Ұлттық құндылықтарымызды сақтай отырып, санамызды жаңғырту, жадымызды дамыту – дүниежүзілік өркениет кеңістігінде жойылып кетпеудің шарты. Осы тұрғыда 2017 жылғы 12 сәуірде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы шыққаны белгілі.
Рухани санаға соны серпін әкелген бағдарламалық мақала аясында елеулі істер атқарылып, нақты жобалар жүзеге асты. Бұл бағдарламада таяу жылдардағы міндеттерді саралап көрсеткен кезде жазуымызды біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керектігін, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша 100 оқулық жобасын қолға алу қажеттігін, отаншылдықтың кіндік қаның тамған жерге деген сүйіспеншіліктен басталатынына байланысты «Туған жер» бағдарламасын бастау орындылығын, бүгінгі замандастарымыздың жетістіктерінің тарихына назар аудару мақсатымен «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын жүзеге асыру жөн болатынын айтқаны бұл саладағы нақты істерге түрткі болды.
Жалпы, халықтың рухани жаңғыруы – мәңгілік жүретін үдеріс. Бүгінгі күні бағдарламаның 6 бағыты бойынша 13 арнайы жоба іске асырылып жатыр. Ұлттық құндылықтарды жүйелеп, салт-дәстүрімізді, руханиятымызды жаңғырту мақсатында атқарылған игі істер мол.
Бүгінде өмірдің салты өзгереді. Өмірдің салты өзгерсе, адамның қалпы да өзгеруі керек. Бұл арада далалық дара да дана дәстүрлерге берік, соның арқасында небір қиындықтарды еңсеріп келген халқымыз дәстүршілдік пен кертартпалықтың аражігін айыра білгені абзал болар еді дейміз. Дәстүрдің де озығы бар, тозығы бар. Озығынан үйренген, тозығынан жиренген жұрт қана мына жаһандық жанталаста жеңіп шыға алады. Жедел жүріп жатқан жаһанданудың арқасында бізге өзгелердің тәжірибесін алып, ең озық жетістіктерін бойға сіңіру мүмкіндігі беріліп отыр.
Дәстүрлі қазақ қоғамында жас ұрпаққа тәрбие беру процесінде оларға тарихи білім беру негізгі міндет болып есептелді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ болмысының келесі бір ерекшелігі – оның тарихшылдығы. Қара халықтың тарихтан хабардарлығы мейлінше жоғары болған. Керек десеңіз, білім институттарының дамыған жүйесі бар бүгінгі күннің өзін бұрыңғы қазақтардың санасындағы жаппай тарихшылдықпен салыстыруға болмайды», деп жазды. Тарихи білімі бар азаматтың мәдениетті, білімді, жан-жақты адам болып өсетіндігі белгілі. Өз халқының тарихын білген жас өскін елін сүйген, халқының қамын ойлаған, жерінің жаңаруы, гүлденуі жолында күрескер болып қалыптасады.
Елбасының аталған мақаладағы ең басты көңіл бөлген мәселесі – тарихи сананы жаңғырту. Тұңғыш Президент оны бірнеше ірі жобалар арқылы дамыту қажет деп санайды. Ол жобаларды төмендегіше көрсетіп берген: «Архив – 2025»; «Ұлы даланың ұлы есімдері»; «Түркі әлемінің генезисі»; «Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі»; «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы»; «Тарихтың, кино өнері мен телевизиядағы көрінісі».
Бұл аталған жобалар біздің еліміздің тарихи жылнамасындағы ақтаңдақтарды қайта қалпына келтіруге жол ашқан 2003 жылы жарияланған «Мәдени мұра» бағдарламасының жалғасы болып табылады. Жалпыға бірдей тарихи білімге қол жеткізу мен рухани жаңғыру – тығыз байланыстағы өзара кіріктірілген құндылықтар. Олар қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға зор әсер етуімен қатар ұлттық қауіпсіздігіміздің, бәсекеге қабілеттілігіміздің нығаюына үлкен үлес қосады.
Қазір уақытты бос өткізуге, бейғамдыққа салынып, еркінсуге тіпті де болмайды. Бүгінгі жағдай Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атап айтқандай, «Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүние танымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес» екенін тағы да атап өтті. Сайып келгенде, қабылданған «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламаларын жүйелі түрде жүзеге асыру, қазіргі Қазақстанның әлемдік өркендеуінің жолы.
Самат ЕСҚАЛИЕВ,
Astana IT University профессоры