Мақтаарал ауданының әкімі, аудандық төтенше жағдай штабының төрағасы Бақыт Асанов төрағалығымен 2 мамыр күні түнгі 00:00-де штаб мүшелерімен арнайы жиын өтіп, төтенше жағдай жариялауға тапсырма берілді.
Кеше таңата Өзбекстанның Сырдария облысындағы Сардаба су қоймасының 6-пикет қабырғасы жарылып, су тасқыны орын алған-ды. Салдарынан аймақтың бірнеше елдімекенін су басқан.
Бір тәулікке жетер-жетпес уақыт ішінде ағын су Өзбекстанмен шекаралас Түркістан облысы Мақтаарал ауданына қарасты Жеңіс, Нұрлы жол және Жаңа тұрмыс ауылына жеткен. Мақтаарал ауданы әкімдігі дер кезінде қажетті шараларды қолға алып, ағын су жетпей аталған ауыл тұрғындарын аудан орталығы Мырзакент қаласындағы мектептерге эвакуациялаған.
«Мақтаарал ауданы шекарасындағы «Центральный голодностепный Коллектор (ЦГК)» өткізу қуаты секундына 120 м3 болса, ағын судың қаттылығына қарай секундына 180 м3 болуы себепті су арнасынан шығып, 02.05.2020 жылы сағат 01-30 минут өткенде Жаңажол ауылдық округіне қарасты Жеңіс және Еңбекші ауылдық округіне қарасты Жаңатұрмыс елді мекеніне су басу қаупі туындады.
Жеңіс ауылында 288 үй, 1922 тұрғыны бар. Оның ішінде 568 ер адам, 546 әйел адам, 808 балалар мен жасөспірімдер. Сондай-ақ Жаңа тұрмыс ауылында 47 үй, 321 тұрғын бар. Оның ішінде 169 ер адам, 152 әйел адам, 132 балалар мен жасөспірімдер бар. Тұрғындарды эвакуациялауға 6 автобус (300 адамдық), 4 камаз (120 орындық), ТЖД 6 техника мен 36 адам, полиция бөлімінен 7 техника мен 70 адам жұмылдырылды. Мырзакент кентінде 4 эвакуациялық пунктте 2200 орын дайындалған», деп хабарланды Мақтаарал ауданы әкімдігінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасында.
Сағат 05:00 шамасында жоғарыда аты аталған үш ауылды толық су басқан. Арада жарты сағат өткенде әкімдік Мырзакент кентіне де су басу қаупі туындағанына байланысты, тұрғындарды енді Атакент кентіне эвакуация жасау басталғанын хабарлады.
Таңғы сағат 07:00 уақыт бойынша Мақтаарал ауданының тұрғындарын әлі де қауіпсіз аймаққа көшіру жалғасып жатыр. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, адамдар жеке басының қамын ойламай, қолдан келгенше бір-біріне көмек қолын созуда.
Оқиға орнында хабар таратып жүрген шымкенттік журналист Олжас Мамыр әлеуметтік желідегі парақшасында Жеңіс ауылында еріктілер Төтенше жағдай қызметтің екі азаматты құтқарып қалғаннын жазды. Олар ауыл тұрғындарын эвакуациялап жүріп, өздері суда қалып қойған. Сонымен қатар бір Өзбекстан азаматы өлген жылқыға жармасып, ағын сумен түн ішінде Жеңіс ауылына жеткенде оны жергілікті тұрғындар құтқарып алған. Азаматты дереу медицина қызметкерлері ауруханаға алып кетті деп жазды.
Сағат 08:35-те Түркістан облысы өңірлік коммуникация қызметі Мақтаарал ауданындағы апатты-құтқару жұмыстарына ТО ТЖД-нің жеке құрамынан 138 адам, 8 техника (1 ГАЗ-66, УАЗ-390995), Шымкент қаласынан «ОСО» ММ 5 адам, 2 дана қайық, 1 техника, 2 дана вахталық автобусы, жеке құрамнан 12 маман, 4 дана МП-100 мотопомпасы, 2 үрленбелі қайық, 10 Л-1 жиынтығы (сүңгуірлер киімі) келгенін хабарлады. Сонымен қатар Ұлттық гвардияның 6506 бөлімшесінен 300 адам, 300 орындық 6 автобус, 120 орындық В, вахталық 4 КаМАЗ, аудандық полиция бөлімінің 7 техникасы мен 70 қызметкер, жергілікті атқарушы органнан 40 қызметкер, 5 техника тартылған.
Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Дінмұхамед Аязбековтың хабарлауынша, жағдай әзірше тұрақты. Адам шығын жоқ.