• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 01 Мамыр, 2020

Жол азабын жүрген білер

592 рет
көрсетілді

Солтүстік Қазақстанның автожолдары еліміздің басқа өңірлеріндегі сияқты ешқашан жоғары талап деңгейінен табылған емес. Жыл сайын бәлен миллиардтаған ақша бөлінсе де биыл істелген жол көп болса 2-3 жылға ғана шыдап, қайта жөндеуді талап етіп жатады. Жаңадан салынған және жөнделген жолдың сапасы қатаң тексерілмейді, соның нәтижесінде жолдың жыры ешқашан бітпейді. Осы мәселені мемлекеттік деңгейде қолға алып, тәуелсіз комиссияның мониторингіне беретін кез жетті. Сол комиссияны ұстауға кететін шығын өзін 10-15 есе ақтар еді. Өйткені, жолдардың сапасы жақсарып, жөндеу жұмыстарына кететін артық шығындар азаяр еді.

Солтүстік Қазақстан облысында былтыр жол шығындарына 30 млрд теңге бөлінген. Бірақ барлық жолдың әлі де 35 пайызы жөндеуді талап етеді. Биыл тағы 39 млрд теңге бөлінбек, ол да жол мәселесін толық шеше алмайды. Облыста барлығы 9 мың шақырым автожолдар бар. Жуырда автожолдар басқармасы бастығының орынбасары Т.Әуелов биыл соның 770 шақырымына асфалть төселетінін жеткізді. Бұл жұмыстарға жаз бойы 1500-дей адам тартылады екен. Әрине, халыққа жұмыс табылғаны жақсы, бірақ бір істелген жолдарды тым болмаса 10 жылға дейін қозғамайтын қылып, сапалы істеуге уәде береміз деген сөздер бастықтың аузынан шыққан жоқ. Өйткені, жолдың сапалы жасалатынына мамандардың өздері де сенбейді.

Биылғы жөнделетін жолдар Тимирязев, Уәлиханов және Мүсірепов аудандарының тұрғындарын қуантпақ. Әйтпесе, жаман жолдан бұл аудан тұрғындарының жүйкесі әбден жұқарған еді. Сондай-ақ «Саумалкол-Новоишим» және «Покровка-Корнеевка-Горное» тасжолдары жөнделмекші. «Петропавловск — Қорған» автотрассасы да жөндеуден өтпек.

Жол жөндеудің қауырт шағына жолшылар мамыр айынан бастап кіріседі.  

 

Солтүстік Қазақстан облысы