Майдан даласында от кешіп те, тылда аянбай тер төгіп те Жеңіске үлкен үлесін қосқан әкеміз Абузәкір Жақияұлын әрдайым еске алып отырамыз.
Әкем 1925 жылы Семей облысы, Аягөз ауданы, Батпақ ауылында дүниеге келген. Аягөз қаласындағы №8 қазақ орта мектебін бітіре салысымен, 18 жасқа толар-толмастан соғысқа аттанып кетіпті. Комсомолға ертерек өтем деп екі-үш айды қостырып алса керек.
Ол өзінің естелігінде 1941 жылы соғыс бастала салысымен шекарадағы алғашқы шайқастарға тап келгенін айтып отыратын. Сол тұста қару-жарақ жетпей, құр аттандап талай боздақ қыршын кеткен екен. Тәртіп тым қатал болып, бір адым артқа шегінгендерді өзіміздікілер-ақ атып тастаған оқиғалар болыпты.
Қанды майданда әкеміз бір аяғы ақсап, оң жақ иығынан жараланып, елге оралды. Елге келгеннен кейін де жаралы екеніне қарамай, еңбекке араласып кеткен. Ол кісі өле-өлгенше Сталинді ерекше қадір тұтып өтті. Төрімізде үлкен суреті ілініп тұратын.
Әкем Семей облысы Сергиополь ауылына қарасты Батпақ ауылында есепші болып жұмысқа орналасады. Анамызбен үйленгені де қызық. Аягөздегі Ләззәт апайының үйіне барып жүріп, Сейіт жездемнің немере қарындасымен танысады. Ол кезде жасының өтіп кеткеніне қарамай соғысқа жіберген әкесінің орнына анам үйіне бас-көз болып, Аягөз депосында оқ құятын жерде жұмыс істеп жүреді. «Стахановшы» аталып, сыйлыққа көмір алып едім деп айтып отыратын. «Ол кезде қар қалың болатын. Таңертең Аягөзден шығып ат-шанамен Батпаққа зорға жеткенбіз. Той жасап, үйлендік. Сонда дастарқанда әр жерде шашылған құрттан басқа түк жоқ. Бірақ қазақша, орысша ән салып, би билеп таң атқанша тойладық. Керемет көңілді болып еді» дейтін.
«Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін!» деп ұрандатып жүріп тылдағы тапқан-таянған нәрселердің бәрін майданға жіберген. Өздері қырманда істесе де бір уыс бидайға зар болыпты. Соғыстан кейін әкемді Ақшатау ауылына қызметке жібереді.
Әкем домбыра, мандалин, балалайка, баянның құлағында ойнап, ән шығарып, ән салған. Соғыстан бұрын Алматыдан кісілер келіп, жер-жерді аралап, қазақтардың арасынан өнерлі балаларды іздеп, оқуға жинаған екен. Сол тізімнің ішінде менің әкем де, қарындасы Қайныкен де болыпты. Бірақ апам жібермей қойыпты. Әкем кейін «әй, сол кезде апам жіберсе ғой, бәрі басқаша болар ма еді» деп балалайкасын тартып-тартып жіберіп, еске алып отыратын. Осындай өнерлі әкем тірлікке келгенде де епті кісі болды. «Бір жалақыға телміріп отыратындарға таңғалам» дейтін. Қоңыртаудағы үйді де өзі салдырды. Жаз болса шөп шаптырып, үй жанында бақша салатын. Шағын ұстаханасы бар. Темірден түйін түйетін. Жоқтан бар жасап, бір темірмен екіншісін жалғап, өзіне керекті құрал-сайманды қолма-қол жасап алатын. Төрт түлік малды былай қойып, қоян, үйрек, қаз, ең аяғы арқардың жетім қалған қозысын да үйге әкеліп асырағаны есімде. Біздің бақшада жаз бойы картоп, сәбіз, қияр самсап тұратын. Бәрінің амалын табатын. Әлі күнге дейін сол кісінің еккен талдары үй жанында жайқалып тұр.
Ауылдағы ағайын әкемді Әукен деп атайтын. Қоңыртауға үй салып жатқанда кісілер «Жұрт үйді қалада салатын болса, Әукеш далада салады» деп күледі екен. Оларға әкем «Мен тау тағысымын, ешкім маған бұйырып сөйлей алмайды. Еш уақытта біреуге жаутаңдап, біреуге жалпақтап көрген жоқпын» дейтін. Расымен солай еді. Далада отырып қаладағылардың барлық жұмысын бітіріп беретін. Тәуелсіздік алып, жұрт жан-жаққа көше бастағанда да әкем сол Қоңыртаудан қозғалмады. Ақсақалмен амандасамыз деп Сапар Байжанов, Жәнібек Кәрменов, Көпен Әмірбековтер арнайы келіп, Қоңыртауға атбасын тірейтін. Әкем «Қоңыртау – қасиетті жер. Тау-тасы тарихқа тұнып тұр. Барлық жерде жұт болып жатқанда Қоңыртау аман шығып отырған» дейтін. Расымен, Дулат Бабатайұлы жатқан қасиетті топырақ, таңбалы тастармен көмкерілген Қоңыртау тарихы әлі де зерттелері анық.
Қазір қара шаңырақтың түтінін түтетіп үлкен ағам Қуаныш ұлдары Ұлан мен Асыланмен бірге сонда отыр. Әкемнің жолын қуған бауырым Қабыштың ұлы Алмас Абузакиров әскери полиция қызметкерлігінен зейнетке шыққан. Әлі күнге дейін жұрт ауылға әкем салып кеткен жол «Әукеннің жолымен» қатынайды.
Дариға ЖАҚИЯНОВА
Семей