құжаттар әзірленіп, қабылданды – Қазақстан халқы Ассамблеясының 2011 жылға дейінгі стратегиясы, Тілдерді дамыту мен қолданудың мемлекеттік бағдарламасы, 2006-2008 жылдар аралығында Этносаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық үлгісін жетілдіру бағдарламасы іске асырылды.
Төртінші кезең 2007 жылы басталды. Бұл кезеңде елдің этностық бедерінде болған түбегейлі өзгерістерді бейнелеу үшін Ассамблеяның атауы өзгертілді. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев 2008 жылғы 23 қазандағы Ассамблеяның XIV сессиясында жасаған баяндамасында атап өтіп, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісінің негізгі бес қағидатын тұжырымдады.
Бірінші қағидат. Этностық, конфессиялық, мәдени, тілдік әралуандық біздің баға жетпес байлығымыз болып табылады. Ол біздің қоғамның идеологиялық, адамгершілік, рухани негізін құрайды, қоғамның тұрақты дамуы үшін тың қуат береді.
Екінші қағидат. Мемлекет Қазақстандық этностардың мәдениеті мен тілдерін дамыту үшін нысаналы түрде барлық жағдай жасайды.
Үшінші қағидат. Толеранттылық пен жауапкершілік ұлтымыздың маңызды құндылықтарына айналды.
Төртінші қағидат – қазақ халқының шоғырландырушы рөлі. Қазақ халқы әрқашан ұлттың ұйытқысы бола білді. Ол болашақта да біздің қоғамымызды біріктіруші болып қалуы тиіс. Бұл қазақ халқына елдің болашағы үшін айрықша жауапкершілік жүктейді.
Бесінші қағидат – Қазақстан халқының бірлігі – Қазақстан халқы Ассамблеясының атауында көрсетілген. Біздің Конституциямыз «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқымыз» деген сөздермен басталады.
Бұл қағидаттарға 2013 жылғы сәуірде «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: Бір халық – бір ел – бір тағдыр» тақырыбымен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XX сессиясында Нұрсұлтан Назарбаевтың сөйлеген сөзінде «Ассамблея – тұтастай Қазақстан халқы! Барлық он жеті миллион!», ал Ассамблея тарихы – ел тарихы, халық тарихы» деп айрықша саяси мән берілді. Сонымен қатар Тұңғыш Президент жаңа жағдайда Ассамблеяның ХХІ ғасырдағы миссиясы тарылып емес, кеңейіп келе жатқанын, ол шын мәнінде жалпыазаматтық, саясаттан тыс және жалпыхалықтық институтқа айналуы тиіс екенін атап өтті.
Ассамблея бүгінгі таңда қоғамдық келісім мен бірлікті нығайту, халықты біртұтас саяси ұлтқа біріктіру міндеттерін іске асыруды қамтамасыз ете отырып, қоғамның сұраныстарына жауап береді және Елбасы қойған негізгі міндеттерді орындайды. Ассамблея қоғамдық келісім мәселелерін маңызды құндылық деп санайтын барлық адамдарды біріктіреді. Олардың қатарында мыңнан астам этномәдени ұйымдар, өңірлердегі «Қазақ тілі» қоғамдары, жастар қозғалыстары, сондай-ақ, республика бойынша 2753 Қоғамдық келісім кеңесі мен 1801 Аналар кеңесі бар. Қазіргі кезеңде, Елбасының тапсырмасымен құрылған осы құрылымдар, бірінші кезекте жергілікті қоғамдастықтар деңгейінде «халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» тұжырымдамасын жеткізеді және «кері байланыс» тетігін қамтамасыз етеді.
Жалпы алғанда, Ассамблеяның жұмысына еліміздің 400 мыңнан астам азаматы тұрақты түрде тартылған. Волонтерлер жылында 22 мыңнан астам адамды қамтитын ҚХА «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысына біріктірілген 138 жастар ұйымына үлкен міндет жүктеліп отыр.
2015 жылы қабылданған Қазақстанның «Қайырымдылық туралы» жаңа заңының негізінде елдегі тұрақтылықты, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту бағытындағы ҚХА-ның әлеуметтік функциясы ретінде барлық қайырымдылық қызметті дамытуға жәрдемдесу белгіленген. Осы бағытта 2019 жылы 11,4 мыңға жуық іс-шара өткізілді, 667 мың адамға көмек көрсетілді, көрсетілген көмек сомасы 4 млрд теңгеден асты.
Ассамблея мүшелерінің Арыс қаласында зардап шеккендерге көмек көрсету барысындағы жұмысы республикалық ауқымдағы гуманитарлық операция болды.
Ең ауыр алғашқы күндер мен апталарда ҚХА мүшелері Арыс қаласына 156 млн 297 мың теңге, сондай-ақ 200 тоннаға жуық азық-түлік пен бірінші кезектегі қажетті заттарды, құрылыс материалдарын жіберді.
«Мектепке жол» акциясы аясында Ассамблея 46 мың оқушыға 514 млн теңгеге көмек көрсетті, бұл акция аудандар мен ауылдық округтер деңгейінде өткізілді.
«Біз біргеміз!» қайырымдылық акциясына этномәдени бірлестіктер, Қоғамдық келісім кеңестері, ҚХА Кәсіпкерлер қауымдастығы, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы, Ассамблеяның волонтерлік қозғалысы орталықтары қатысты. 300 мыңға жуық адамға 276 млн теңгеден астам сомаға көмек көрсетілді.
Дамудың революциялық емес, эволюциялық жолын қамтамасыз ету үшін Ассамблея медиацияны пайдалана отырып, дау-жанжалдардың алдын алу жұмыстарын жүргізеді, 2019 жылы медиация институтын дамыту жөніндегі жол картасы іске асырылды. Н.Ә.Назарбаев өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында былай деп жазады: «Ассамблея алғаш рет азаматтық өкілдіктің қоғамдық қызметі, жаңа әлеуметтік лифт және қайырымдылық қауымдастығы ретінде жұмыс істей бастады. Әлеуметтік-тұрмыстық негіздегі қақтығыстардың алдын алу үшін ҚХА медиациясының инклюзивті желісі құрылды». «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңның 6-бабының 11-тармақшасына сәйкес Ассамблея қызметінің негізгі бағыттарының бірі этносаралық қатынастар саласындағы келіспеушіліктер мен дауларды реттеу, қақтығысты жағдайларды болдырмау жөнінде ұсынымдар әзірлеу және практикалық шараларды іске асыру және оларды шешуге қатысу болып табылады.
Nur Otan партиясымен бірлесе Нұр-Сұлтан, Талдықорған, Қызылорда қалаларында «Татуласу орталықтары» бірлескен қанатқақты жобасы жүзеге асырылуда. 47 татуласу орталығы, 1016 татуласу кабинеті ашылды, оның ішінде 308-і соттардың ғимараттарында орналасқан.
ҚХА медиативтік желісінің құрамында 1 республикалық, 28 өңірлік медиация кеңесі, 503 медиация кабинеті бар. ҚХА аясында 926 медиатор жұмыс істейді, олар 2019 жылы 23,5 мыңнан астам дауды шешуге қатысты, оның ішінде 8 мыңы кеңестер беру деңгейінде шешілді.
Этносаралық қатынастардың қазақстандық үлгісінің маңызды және бірегей ерекшеліктерінің бірі – Парламенттегі ҚХА-дан сайланатын Қазақстанның Парламенті Мәжілісінің 9 депутаты Қазақстан халқы Ассамблеясының кепілді өкілдігі болып табылады.
Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғаннан бергі ширек ғасыр ішінде ол халықаралық қоғамдастықтың Қазақстанды оң бағалауына ықпал ететін халықаралық мойындауға ие болған институтқа айналды. БҰҰ Бас хатшылары Кофи Аннан және Пан Ги Мун елімізге сапарлары барысында Ассамблея жұмысын жоғары бағалап, оны «БҰҰ-ның миниатюрасы» деп атады, сарапшылар келісім арқылы және біріктіруші бастамаларды нығайту жолымен барлық ұлттық топтардың дамуына негізделген ұстанымның дұрыс екенін жазады.
Қазақстанның ұлттық мүдделерді қайшылықсыз үйлестіруді жүзеге асыру тәжірибесінің қаншалықты дәрежеде бағаланатындығын 2010 жылы біздің астанамызда өткен ЕҚЫҰ саммитінің күн тәртібінде қарастырылғанына қарап пайымдауға болады, онда толеранттылық туралы және дискриминацияға жол бермеуге қатысты ерекше мәселе қамтылған. Ал 2019 жылғы 2 қыркүйекте ЕҚЫҰ Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары Ламберто Заньермен кездесу барысында Қазақстанда жүргізіліп отырған этносаралық және конфессияаралық келісім саласындағы саясатқа жоғары баға берілді.
* * *
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының 1995 жылғы 18 қазандағы Жарлығымен бекітілген Қазақстан халқының бірлігі мерекесінің 25 жылдығын атап өте отырып, Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен және Жарлығы негізінде 2016 жылдан бастап жыл сайын 1 наурызда мерекеленетін Алғыс айту күнін айрықша атап өтуге болады. Бұл мереке барлық этностардың бір-біріне және XX ғасырдың 30-40 жылдары Қазақстанға жаппай жер аудару кезеңінде түрлі этностардың өкілдеріне мейірімділік көрсеткен және қабылдаған қазақтарға алғысын білдіреді.
Алғыс айту күні – Қазақстанда жүргізіліп отырған татулық пен келісім саясатының символы. Онда «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясының төңірегіне бірігуді нығайтудың ұлы гуманистік негізі қаланған.
* * *
Бүгінгі таңда қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісін дамытудың жаңа кезеңі басталды. Уақыт бір орында тұрмайды, өмір өтеді, күн тәртібі өзгереді, алайда мемлекеттік және қоғамдық өмірдің барлық кезеңінде қоғамның бірлігін сақтау мәселесі басты мәселелердің бірі болып қала береді.
2019 жылы Президенттік өкілеттігін мерзімінен бұрын тапсырған Нұрсұлтан Назарбаев бейбітшілік пен келісім саясатының жалпыұлттық кепілі – Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы болып қала береді. Біздің баршамызға Елбасының мол тәжірибесі көрсетіп отырғандай, этностық, діни, өңірлік және әлеуметтік бедері күрделі, көп құрамды мемлекеттерде елдің бірлігі мәселесі әрқашан күн тәртібінде тұрады. Сондықтан әлем елдерінің тәжірибесі көрсеткендей, біздің басты міндетіміз – біздің әралуандығымыз «оқшаулау сызығына» айналмауын қамтамасыз ету.
Президент Қ.Тоқаев өзінің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында бұл жұмыстың бағытын нақты түрде айрықша атап өтті: «Қазақ халқының мемлекет құрушы ұлт ретіндегі рөлін ескере отырып, этносаралық келісім мен дінаралық өзара түсіністікті нығайтуды жалғастыру қажет».
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қоғамдық келісімді нығайту міндетін белгілей отырып, бұл – бүкіл қоғамның күш-жігерінің нәтижесі деп есептейді. Қазақ халқы мемлекет құрушы рөлге ие болады, соның негізінде этносаралық келісім мен дінаралық өзара түсіністікті нығайту жалғастырылады. Бұл ретте, «Ел бірлігі – оның әралуандығында» қағидаты Мемлекет басшысының басты ұстанымы болып қала береді, ол біздің елімізде барлық этностық топтардың тілдері мен мәдениетін дамыту үшін жағдай жасауды жалғастыратын болады.
Бұл, келісім мен тұрақтылықтың негізі – сындарлы қоғамдық диалог арқылы қамтамасыз ету көзделетін терең прагматикалық ұстаным. Мемлекет басшысы: «Елбасының «Халықтың бірлігі – біздің ең құнды игілігіміз» деген қанатты сөздері біздің тұрақты ұстанымымыз болып қала береді. Келісім мен бірлік, даналық пен өзара түсіністік біздің алға жылжуымызға ықпал етеді», деп айрықша атап өтті.
Сондықтан Елбасының мықты әрі жауапкершілігі жоғары адамдардың біртұтас ұлтын қалыптастыру жолындағы стратегиялық бағыты Қазақстанның киелі жерінде халықтың бірлігі мен ынтымағын, татулық пен тыныштықты нығайтудың жаңа деңгейінде жалғасатын болады.
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,
Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары